«Дидардың» қонағы

Болат Салықбаев, ардагер журналист: – Журналистикадағы жауапкершілікті ешқашан ұмытқан емеспін.

Болат Салықбаев, ардагер журналист:  – Журналистикадағы жауапкершілікті ешқашан ұмытқан емеспін.


Шығысқа танымал қаламгер, ардагер журналист Болат Салықбаев жетпіске толады. Аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық мерзімді бұқаралық ақпарат құралдарының бәрінде қаламының ізі қалған, жауапкершілігі мол қызметке ғұмырының елу жылын арнаған ағамыздың Ұлан ауданының орталығы – Қасым Қайсенов кентіндегі шаңырағына арнайы барып құттықтап, сұхбаттасып қайтқан едік.

Алғашқы мақалам еш өзгеріссіз басылды

– Болат Сағдаұлы, келе жатқан жетпісіңіз қайырлы, құтты болсын! Биылғы қарашаның алтысында журналистік қызметіңізге тура 50 жыл толған екен. Бұл қаламгер үшін үлкен бақыт қой.

– Облыстық «Дидар» газетінің бас редакторы Уәлихан Тоқпатаев менің жақында шыққан кітабыма жазған алғы сөзінде: «Шығармашылықпен, оның ішінде жазумен айналысатын әрбір адамның өзіндік стилі мен мәнері болады. Болат Сағдаұлының да жылдар бойы қалыптасқан өзіндік стилі бар», деп жазған екен. Сол айтқандай, мен де ешқашан әсірелеп, төгілтіп жазуға әуес болмадым. Шамам келгенше, әдеби тілдік қорымды қалыптастырып, нақты деректермен дәйекті дүниелер жазуға тырыстым. Осы уақыттың ішінде бірнеше жыл аудандық газетте аудармашы болдым, тоғыз жылымды аудандық радиоға арнадым. Келесі он үш жылда, яғни 1978 жылдан бастап «Дидар», сол кездегі «Коммунизм туында» Үлкен Нарын, Катонқарағай, Зырян аудандары және Зырян қаласы бойынша меншікті тілші болып қызмет еттім. Заман ауысқан, күйзелісі көп 1991-94 жылдар аралығында Үлкен Нарын аудандық «Еңбек туы – Знамя труда» басылымын басқардым. Одан кейінгі жылдарда облыс орталығы Өскемендегі қалалық телеарналарда, газеттерде, халықаралық басылымда еңбек еттім.

– Облыстық газетпен байланысыңыз қалай басталды?

– Облыстық газетке келуімнің өзі қызық болды. Бірде аудандық радиода бірге істейтін әріптесім, жарықтық Оралхан Жайлаубаев Қаба кеңшарынан сауыншылар туралы дайындаған репортажымды облыстық газетке жолдауымды өтінді. «Маған сенсең, осы мақалаң өзгермей, тұтас шығады», деді. Сөйтіп, келістік те, поштамен қоя бердік. Айтқанындай-ақ, еш өзгермей «Коммунизм туында» жарқ ете қалды. Содан бастап «облыстық газетке жазуға шамам келеді екен ғой» деген сенім қалыптасты. «Коммунист белсенділігі – ұйым беделі» атты мақалам да өзгеріссіз басылды. Газеттің Серік Ғабдуллин басқаратын партия тұрмысы бөліміне жазып тұрдым. Ол шақта партия тұрмысы жетекші тақырыптардың бірі еді. Артынан «Қалжыр» кеңшарының озат шопаны Қалел Құдыкенов жайында «Дала тұлғасы» атты суреттемем де газетке шығып, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Қапар Қабаевтың тарапынан лездемеде оң бағасын алды. Байланысымыз осылай басталды. «Коммунизм туының» бас редакторы Омарбек Қайсанов қызметке шақырып, содан 13 жыл өңірдегі бас басылымның жоғарыда аталған аудандардағы тілшісі болдым.

– Сіздің әулеттен журналистер көптен шыққанын білеміз. Туған ағаңыз Сағатбек Салықбаев – Марқакөл аудандық газетін ұзақ жылдар басқарған, екі тілде бірдей жазған адам. Әкеңіздің інісі Сәбіға – Марқадан шыққан алғашқы журналистердің бірі. Солардың ықпалы болды ма, әлде журналистикаға жүрек қалауыңызбен келдіңіз бе?

