«Дидардың» қонағы

Біләл Ысқақов, күйші: – Күйді Тәттімбеттің немересінен үйрендім

 Біләл Ысқақов, күйші: - Күйді Тәттімбеттің немересінен үйрендім


Біләл Алпанұлы Ысқақов 1954 жылы 20 қазанда Үржар ауданы, Таскескен ауылында туып, өскен.
Күйші, домбырашы, ғалым. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры.

Нұрғиса « Ой, бәле» деуші еді

-Біләл аға, сіздің есіміңіз жұрт арасында көп кездесе бермейтін сирек есім. Бұл есімді кім қойды екен?
-Менің азан шақырып қойған атым-Біләл. Өзіңізге мәлім, адамзаттың асылы Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) азаншысын осылай деп атаған. Әкем Алпан молда, діндар адам болды. Тарбағатайдың күнгейі мен теріскейіне танымал жан еді марқұм. Емшілігі, көріпкелдігі бар адам болатын. Әсілі, есімімді әкем қойған болуы керек.

-Алпан молда ұлы Біләлдің домбыра үйрене қарсы болмады ма деген сұрақ мазалайды мені.

– Ол кісі менің медицинаға барып дәрігер болуымды қалады. Алайда домбыра менің жүрегімнің ажырамас бөлігі екенін жан-дүниесімен түсінген болуы керек. Таскескенде мектеп қабырғасында оқып жүрген шағымда Аягөздің Сергиополіне, атақты Тәттімбет күйшінің тікелей немересі Шайқы Мұсатайұлының үйіне әкеліп, он шақты күнге тастап кетті. Мен Шайқы ақсақалдан атасы Тәттімбеттің күйлерін үйрендім.
-Ол кісіден Тәттімбеттің қандай күйлерін үйрендіңіз?

-Тәттімбеттің өкшемен шертілетін «Өкше» күйін, «Қосбасардың» 12-ші, 7-ші түрлерін үйрендім. Маған, менің домбыраға құмарлығыма, шерткеніме риза болып отыратын еді жарықтық. Ол кезде көбінесе «Балбырауын», «Көңілашар» секілді төкпе күйлер тартамыз ғой. «Сенен жақсы күйші шығады, балам! Оған негіз де бар. Тек ескі күйлерді көбірек тартқаның жөн болады. Күй деген құбылыс қой. Онымен ойнауға болмайды», – дейтін. Өзі кеңес одағының қудалауына көп ұшыраған, он жыл абақтыда отырған адам еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровпен сұхбаттас болған, Алашорданың Жарғысын жазуға атсалысқан. Мектеп бітірген соң арнайы іздеп барсам, бақилық болыпты марқұм.

-Күйші болуыңызға Шайқы Мұсатайұлы мол әсер еткен екен. Тағы кімдерді ұстаз санайсыз?

– Таскескенде Ысқақ ата мен Сапаржан Торсықбаев, нағашы ағам Қасқырбай (бұл кісі Ақсуатта тұрды) , Уәли Бекенов, Төлеген Момбеков,Тілеш Бәділов, Айтқали Жайымов, Мәлгаждар Әубәкіровті атар едім. Нұрғиса Тілендиевтен де үйрендім. Жалпы, менің ұстаз жағынан жолым болған адаммын. Кейін тіпті, «Отырар сазы» ансамблінде де екі-үш жыл қызмет еттім. Ол кісі менің атымды атап Біләл демейтін. «Ой, бәле» деуші еді. Сонымен, училищені тәмамдап, консерваторияға түстім. Оны «үздік» деген бағамен аяқтаған соң, «Қазақконцертке» жолдамамен жіберген еді. Бірақ мына қолыма бір қотыр шығып, сахнаға жолай алмай қалдым. Сосын бірыңғай ұстаздық қызметпен кеттім. Онда да консерватория ректоры Ғазиза Жұбанова арнайы өзі телефон шалып, ұстаздыққа шақырды. Осы консерваторияда 1986 жылдан күні бүгінге дейін ұстаздық етіп келемін.

 Біләл Ысқақов, күйші: - Күйді Тәттімбеттің немересінен үйрендім

Оқушы кезімде Алматыда алтын жүлде алдым

-Арман қала Алматыға барғандағы сіздің әсеріңіз қандай?

– Таскескенде орта білім алысымен арман қуып, Алматыға консерваторияға келдім. Келсем, қабылдау емтихандары өтіп кеткен екен. Сарқандағы мәдени ағарту училищеде сабақ беріп жүрген Сапаржан ағаны тауып алып, бір жыл сол кісіден дәріс алдым. Тіпті, ол училищеге студент ретінде тіркеп қойды. Қыс өткен соң қайта Алматыға барып, Чайковский атындағы музыка училищесіне түсіп кеттім ғой. Онда түсу өте қиын. Бір орынға 20 баладан келеді…

– Алматыға алғаш баруыңыз осы болды ғой?

