Бұл ауруханада заманауи жоғары технологиялар пайдаланылады
Жаңа ғасырға аяқ басқаннан бері заманауи өмірде көп нәрсе өзгерді, әсіресе, бұл медицина сияқты ғылыми төңкерістерді қажет ететін салаға ерекше қатысты. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ өткен жылдың соңындағы Жолдауында: «Аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету аса қажет» деп атап өтуінде де үлкен мән жатыр.
Бұл мәселелер өңіріміздегі бірден-бір емдеу орталығы болып табылатын, бұрынғы диагностикалық орталық, ал қазір облыстық аурухана базасында қалай жүзеге асуда? Біз осы мәселелер төңірегінде нақты деректер алу үшін аталған аурухана бас директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Анатолий Чикановпен әңгімелескен едік.
Оның айтуына қарағанда, қазір ауруханада қызмет істейтін 149 дәрігердің 57-сі жоғары санатты, 32-сі бірінші, ал 14-і екінші санатты болып келеді. Сонымен қатар, ұжымда 7 ғылым кандидаты қызмет етсе, екі емханалық ординатор, облыстық дәрежедегі 10 бас маман жұмыс істейді. Соңғы үш жыл ішінде клинординатурада 3 маман дайындалса, қазір екі адам дайындалуда. Өнертапқыштық бойынша еліміздің 4 патенті тіркелген.
– Алдымен ұжымымызда 80 емдеу-диагностикалық және ұйымдастырушылық енгізулер атқарылғанын айтқым келеді. 2008 жылғы ақпан айында бізде жүрек-тамыр және ингервенциялық хирургия бөлімшесі ашылған болатын, – дейді ол. – Қазіргі таңда ашық жүрекке 400-ден астам операция жасалды, олар туа біткен және жүре пайда болған жүрек кемістіктері, аортокоронарлық ұштастыру, жүрек ісіктері және басқалары. Бұл операциялардың бәрі тегін, бюджет бойынша жүзеге асырылды. Бұдан басқа, жыл сайын бюджет бойынша жүрек тамырларына 2 мың зерттеу (коронарография) және рентген-хирургтармен атқарылатын жабық жүректегі 750 операция (стенттеу) жүзеге асырылады. Жүргізілген зерттеулер бүгінде оң нәтиже беріп отыр.
Соңғы екі жылда облыс бойынша инфаркт миокардасы салдарынан болатын өлім-жітім 17 пайызға азайғанын айтқым келеді. Бұл жоғары технологиялардың экономикалық әсері үлкен екенін көрсетсе керек.
Қазір мекеменің ортопедия бөлімшесінде әлемдік жетекші өндірушілердің эндопротездерімен ұршық және тізе буындарын ауыстыру бойынша 200-ден астам операция жасалған көрінеді. 2011 жылы бұл операция түріне мемлекет тарапынан 150 квота бөлініпті. Ең бастысы, аурухананың ортопед-дәрігерлері мен травматологтары жоғары технологиялардың көмегімен сынық проблемасын 15-20 күн ішінде шешуге мүмкіндік алған. Бұл ретте қамалау остеосинтез әдісін қолдана отырып жасалған операциялардан соң сан сүйегі сынған адамдар 12 күннен кейін-ақ өзінің қалыпты қызметіне кірісетін көрінеді. Соңғы кезде бұл операцияға мемлекет тарапынан 45 квота бөлінген екен.
Анатолий Чиканов нақты ұйымдастырылған жоғары технологиялық әдістемелердің жүйелі болуына аталған аурухананың кардиологиялық бөлімшесі мен Өскемендегі «ИНTPAKOM» ЖШС бірлесе әзірлеген «Cardio-Exchange» бағдарламасының үлкен септігі тигенін баса айтты. Бұл бағдарлама шалғай елді мекендерді қосқанда, кез келген аудандағы науқастың кардиограммасын тапсыруына мүмкіндік беретін көрінеді.
Соңғы жылдары сырқаттарды емдеу барысында қол жеткізілген нәтижелер мен әлеуметтік мүмкіндіктер ауруханада сырқаттарға көмек көрсетудің еуропалық деңгейге жақындағанын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай жаңа әдістемелер, дәрігерлердің тәжірибесі мен білімдері, заманауи материалдарды пайдалана отырып емдеу пациенттерді ауруханаға жатқызу мерзімін 2-5 есеге дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
– Заманауи медицина небір ғажайыптар жасауға мүмкіндік береді. Жалпы заманауи технологиялардың арқасында ауыр сырқаттануларды диагностикалау мен емдеу мейлінше мүмкін болып отыр, – дейді Анатолий Чиканов.