– Жоқ, олай деп айта алмас едім. Бұған дейінгі естеліктерімде айтқанымдай, жас кезімде заңгер болуды армандадым. Себебі, 19-40 жылдары әкем Сағда – Зайсан ауданында прокурор, Марқакөл аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған, білімді, зиялы адамдардың бірі болды. 1966 жылы мектепті бітірген соң оқуға бара алмай, Қарой кеңшарында бір жылдай жұмыс істеп жүргенде, 1967 жылы қарашаның алтысында аудандық «Шамшырақ» газетіне аудармашылық қызметке шақырды. Қазақ мектебін бітірген, орысшаға шорқақ қазақ баласы болғандықтан, басында жүрексіндім. Газет редакторының орынбасары болған марқұм Сайлаубек Жанәбілов ағамыз үйретіп, тәрбиеледі. Ол кісіні алғашқы ұстаздарымның бірі деп есептеймін. Әкемнің туған інісі Сәбіға ағамыз Зайсан ауданында алғаш ашылған «Социалистік жол» аудандық газетінде тілші болды. Өзің айтқан туған ағам Сағатбек жастайынан оқу қуған, жазуға аса бейімі бар жан болды. Орысшаға өте жүйрік еді. 23 жыл аудандық газетті басқарды. Анамның әкесі Рахметолда атамыз да өнерге өте жақын, әнші, ақын, домбырашы болған адам екен. Мүмкін сол жақтан да дарыған болуы керек. Тағдырдың соқпағы солай болған шығар, журналистикада жүргеніме еш өкінбеймін.

Менің әкем өте әділ адам

– Өмір жолыңызбен, шығармашылығыңызбен жете таныс адам сізді тура жүретін, кемшілікті бетке айтатын, үнемі бір ұстанымның адамы, жағымпазданудан ада жан екеніңізді жақсы біледі. Мұндай жандарды қатты құрметтейсіз. Бұл туа біткен қасиет пе, әлде өмір солай үйретті ме?

– Негізі, қанмен берілген деп айтуға болатын шығар. Әкеміз сондай адам болған екен. Айтатын жерінде айтып тастайтын мінезінен көп ел жасқанатын болыпты. Бірақ өте әділ адам болған. Ауылға уәкіл болып келгенінде ақсап жатқан шаруаларды көріп, жауапты адамдарды қатты сынға алады екен. Ол кісі туралы халық арасында кезінде «Салықбаев Сағда, келеді ғой тағы да. Астықты жинамадың деп, ұрады ғой тағы да» деген әзіл-шыны аралас тіркестер тарапты. Ал жалпы журналист болып қызмет атқаруды өз басым қоғам, халық алдындағы үлкен жауапкершілік деп түсінемін. Сондықтан кемшіліктерді батыл, дұрыс жазуды өз ұстанымыма айналдырдым.

– Осы қасиеттеріңіз үшін теперішті де аз көрген жоқ шығарсыз? Талай марапаттар алыстап, кей адамдар теріс айналып кетті дегендей…

– Әрине, белгілі бір деңгейде оның да өз әсері болды. Біршама қиындықтар туындады. Мысалы, «Коммунизм туында» меншікті тілші болып жүргенде, мұндай жағдайлар көп болды. Әсіресе, баспасөзге жазылуда жоспар қазақ тілді газеттерге аз беріліп, басымдық өзгелерге жасалатын. Қазақтар газет оқымайды, қазақша сөйлемейді деп сылтаурататын биліктегілер. Соны айтқаным үшін де аудандағы жауапты басшылармен талай рет сөзге келістік. Әсіресе тіл мәселесіне байланысты сын материалдарды көбірек беруге тырыстық. Мұның бәрін кітабымда келтіргенмін.

– Сіз ғасыр ауысар тұста ауданнан облыс орталығына қарай қоныс аудардыңыз. Бұл жақта газетті, радионы былай қойып, енді телеарнаны қолға алыңыз. Белгілі бір тілшілер шоғыры қалыптасқан қалалық «Қалкен-ТВ», «Өскемен -31 арна» арналарында жемісті еңбек етіп, талай деректі, танымдық хабарларды жарыққа шығардыңыз. Осы жөнінде айтсаңыз.

– Тележурналистикаға бірден бара қоям деген ой болмаған. Тоқсаныншы жылдар аяғында қалаға көшіп келдік. Жұмыс табу ол кезде қиындап тұрған. Жолдасым Нүриманға аудандық газеттен бірден орын табыла кетті. Өзім іздеп жүрдім. Сол сәтте осы «Қалкен-ТВ-ға» жұмысқа шақырды. Елуден асқан шағымда телеарна осы теңім бе еді деген күдік те болды. Бірақ арнаның атқарушы директоры Людмила Малько «Болат Сағдаұлы, ештеңе етпейді, үйреніп кетесіз. Сіз туралы жақсы ақпараттарымыз бар», деп жылы қарсы алды. Мұнда да аздап қинала жүріп, жарты жылдан соң қалыптаса бастадық. Әсіресе тарихтағы Сталин, Рузвельт және Черчильдің кездесуінде құрметті қарауылда тұрған қазақ Қабдолда Асылбаев туралы орыс тілінде жасаған хабарым сәтті шығып, көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды, басшылық та үлкен сенімін білдірді. Сөйтіп, кірісіп кеттік.

