Басты

Билік пен бизнес – сенімді серіктес

Өңір дамуына үлес қосып, өнімдерімен тұтынушының көңілінен шыға білген үздік бизнес өкілдері аймақ басшысының қолынан алғыс хаттар алды.

«Жылдың үздік кәсіпкері»  байқауы аясында бизнес өкілдерімен кездескен облыс әкімі Даниал Ахметов кәсіпкерлердің облыстың экономикалық-әлеуметтік дамуына едәуір үлес қосып жатқанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде  көмек көрсеткен бизнес өкілдеріне алғысын білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бизнес-қоғамдастықты қаңтардағы оқиғалардан сабақ алуға және жаңа Қазақстанның негізі болатын жаңа экономикалық саясатты қалыптастыру бойынша бірлескен жұмысты бастауға шақырды. Отандық бизнес өкілдерімен өткен соңғы кездесуде Президент кәсіпкерлерге ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесетін нақты қадамдарды белгілеген болатын. Тәртіпсіздіктерден зардап шеккен бизнесмендер шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекеттен несиені кейінге қалдыру және салықты төмендету түрінде жанама қолдау шараларын ғана емес, сонымен қатар толыққанды қаржылық төлемдерді де алды. Мәселен, біздің облыста ағымдағы жылдың қаңтар айында тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен жеті шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне 6,1 млн. теңгеге өтінімдер мақұлданды, – деп атап өтті Даниал Ахметов.

«Билік пен бизнес бір-біріне сенімді серіктес болуы керек». Міне, осы қағидатты мақсат еткен іс-шара барысында аймақ басшысы өздерінің игі әрекеттерімен қоғамның бірлігі мен ынтымақтастығына ықпал етіп отырған бизнес өкілдеріне алғысын білдірді. Өңірдің бизнес өкілдері де мемлекет және атқарушы билік тарапынан қолдау көріп отырғандарын жеткізді.

– Облысымызда шағын және орта бизнес өкілдері де ірі бизнес сияқты қоғам алдындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершіліктерін сезініп келеді. Солардың ішінде «Багратион-Ұлан», «Эмиль», «Восток молоко» кәсіпорындарын, рестораторлар мен әр сауда орталықтарын атап өтуге болады, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Қайрат Мамырбаев.

Сонымен қатар облыс әкімі бүгінде бизнеске барынша қолдау көрсетіп жатқандығын айта келе, бір миллионға жуық туристер Алакөлде демалысын өткізсе де,  кәсіпкерлер тарапынан бюджетке  87 миллионға жуық теңге көлемінде ғана салық түскенін айтып, мұның өте аз екенін атап өтті. Өз кезегінде облыс әкімі кәсіпкерлерді салық төлеуге шақырды.

– Қаңтар оқиғасы тұрақтылықтың, бірліктің басты байлығымыз екенін көрсетті. Қазір кәсібім жанданып келеді. Біз өндіретін тәтті тоқаштар,  бауырсақтар,  кондитерлік өнімдеріміз сұранысқа ие. Еңбек етіп,  мемлекет тарапынан тиісті қолдауға ие болғанның арқасында  ісіміз оңға басып келеді. Өңірде бизнестің өркендеуіне кең жол ашылып келеді. Алғысымыз шексіз, – деді кездесуде сөз алған  кәсіпкер Алтынай Рамазанова.

Іс-шара соңында әлеуметтік жауапкершілікті түсініп,  қайырымдылық іске белсене араласып жүрген бизнес өкілдеріне Даниал Ахметов  алғыс айтып, мақтау қағаздарымен марапаттады.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button