«Дидардың» қонағы

Болатбек ДАУЫМОВ, волейболдан облыс жасөспірімдері құрамасының Бас бапкері: – Волейбол – ақыл мен ойдың ойыны

Болатбек ДАУЫМОВ, волейболдан облыс жасөспірімдері  құрамасының Бас бапкері: - Волейбол - ақыл мен ойдың ойыны


Соңғы онжылдықта еліміздің Шығыс өңірінде жедел әрі жақсы дамып келе жатқан спорт түрлерінің бірі – волейбол. Әсіресе, ел чемпионаттарында бір емес, бірнеше дүркін жеңіс жалауын желбірете білген жасөспірімдер құрамасына жанкүйерлері разы. Ол жастарды жарысқа кімдер, қалай әзірлейді, олардың жол шығындары кімдердің мойнында, жергілікті басшылықтың бұл спорт түріне көзқарастары қалай? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп команданың бас бапкері Болатбек Дауымовқа жолыққан едік.

Сырт тұлғасы серпіліп кеп доп соғатын волейболшыдан гөрі бура санды балуандардың бапкеріне көбірек келіңкірейтін Бөкеңді жаттығу залынан таптық. Шәкірттерінің біріне қол добының былайғы жұрт біле бермейтін қыры мен сырын тәптіштеп, енді біреулеріне допты қабылдауды немесе қарсы жаққа нәтижелі асыра білуді көрсетіп жүрген бапкер бізді байқар емес. Жалпы, бұлар үшін жұрт қатарлы сенбі-жексенбі немесе мереке күні деген мамыражай ұғым жоқ. Күніне төрт, әйтпесе бес сағат ақ тер, көк тер боп жаттығу жасау – қандарына сіңіп кеткен әдеттері. Тіпті, сырттан келген адамға қарауға да мұршалары жоқ. Өздерімен-өздері бітіп бермес бір әуреге түсіп жатқан жандар…

НАМЫСТАН ҚҰРАЛҒАН ҚҰРАМАНЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІСІ

– Бөке, спортқа бала күніңнен құмар болған шығарсың. Ол кездегі ауыл спорты мен бүгінгіні салыстыруға бола ма?

– Біз мектепте оқыған, сонау кеңес үкіметінің кезінде мектептерде қандай спорттың түріне болмасын ерекше көңіл бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар шаңғы, коньки дейсің бе, доп түрлері артығымен болатын. Мысалы, денешынықтыру пәнінде бір кластағы 20-30 бала шаңғы тебуге шықса, біреуі шаңғысыз қалмайтын. Коньки де, доп түрлері де солай. Қазір байқап жүрем, облыс орталығындағы қайсыбір ірі мектептерде болмаса, ауылдық жерлерде ондай молшылық жоқ. Спорттық құрал-жабдықтарға жұтаң.

– Өзің спорттың қай түріне әуес болдың?

– Мектеп қабырғасында жүргенімде әсіресе, шаңғыға, сосын жеңіл атлетикаға әуестеу болдым. Оным нәтижесіз де емес еді. Аудан біріншілігінен бір емес, бірнеше рет жеңімпаз атанған кездерім де бар. Сосын, әлі есімде алтыншы сыныпты бітірген жылы Алматыдағы Қажымұқан атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектебінен арнайы мамандар келіп, ауыл-ауылды аралап жүріп, спортқа бейім балаларға іріктеу жүргізді. Іріктеуде жеңіл атлетика бойынша мен де сол мектепке қабылданған едім. Бірақ маған ол мектепте оқуды жазбапты.

– Неге?

– Сол жылы ойламаған жерде жүрек талмасынан әкем қайтыс болып кетті де, Алматыға бара алмай қалып қойдым. Ал сондағы іріктелгендер арасынан кейін спорт шеберлері шыққанын білем.

– Сонымен, мектеп бітірдің?

– Иә, ауылдан ұзап көрмегенбіз, Өскеменге келдік. Орысшамыз шамалы. Бір есімде қалғаны, сол жолы мына пединституттың денешынықтыру факультетіне бүкіл облыстан 460 бала құжат тапсырыпты. Әлгінің бар болғаны 75-сі ғана оқуға қабылдануы тиіс. Сосын, спортфакқа кім көрінген құжат тапсырмайды ғой. Барлығы да бір-бір елдің мықты спортшылары. Спорттың үш шақырымға жүгіру, найза, ядро лақтыру, турникке тартылу, гир көтеру секілді сегіз түрінен норматив тапсырдық. Бір тағалатыным, ол кезде қазіргідей «нені болсын ақшаға сатып ала салу, таныс-тамыр арқылы оқуға түсіп кету», – деген секілді, қазақылап айтқанда бармақ басты, көз қысты әрекеттер болмайтын. «Кім мықты, кім қабілетті сол оқуға түседі», – деген принцип болды. Сол принцип бойынша есептегенде 460 баланың ішінен менің көрсеткішім екінші болды. Мұны сол жердегі спорт мамандары мен қабылдау комиссиясы өте жоғары бағалады. Сөйтіп, студент атандық. Күнде сабақ, күнде спорт деп жүріп бес жылдың қалай өте шыққанын да байқамай қалыппыз.
Оқуды бітірген соң осы Өскеменнің өзіне жұмысқа шақырған жерлер көп болды. Бірақ мен өзімнің еңбек жолымды туған жерім Зайсан ауданынан бастадым.

