Денсаулық сақтау

Білікті гепатологтар көмек көрсетуге әзір

Білікті гепатологтар көмек көрсетуге әзір

Облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ өңір дәрігерлеріне гепатология бойынша шеберлік сабағын жүргізуге аймақ басшысының арнайы шақыруымен келген Ұлттық ғылыми медициналық орталық өкілдерімен кездесті.
Биыл Шығыс Қазақстан облысы мен Ұлттық ғылыми медициналық орталық арасында басталған әріптестік шеңберінде шеберлік сабақтары, мамандарды оқыту, күрделі ауруларды емдеу, телемедицина бойынша кеңес беру сынды іс-шаралар жүргізіле бастады. Мәселен, трансплантология мамандары оқытылып, кардиохирургтерге тұрақты консультация берілуде, 18 кардиологиялық дәрігер Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми медициналық орталық базасында өткен шеберлік сабақтарына қатысты.

25 қарашадан бастап Ұлттық ғылыми медициналық орталығы директорының орынбасары, медицина ғылымының докторы, профессор Салтанат Туғанбекова мен еліміздің бас гастроэнтерологы, медицина ғылымының докторы, профессор Күлпәш Қалиасқарова облыстық ауруханада гепатология мәселелері бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Аталған іс-шараға облыс емханаларының дәрігерлері мен Аягөз, Зырян, Бородулиха, Жарма, Күршім, Үржар және Зайсан аудандарының дәрігерлері қатысып, телемедицина бойынша оқытылды.

Аймақ басшысы елімізде Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың беделі жоғары, тәжірибесі бай екенін айта отырып, аталған орталықпен тығыз әріптестік орнату өңірдің медициналық әлеуетін арттыруға септесетінін жеткізді.
– Шығыс өңіріне келіп, тәжірибелеріңізбен бөліскендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің келулеріңіз – өңір халқының денсаулығының жақсара түсуіне көп көмегін тигізеді. Ұлттық ғылыми медицина орталығы шетелдермен, әсіресе, Оңтүстік Корея елінің медицинасымен әріптестік қарым-қатынаста екенін білеміз. Алдағы уақытта астаналық емханада емдеуден өтетін шығысқазақстандықтар арта түседі деп ойлаймын. Өйткені, Семей – ұзақ жылдар ядролық сынақ алаңының орталығы болды. Қаншама іс-шаралар қабылданғанымен, оның зардаптары әлі де бар. Сондықтан денсаулық жүйесін қаржыландыруға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға, дәрігерлердің еңбекақысын көбейтуге, оларға қолайлы жағдай жасап, тұрғын үймен қамтамасыз етуге үлкен назар аударудамыз. Жыл сайын бюджеттің 15 пайызы денсаулық сақтау саласына жұмсалады (57 млрд. теңге). Бұл – облыс бюджетінің төрттен бір бөлігіне жуық. Облыс көлемінде қан айналымы, онкология, туберкулез ауруларындағы ахуал бұрынғыға қарағанда жақсарғанымен, әлі де республикалық көрсеткіштен жоғары болып тұр. Дегенмен, соңғы кезде ана мен бала өлімі азайып, туу көрсеткіші өсті.

Біздің мақсатымыз – аурудың алдын алу. Осы орайда денсаулық сақтау басқармасымен бірге үш жылдың ішінде облыс тұрғындарының денсаулығын тексеріп шығуды көздеп отырмыз. Әр тұрғынның денсаулық паспорты болуы қажет. Осы құжат арқылы ол денсаулығының жағдайын біліп, қажетті медициналық көмекті дер кезінде алып отырады. Қазіргі кезде 6 жылжымалы диагностикалық кешен жұмыс істейді, сондай-ақ, облыстық медициналық орталықтың 3 филиалы ашылды. Сондай-ақ, 8 ауданда телемедицина нүктелері бар. Келешекте барлық қалалар мен аудандарда ашуды көздеп отырмыз. Мұның барлығы алыс аудандардың халқына медициналық көмекті дер кезінде көрсете алу үшін қажет, – деді облыс Әкімі.

Өңір басшысы дәрі-дәрмекпен қамтуда әзірге күрделі мәселе жоқтығын, медицина мамандарының тәжірибе алмасу жұмыстары ойдағыдай жүргізіліп жатқанын, бірқатар шетелдермен осы мақсатта байланыс орнатылғанын, Ұлттық ғылыми медицина орталығы мен шетелдердің әлеуетін тиімді пайдалану облыс жұртшылығының денсаулығын нығайта түсуге жәрдемдесетінін жеткізді.

Жуырда облыс әкімдігі мен Ұлттық ғылыми медициналық орталық арасында тиісті меморандум қабылдау жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянников биыл облыс халқының үштен бірінің денсаулығы тексеруден өткенін, белгіленген үш жылдың облыс тұрғындарының денсаулық паспортын алуға толығымен жететінін мәлімдеді.

– Бауыр ауруы – облыста кең тараған аурулардың бірі. Өкінішке қарай, медициналық көмектің жеткіліксіздігінен өлім-жітім жиі орын алады. Сіздердің тараптарыңыздан алғашқы кезеңде дәрігерлік кеңес беру – біздің гепатолог-дәрігерлеріміз үшін үлкен қолдау болмақ. Осы орайда келер жылы облыс орталығында гепатологтардың халықаралық конгресін өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді облыс басшысы.

Бұл ретте Салтанат Туғанбекова облыс басшысының басқосуды Өскеменде өткізу туралы күтпеген ұсыныс жасағанын, алайда, өңірдің аталған мәселеге қаншалықты ден қойып отырғанына көз жеткізгеннен соң ұсынысты қуана қабыл алғандықтарын атап өтті. Гепатологтардың халықаралық басқосуы алдағы жылдың жаз айларында өтпек. Облыс Әкімі гепатологтар конгресі теориялық тұрғыда шектелмей, дәрігерлердің тәжірибеге қаныға түсуі үшін науқастарға білікті мамандардың ота жасауын ұйымдастыру қажеттілігін жеткізді.

– Шығыс Қазақстан – елімізде гепатологиямен, оның ішінде ағзаның ішкі органдарына жоғары деңгейде мән беріп, аурудың алдын алумен күресуге ден қойып отырған бірден-бір облыс, – деді Салтанат Туғанбекова.
Қазіргі кезде Өскемен мен Семей қалаларының диагностикалық орталық базаларында екі гепатологиялық орталық құрылып, жұмыс істеп жатыр. 2013 жылдан бастап Өскемендегі гепатоорталық заманауи фибросканер құрылғысымен жарақтандырылды. Облыста 1500-ге жуық ересектер мен 200-ге жуық балалар «В» және «С» вирустық гепатиттерінің асқынуы диагнозымен диспансерлік есепте тұр. Бүгінде кепілді тегін медициналық көмекпен 110 науқас емделсе, тағы 60 науқасқа көмек көрсетіліп жатыр. Келер жылы 67 науқас емдеу іс-шараларымен қамтылады.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button