Ауыл шаруашылығы

БИЫЛ ЕГІСТІК КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

БИЫЛ ЕГІСТІК КӨЛЕМІ ҰЛҒАЯДЫ

Ауыл тұрғыны үшін ең маңызды да жауапты науқан – көктемгі егіс науқаны иек астында тұр. Бұл шараны көңілдегідей етіп, сапалы түрде өткізе алмасақ, көп нәрседен тапшылық, олқылық көреріміз даусыз. Ал аудандағы егіс жұмыстарына әзірлік қандай деңгейде? Біз бұл сауалымызды аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Әшімановқа қойған едік.

– Биылғы көктемгі егіс жұмыстарына әзірлік, – дейді Серікхан Тоқанұлы, – 2016 жылғы жаңбырлы күзді және өткен қарлы қысты, яғни, топырақтағы ылғалдың мол екендігін есепке ала отырып жоспарланды. Бұл жоспар бойынша осы жылғы егістік көлемі 26 380 гектарды құрайды, мұның өзі өткен жылмен салыстырғанда 396 гектарға артық. Жалпы, аудан бойынша су ресурстарымен қатар егістік жердің де жеткілікті екендігін, осы табиғи ерекшелікті тиімді пайдалана отырып, мал азығымен бірге қыс мерзімінде ұзақ сақтауға жарамды көкөністі де мол өсіріп, оны ішкі және сыртқы саудаға шығару арқылы тұрақты табыс көзіне айналдыру қажеттігін аудан әкімі С.Шоқаев қайталап айтып, ауылдық округтер әкімдеріне тапсырма ретінде үнемі ұсынып келеді.
Елбасының «бекітіліп берілген егістік жерлер толығымен игерілуге тиіс» деп атап көрсеткен тапсырмасына сәйкес, ауқымды жұмыстар межеленіп отыр. Жоғарыда көрсетілген жоспардың ішінде дәнді дақылдар 5 400 гектар алқапқа, майлы дақылдар 4 100 гектарға, картоп 1357, көкөніс 523 гектар жерге егілетін болады. Ал бақша өнімдері 900 га алқапқа егілсе, біржылдық, көпжылдық екпе шөптер себілген аумақ 16 131 гектарды құрамақ.

Аудан бойынша 55 808 гектар жаздық егіс алқабы бар, бүгінгі күнге дейін осы егістіктің 25 445 гектары бірқатар агроқұрылымдарға бекітіліп берілді. Қалған 28 677 га алқап сұраныстың болмауына байланысты ауданның босалқы жерінің есебінде тұр. Ал аудандағы суармалы жер көлемі – 19 976 гектар.
Биылғы көктемгі егіс жұмыстары үшін 1014 тонна тұқым қажет десек, оның қолда бары – 536 тонна. Бұл қордан толықтай сынама алынып, қорытындысы облыстық зертханаға тапсырылды. Тұқымның сапасын тексеру наурызда басталды, бұл жұмыс сәуір айының басында аяқталатын болады. Ал жетіспейтін 478 тонна тұқымды облыс аумағындағы шаруашылықтардан сатып алу жөнінде келісімшарттар жасалып жатыр. Ол паром өткелі ашылған соң тасымалдана бастайды. Осыған орай барлық несие көздері, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуді қолдау бойынша ағымдағы ережелер ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мұқият түсіндірілуде.

Бөлім басшысының айтқанына жүгінер болсақ, осы науқанға қажетті 350 тонна дизель отынына тапсырыс беріліп қойған екен. Сонымен қатар, машина-трактор паркін жаңалауға да баса көңіл бөлінуде. 2016 жылы жалпы құны 218,7 млн. теңге болатын 59 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Тағы да 25 шаруа қожалығы техника сатып алуға тапсырыс беріп, құжаттарын даярлап жатыр, олардың 9-ы доңғалақты трактор алуға ниеттеніп отыр. Жалпы, аудандағы егістікпен айналысатын қожалықтардың техникасы науқанға 100 пайыз дайын.

Сондай-ақ, ауылдық округтерден минералдық тыңайтқыштар алуға да тапсырыстар түсіп жатыр. Өткен ақпан айында тыңайтқыштар ұсынушы «ҚазАзот» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Жаз» шаруа қожалығының арасында 10 тонна аммиак селитрасын алу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды.
«Көктем күні – жылға азық», «Не ексең – соны орасың» деген екен жер емген бабаларымыз. Осынау жауапты науқанды уақытында әрі сапалы өткізудің маңызды екендігі әркімге де түсінікті.

Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы

Осы айдарда

Back to top button