– Волейболға қай кезден бастап ден қойдың?

– Заманның ағысы солай болды ма, әлде дәмнің тартқаны ма, әйтеуір, 1997 жылы Өскеменге қоныс аударып, 43- мектепке жұмысқа орналастым. Менің волейболға ден қоя бастағаным да сол кезден басталды. Ол кезде спорттың қай түрінен болсын қазақ мектептерінің балаларына орыс мектептерін ұту өте қиын болатын. Өйткені, қазақ мектептері мен орыс мектептерінің материалдық базасы, басқа да мүмкіндіктері жер мен көктей еді. Қазақ мектептерінде спорттық керек-жарақтар жоқтың қасы болды. Барының өзі орыс мектептерінен қалған-құтқан, ескі-құсқы, жамау-жасқау бірдеңелер. Сол кезде ел арасында әсіресе, орыс тілділер арасында: «Қазақ балалары дарынсыз, спортқа бейімдері жоқ» – деген секілді намысқа тиетін мысқыл, кекесін сөздер айтылып жүретін. Қазақ «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді», – демейтін бе еді. Бұл сөздерге біз де намыстанып жүрдік. Бірақ қолыңнан келетін нәрсені іспен дәлелдемесең, құр намыстанғаннан не пайда? Содан, спорттың маңында жүрген қазақ жігіттері өзара ақылдаса келе, бір-біріміздің намысымызды қамшылап, шәкірт тәрбиелеуді қолға алдық. Ақыры еңбегіміз далаға кетпей, 1999-2000 оқу жылында волейболдан мектеп оқушылары арасында облыс бойынша екінші орынға шықтық. Бұрын-соңды орын алғанды қойып, жарысқа бірде қатысып, бірде қатыспай жүретін қазақ балаларының бұл жеңісі – сол кезде сенсация болды десе де болады.

– Қаладағы қазақ біткен бір серпіліп қалған екен?

– Айтпаңыз, дәл солай болды. Сол намыстан құралған құрамадағы қазақтың жасөспірім ұл-қыздарын осы күнге дейін шоққа салған болаттай шыңдап келеміз деуге болады. Қазіргі жеңімпаз атанып жүрген облыс жасөспірімдері волейбол командасының осы жетістіктерге жетуіне бірден-бір мұрындық болған белгілі бапкер, ұзақ жыл гуманитарлық колледжді басқарған Нұрлан Әскетаев ағамыз. Менің осы колледжде жаттықтырушы боп қызмет етіп жүргеніме биыл 13 жыл болғандықтан, ол кісінің волейболға сіңірген еңбегін бір адамдай білемін.

– БӘСЕКЕ БАР ЖЕРДЕ ШЕБЕРЛІК ШЫҢДАЛАДЫ

– Жалпы, спорт жастарға не береді?

– Кез келген спорт әсіресе, жасөспірімдерге тәрбиенің таптырмайтын құралы ғой. Спортқа келген бала ең әуелі алдына белгілі бір мақсат қояды. Сосын, осы спортпен айналысу барысында не нәрсеге төзімділікпен қарай білу, намысын жібермеу, бойындағы бар мүмкіндігін сарқып көрсете білу деген секілді жақсы қасиеттерді бойына сіңіре береді.

– Ал волейболдың өзге спорт түрлерінен ерекшелігі неде?

– Біріншіден, волейбол – интеллектуалды ойын. Яғни, алаңдағы әр қимылыңды ақылға алып, ойлап жасауды талап ететін командалық ойын. Бір команда ойыншыларының бір-бірінің қимыл-әрекетін айтқызбай ұға біліп, шабуылға шығарда немесе қорғанатын сәттерде ойынның қалай өрбитіндігін сезініп, әріптестің не ойлағанын алдын ала болжай отырып, қызғылықты да тартымды ойын өрнегін ұсыну.

– Ойын тәсілдеріне баулудан бөлек, бапкерге тағы қандай жауапкершіліктер мен міндеттер жүктеледі?