Болат Салықбаев, ардагер журналист:  – Журналистикадағы жауапкершілікті ешқашан ұмытқан емеспін.

Ұстазы мықтының ұстанымы мықты

– Жекеменшік телеарнада жүріп өңірлік тележурналистер арасында алғашқы болып еліміздің жүрегі Астана туралы деректі хабар жасадыңыз. Бұл – Астана туралы тұңғыш фильмдердің бірі. Бұл мемлекеттік тапсырыс па еді?

– Жоқ, таза өзіміздің шығармашылығымыздан туындаған, Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған хабар болатын. Сәтімен шығып, өз бағасын алды кезінде. Ал кейін қалалық 31 арнада істеп жүргенде, «Астана – елімнің жүрегі» деген тақырыппен қайта айналып соғып, тамаша бір әдеби-музыкалық әдемі дүние жасап шықтық. Сандық технология толық дамымаған уақытта жасалса да, мұны да көрермендер жылы қабылдап, лайықты бағасын алды. Осындай еңбектерім ескеріліп, 2004 жылы облыс әкімінің сыйлығын иелендім.

Журналист ең алдымен жаза білу керек қой. Өз ісіне жауапты болғаны дұрыс. Сондықтан шамам келгенше, жазуды енді бастаған жастарды әр кезде үйретіп жүрдім. Олардың алды үйлі-баранды болып, басшылыққа да келе бастады. Аида Жабағиева, Олжас Керей, Берік Көшербаев, Жанар Сәбитова, Досжан Омархан және басқалар – солардың алдыңғы легі. Мұны да осы саладағы жетістіктерімнің бірі деп есептеймін. Жалпы, өз басым адамдар арасындағы сыйластықты, дұрыс қарым-қатынасты бірінші орынға қоямын. Жақында Астанада қызмет істеп жүрген Жомарт Айтқазы деген шәкіртім әлеуметтік желіде «Болат аға басшыдан гөрі ұстаздыққа бейім болатын» деген пікірін білдіріпті кітабымды оқып.

– Шығармашылығыңызға 50 жыл, жетпіс болса есігіңізді қағып тұр. Осы даталарға орайластырып, «Тағдыр мен тағылым» атты екінші кітабыңызды шығардыңыз. Бұл оқырмандар алдындағы есеп беруіңіз бе?

– Елу жылда біраз тәжірибелер жинақталды. Өзім де тағылым алған дүниелер көп болды. Әсіресе қай заманда болмасын еңбек адамдарына баса мән беріп, бірінші кезекте соларды көрсетуге тырыстым. Себебі өмірдің өзі еңбекпен жарасымды, еңбекпен әдемі ғой. Мемлекет басшысы да өз сөзінде, Жолдауларында еңбек адамдарын қадірлеуді, оларға құрметпен қарауды үнемі тапсырып келеді.

Өкініштісі, қазір көптеген БАҚ-тар тек ақпарат берумен, телеарналар ойын-сауық, шоу-думан бағдарламалар жасаумен айналысып кетті де, осы жағы ұмыт қалып барады. Көп дүниелерді шығару ақылы болып кетті телеарналарда. Қоғамда да шешімін таппаған, кемшін дүниелер, әттеген-айлар әлі де көп. Сондықтан осының бәрін екшеп, сұрыптап жинастыра келе, жинақ етіп ұсынуды жөн санадым.

– Журналистің шығармашылығы, қызметінің дұрыс болуы, белгілі бір жетістікке, мақсатына жетуі отбасына, тілеулес қамқоршыларына көп байланысты ғой. Отбасыңыз туралы білсек.

– Ол жағынан жолым болды деп айта аламын. Жолдасым Нұриман Әміртайқызы да – журналист. Ұзақ жылдар Марқакөл, Үлкен Нарын, Ұлан аудандық газеттерінде істеді. Бірінші оқырманым, көрерменім де, кеңесшім де – осы кісі. Үнемі түсіністікпен өмір кешіп келеміз. Өзіміз әке-шешеден жеті ағайынды болдық. Қызым Шынар мен ұлым Дидардан Естай, Құралай, Алтынай және Іңкәр атты төрт немере сүйдік. Немерелеріміздің өзі бүгінде шаңырақ көтеріп, Шынар мен күйеубаламыз Мұрат ата-апа болып отыр, Ислам атты жиен шөберелеріміз өсіп келеді. Ұлымыз Дидар ішкі істер саласында, полиция майоры. Келінім Зарина екеуі Іңкәр есімді қыздарын тәрбиелеп жатыр. Сондықтан отбасымда бақыттымын деп толық айта аламын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан – Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button