Денсаулық сақтау

Биыл 500 квота бөлінді

Әлемде миллиондаған әйел «сіз нәрестелі  боласыз»  деген сөздерді естуді армандайды. Өкінішке қарай, ана болу бақыты әркімге бұйыра бермейді. Елімізде әрбір алтыншы жұптың біреуі бедеу. Осындай жағдайларда ЭКО көмекке келеді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламалары бойынша квоталар санын жеті есеге арттыруды тапсырды.

Осы жылдың басынан бастап елімізде «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы басталды. Оны іске асырудың арқасында көптеген ерлі-зайыптылар ата-ана бола алады. Өңірде биылғы жылы ЭКО-ға 500 квота бөлінді, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш жеті есе артық.

Квота алу үшін, ең алдымен, тіркелген жері бойынша емханаға барып, бедеулік бойынша есепке тұруы керек. Содан кейін себебін анықтау керек, өйткені квота әйелдер бедеулігі  түтікше факторына байланысты болғанда және ерлер бедеулігінің емделмейтін ауыр түрлері сияқты көрсеткіштер бойынша ғана беріледі.

     –  Квота алуға кезекке әйелдер бедеуліктің анықталған факторымен және талдау нәтижелерімен тұруы тиіс,деді облыстағы «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жауапты акушер-гинеколог Надира Слямханова. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса, онда олар қосалқы репродуктивті технологияны жүргізетін клиниканы өздері таңдайды. Бүгінгі таңда Қазақстанда квота бойынша 19 клиника жұмыс істейді. Егер пациент бірінші жолы оң нәтижеге жете алмаса,  келесі жылы квотаға қайта өтінім беруіне болады.

Камал Естай

Осы айдарда

Back to top button