Білікті мал дәрігерлері жоқ
Үржар аудандық әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Айгүл Данабекованың айтуынша, мал шаруашылығы саласындағы басты мәселенің бірі – ветеринарлық қызмет көрсетудің әлсіздігі.
Мал дәрігерлерінің жетіспеушілігі бұл саланың дамуына кедергі болып отыр. Бір кездегі жақсы дамыған мал дәрігерлік бақылаудың келмеске кеткендігі, ал бұл жүйені бұрынғы қалпына келтіру үшін біраз қаржы және мамандарды қайтадан дайындау керектігі уақыт өткен сайын айқындала түсуде. Ауылды жерлерде осы жұмысты жүргізетін бесаспап мамандар жоқтың қасы.
Егер малдың жұқпалы аурулары бір немесе бірнеше шаруа қожалықтарында байқалатын болса, бүкіл аудандағы мал шаруашылығына қауіп төнетін болады. Себебі мал дәрігерлерінің жұмысы жүйесіз жүргізілуде, егетін дәрілер аз. Мәселен, өткенде өңірімізде аусыл ауруы аяқ астынан пайда болғанда мал ұстайтын шаруалар қатты сасып қалды. Ауданның бір фермері Канададан әрқайсысын 5 мың доллардан сатып әкелген бүкіл малын сойып, өртеп жіберуге мәжбүр болды. Ал мемлекет әлгі малдардың ақысын төлеу үшін, бар-жоғы әр басқа 180 мың теңге төледі. Енді ойлап қараңызшы, қожалық иесі алған несиесін қалай төлемек? Әлгі шаруа қайтадан несие алып, бұрынғыларын жауып, шатқаяқтап кеткен шаруасын қайта бастаудың әлегімен жүр.
– Бұл қожалық иесіне оңайға соқпайды. Сондықтан дер мезгілінде малдарды түрлі жұқпалы аурулардан сақтап қалу үшін мықты дамыған ветеринариялық қызметтің керек екендігі айдан анық, – дейді Айгүл Данабекова.
Ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп жатқанымызда, бізге ең бірінші мал дәрігерлерін көптеп оқытып, даярлап шығаруымыз керек. Онсыз бұл сала көркейіп, өркендей алмайды. Баяғы сүт фермаларын, бордақылау алаңдарын, отар-отар қой санын өріске толтыру осы мал дәрігерлерінің қолында дейді мамандар.
Үржар ауданы.