– Ә-ә, жоқ. Мектеп қабырғасында жүрген кезімізде, 1968 жылы талантты балаларды іріктеген Семейдегі бір конкурстан марқұм Тұрсынғазы Рахимов екеуіміз ғана өтіп, Алматыға келгенбіз. Бірер күнге интернатқа орналастырды. Тұрсынғазыны оқырман жақсы білуі тиіс, кейін белгілі композитор, әнші болды. Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сәби болғым келеді» деген әннің авторы. Ол ән айтатын болып, мені күй тарту үшін Алматыға әкелген. Алдын ала айта кетейін, сол сайыс қорытындысында мен алтын жүлде алдым. Ауылдан аттанарда әкем Алматыда өзінің шешесінің ағасы Қабыл деген кісі бар екендігін, сол адамды тауып алуымды тапсырып, мекенжайын жазып берген. Бірақ қалада «А», «Б», «В» болып бір нөмірлі бірнеше үйдің болатынын ауыл балалары, біз қайдан білейік. Қолымыз бос күні әлгі қағазда жазылған адрес бойынша Қабыл нағашымның үйін іздеп шығамыз. Бір күні тіпті, кеш батқанша қарадық. Сосын аңқау да адал дос Тұрсынғазы: «Әй, байқаймын, сенің орысшаң өзі дөрекілеу ғой. Былай кішкене жұмсартып сөйлесеңші. Мысалы, «Қабыл» деме, «Кабыла» деп жұмсарт» деген соң, мен енді есік ашқан орыстарға «Извините, здесь Кабыла живет?»деп сұрап жүрмін. Сөйтіп жүргенде бір есіктің қоңырауын басып едік, арғы жағынан кеудесі жүн-жүн, апайтөс бір орыс шығып: «Что надо?» деді. Мен де дауысымды жұмсартыңқырап: «Здесь Кабыла живет?» деп сұрап едім, маңдайыма әлгі неменің жұдырығы сарт еткені бар емес пе! Тұра қаштық. Бірақ ертеңіне сол маңайды тағы қарап жүріп, сүт әкеле жатқан бір шалдан жөн сұрап едік, іздеген нағашымның өзі болып шықты. Міне, Алматыны менің алғаш көрген кездегі оқиғам.

-Әлгінде өзіңізге дәріс берген ұстаздар қатарына Төлеген Момбековті де жатқыздыңыз. Әйгілі «Салтанат» күйінің авторы Төлеген Момбековпен қандай қарым-қатынаста болдыңыз?

– Төлеген әдейілеп Қаратауға іздеп барып, көп сұхбаттас болдым. Өзін «әке» деп атадым. Көзі тірісінде күйлерін нотаға түсіріп, «Салтанат» деген кітабын шығардым. Ол кісінің қызық мінездері бар еді. Бірде екеуміз шабындықта шалғымен шөп шауып жүр едік, екі қолымен құлағын басып, тұра жүгірді. Аңдап басып, артынан барсам, домбыраны қолға алып, әлдебір әуенді ұстай алмай, ыңылдап шертіп отыр екен. Мұндайда кедергі жасамау керек, шегіншектеп артқа кетіп қалдым… Түсте болған жайды сұрасам, «Толқын» деген күйдің алғашқы әуендерін ұстаған екен. Алдында ғана екеуміз балыққа барған едік. Сол кезде су бетіне, толқынға қарап отырғанын көрген болатынмын. Осылайша ұлы күйшінің бір күйінің шығу тарихына куәгер болғаным бар.
-Біләл аға, ұстаздарыңызды білдік. Қазақ «шәкіртсіз ұстаз-тұл» деген ғой. Шәкірттеріңізден кімдерді бөле-жара айтар едіңіз?

 Біләл Ысқақов, күйші: - Күйді Тәттімбеттің немересінен үйрендім

-Менде шәкірт көп қой. Қырық жылдан астам уақыт ішінде алдымнан көп шәкірт өтті. Атап айтсам, белгілі күйші Асылбек Еңсепов, қазір атағы аспандап келе жатқан Георгий Югай, Ресейдің Иваново қаласынан осында келіп тұрып, оқыған Ольга деген қыз, Қызылордадан Абылайхан, Семейден Гүлжанат, Ақтөбеден Жайлау деген қыз-жігіттер болды. Бұлардың бәрі де қазір елімізге танымал тұлғалар.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button