– Бір жарыс пен бір жарыстың арасындағы моншақтап төгілген тер мен есепсіз уақыттың өтеуі – жеңіс. Ал жеңістің оңайшылықпен келмейтінін өзіңіз жақсы білесіз. Жарысқа қатысатын кез келген облыстың командасы жеңімпаз болуды көздеп келеді. Бапкердің жаттығудан бөлек, әсіресе, үлкен жарыс алдында жадында мықтап ұстайтын аса маңызды бір дүниесі – ойыншыларды алдағы жарысқа психологиялық тұрғыдан әзірлей білуі. Бірінші кезекте команданың жеңіске жететіндігіне шек келтірмей, оның өзгелерден мықтылығын, артықтығын және басқа да ерекшеліктерін жаттығу сайын айта беру керек. Сосын, әр ойыншының өзіндік мінезі, денсаулығы, жеке басының мәселелері болатындығын ескеріп, әрқайсысымен жеке-жеке әңгіме өткізіп, міндетті түрде ата-аналарымен да жиі хабарласып тұрамыз. Өйткені, басында бір проблемасы бар ойыншы өзі ойын алаңында жүргенімен барлық ой-санасы басқа жақта болады да, бүкіл команданың нәтижелі ойынына нұқсан келтіреді.

– Облыс басшылары тарапынан волейбол спортына қолдау қалай?

– Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы өзі де спортқа жақын адам болған соң облыстағы спорт түрлерін «олимпиадалық, ұлттық, студенттік, бұқаралық ойындар», – деп сала-салаға бөліп, бір жүйеге енгізіп қойды. Қазір әр саланың жауапты адамдары бар. Біздің жасөспірімдер арасындағы ел чемпионаты жылдың төрт мезгілінде, яғни, оқушылардың демалысы кезінде жүйелі түрде өткізіліп тұрады. Жарысқа барған спортшылардың күнделікті ішетін ас-ауқаттары, барған жерлерінде жататын орындары бәрі қаражат. Осыны облыстық білім мен денешынықтыру және спорт басқармасындағы басшылар дұрыс түсініп, мүмкіндіктерінше әр чемпионатқа барған сайын қолдау білдіріп келеді. Ол үшін алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ендігі бір ұсыныс – болашақта колледждер арасында волейболдан өзара сайыстар өткізілсе. Бұл бір жағынан талантты спортшыларды дер кезінде танып-білуге мүмкіндік туғызса, екінші жағынан бәсекелестікті арттыра түсетіні сөзсіз. Ал бәсеке бар жерде шеберлік шыңдалады.

– Жарыстарда бұра тартушылықтар бола ма?

– Ондай жағдайлар спорт болған соң болып тұрады. Қазір ірі жарыстардың барлығына бақылау камералары қойылады. Сосын, ойын соңынан жіберілген қателіктер мен кемшіліктер төрешілер коллегиясында талқыланып, егер төреші айқын бұра тартушылыққа барған болса, дисквалификацияға жіберіп, бір жылға дейін төрелік ету құқығынан айырады. Сондықтан төрешілер бір рет бұра тартып, көпшіліктің сенімнен айырылғаннан гөрі, болашақтағы абыройларын ойлайды.

– Ауыл спортына қандай қолдау қажет деп ойлайсың?

– Біздің облыс спортшыларының бір мақтанышы әрі дәтке қуат ететіні – жыл сайын облыс әкімінің жүлдесіне өткізілетін облыстық спартакиада. Оның негізі тәуелсіздікке дейін қаланған. Содан бері дәстүрлі түрде, біздің облыста ғана өткізіліп келеді. Бұл – өңіріміздегі спорттың даумына зор үлес қосып келе жатқан үлкен шара. Ал ауыл спортын осы спартакиадамен-ақ дамыта береміз деуге болмайды. Қазір спорт түрлерінің ережелеріне көптеген өзгерістер еніп жатыр. Сол себепті, жаттықтырушыларға да, спортшыларға да жаңа талаптар мен шарттар қойылуда. Осы тұрғыдан алғанда ауыл спортын дамытуға өзіндік үлесін қосады-ау деген ұсынысымның бірі – барлық аудандардағы денешынықтыру мұғалімдерінің бастарын қосып, жыл сайын жоқ дегенде екі апталық семинар, шеберлік сыныптарын (мастер класс) өткізсек. Онда олар білмегендерін бір-бірлерінен сұрап, білгендерін ортаға сап, тәжірибе, шеберлік алмасар еді.

– Сөз соңында «Дидар» газетіне не айтасыз?

– Газеттің ұжымына шығармашылық табыстар тілеймін. Оқырмандарыңыз көбейе берсін. Біздің азғантай ғана жеңісімізді дардай қылып беріп жатасыздар. Сол үшін рақмет, сіздерге!

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button