Биыл ШҚО-да йодотерапия бөлімі ашылады

2022 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының медицинасы әлемдік стандарттарға сай болады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов онлайн режимде өткен тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде мәлім етті.
Өңір медицинасын дамытуға былтыр 37,3 миллиард теңге бөлінген. Оның 22 миллиарды облыстық бюджеттен қарастырылып отыр. Қаражат дүниежүзін жайлаған індетті ауыздықтауға жұмсалды. Нақтыласақ, 13 миллиард теңге нысандардың жөнделуіне және жаңа техника алуға жұмсалған.
Айта кетейік, кейінгі 4 жылда облыс дәрігерлері шетелге барып кәсіби біліктіліктерін арттыруда. Үш жылда олардың білім алып, біліктілігін көтеруге 3,4 миллиард теңге бөлінген.
Облыс әкімі дәрігерлердің шетелде білім алуы биыл да жалғасатынын айтты.
– Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына шетелде білім алудың алдағы үш жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырамын. 2022 жылға дейін облыстағы медицина әлемдік стандарттарға сай болады. Ағымдағы жылдың екінші жартысынан бастап йодотерапия өткізуге арналған радионуклидті бөлім ашуға тапсырма беремін, – деді әкім кездесу барысында.
Балауса Мэлс