Ауыл шаруашылығы

Бобровка ауызсумен қамтылады

 

Семей қалалық ақпараттық орталығының хабарлауынша, қала басшысы Ермак Сәлімовтің әлеуметтік желідегі парақшасына Бобровка кентінің тұрғындары өздерін толғандыратын мәселелері туралы жазған екен. Бұл мәселелер қала әкімінің бақылауында тұр. Қала әкімі Бобровка кентінің тұрғындарымен кездесті.

– Осы істі аяқсыз қалдырмай бір ретке келтіргендіктен, бүгінде бірқатар елді мекендер сумен де, жарықпен де толық қамтылып отыр. Ендігі кезек Бобровка кентіне келді. Кенттің жағдайымен толық таныспын. Ауызсу бойынша жобалық-сметалық жұмыстарды қолға алып, арнайы қаражат қарастырып, келесі жылы толық ауызсумен қамтамасыз ететін боламыз. Арнайы су құбырлары үйлеріңіздің алдына дейін тартылатын болады. Мәселе шешілгенше көше бойындағы су колонкалары қосылып тұрады. Сондай-ақ қосымша жарық трансформаторлары қойылады, – деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Қала тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – автобустың сирек қатынауы делінген ақпараттық орталық мәліметінде.

– Алдағы уақытта жаңа автобустар жүре бастайды. Бұл автобустар қысқы-жазғы ауысым деп бөлінбей, жұмыс кестесіне лайық таңертеңнен кешке дейін жүретін болады, –деді қала әкімі.

Сонымен қатар Ермак Сәлімов кенттің тазалық жұмыстарымен де танысты. Қала әкімі қызмет көрсету мекемесіне және полиция қызметкерлеріне айналаны қоқыстан тазарту жұмысын қолға алу жөнінде арнайы тапсырма берді.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button