РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ

Біржандықтар береке-бірлікпен Алла үйін тұрғызды

Шекара шебінде жатқан Зайсан ауданына қарасты Біржан ауылының тұрғындары үшін жаңа жыл жақсы жаңалықпен басталды. Дәлірек айтсақ, біржандықтар береке-бірлікпен ұйымшылдық танытып, небәрі алты айдың ішінде Алланың жердегі үйін салып, таяуда іске қосты. Бұл ауыл азаматтарының ауылдың Біржан деп аталуына 30 жыл толуына орай жасаған ең үлкен тартуы болды.

Отыз жылдыққа тарту

Бірден айта кетейік, бұл жеке бір ірі кәсіпкердің не болмаса жергілікті  бюджет тарапынан бөлінген қаржыға емес, тікелей ауылдастардың жинаған қаражатына бой көтерген мешіт болды. Мешіт салу туралы ең алғашқы ойды ерте көктемде ауыл әкімі бастаған ауылдастар алқасының, ардагерлер кеңесінің, тұрғындардың ортасына салған осы ауылдың тумасы Дидар Ошақбаев болды және ол біржандықтарға барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз жауапкершілігіне алатынын, мешіт біткенше басы-қасында болатынын айтып, уәде де берген-ді. Айтқанындай, сөзінде тұрып, жауапкершілігі мен сауабы мол ізгі шаруаны ауылдастарының қолдау-көмегіне сүйене отырып, соңына дейін аяқтап шығып, ауылдастарының алғысына бөленді.

Естеріңізде болса, 1990 жылы Зайсан ауданында болған қатты зілзала салдарынан көз жұмған кішкентай сәби Біржанның есімі сол өзі тұрған Рожков ауылына берілген болатын. Содан бері отыз жыл зымырап өтіпті.

Біржан ауылында бұған дейін мешіт болмады емес, болды. Алайда, ол 1998 жылы мешітке лайықталып, қайтадан ашылған бұрынғы сауда дүкенінің ғимараты болатын әрі оған көп адам сия да бермейтін. Сондықтан Дидардың ұсынысы бірауыздан қолдауға ие болды. Ауылдастар ақылдаса келе, еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген 1969 жылғылардан бастап, бүгінде оқуын бітіріп, жұмыс істей бастаған 1999 жылы туған азаматтарға дейін әр сынып мешіт құрылысына 500 мың теңгеден қаржы жинайтын болып келісті. Мұның сыртында ауылдың аға буын тұрғындары да шама-шарқыларынша малдай, қаржылай қолдау көрсетіп отырды. Мешіт құрылысы үшін арнайы қор да ашылды. Ауылға кіре берістегі көрнекті жерден, үлкен жолдың бойынан мешіттің орны белгіленіп, іргетасын құюды ауыл тұрғындары асармен бастады. Асарға әр сенбі, жексенбі – демалыс күндері Өскемендегі, Алматыдағы және Нұрсұлтандағы және басқа да өңірлердегі біржандықтар арнайы келіп, бар ынта-жігерлерімен қатысып отырды. Ал одан ары қарайғы қабырғасын қалаудан басталып, кілтін тапсыруға дейінгі құрылыс жұмыстарына жауапкершілікті ауылдың алтын қол, тас қалаушы шебер азаматтары Дулат Үйсінбаев, Айдарбек Баймолдин, Руслан Көксегеновтер алды.

Дидар бастаған ұйымдастырушы ақылдастар тобы пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, Өскемен мен Семейден және Зайсаннан қажетті құрылыс материалдарын тоқтаусыз жеткізді. Ал ауылдағы жүк көлігі, тракторы бар азаматтар тас, құм, топырақ тасу, материалдарды жеткізіп беру жұмыстарына жұмылды. Амангелді Иманов атындағы орта мектепті әр жылдары бітірген сыныптар мешіт құрылысы тоқтамау үшін жеделдетіп, келісілген қаржыны артығымен уақытында есеп-шотқа салып беріп отырды. Ал ауылдағы ақ жаулықты апаларымыз құрылысшыларға уақытылы ас-суын әзірлеп беріп, ұйымшылдықтың, береке-бірліктің үлгісін көрсетті.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл  

Біржан ауылында жаңа мешіттің құрылысы басталғанын естіген округтегі Қуаныш пен Ақарал ауылдарының тұрғындарынан бөлек Айнабұлақ ауылынан Кенжебек Мәсенов, Қаратал ауылынан Сымбат Бейсекенов өз аттарынан қаржылай көмек қолдарын созды. Зайсан қаласында тұратын кәсіпкер жігіт Медет Тиянақов мешіттің барлық терезелері мен есігін өз қаржысына сатып әкеліп, өзі тегін орнатып берді. Ауылдың тумасы, кәсіпкер Ардақ Жеңісбекқызы ғимаратты қажетті үстел, орындықтармен жабдықтады. Бұдан бөлек ауыл азаматтарымен сыйласып, араласып жүрген сонау Қырғызстанның Шабан Карибов есімді азаматы да есеп-шотқа қомақты қаржы аударып, Алла үйіне өзінің үлесін қосты. Мұның сыртында «атымды атамай-ақ қойыңыздар» деп мешітке жиһаздай, заттай көмек берген жандар қаншама? «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, осындай береке-бірліктің арқасында мешіт үйі қысқа қалмай, тез салынып бітті. Алайда, елімізді қойып, әлемді жайлаған қауіпті індеттің салдарынан ашылу рәсімін біразға дейін шегере тұруға тура келді.

Жаңа жылда жаңа мешіт

Алланың жердегі үйінің салтанатты ашылуы аудандағы тиісті мекемелердің рұқсатымен 5 қаңтар күні ұйымдастырылды. Ауданның бас имамының, аудандық мәслихат хатшысының, өзге де ауылдар имамдарының қатысуымен өткен жиын карантин талаптарын барынша сақтай отырып өткізілді.

Жиында аудандық мәслихаттың сол кездегі хатшысы Дәулет Ыдырышев сөз алып, біржандықтарға аудан әкімі Серік Зайнулдиннің құттықтауын, алғысын жеткізді. Ал мешіттің құрылысын бастан-аяқ ұйымдастырған Дидар Бақытбекұлы көпшілік алдында «Жомарт жүрек» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Дидарға мешіт құрылысы бойынша құрылған ақылдастар алқасы көпшілік алдында құрмет көрсетіп, ат мінгізді. Бұдан бөлек ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласқан ауылдың тумалары Серік Марқабаев, Манарбек Молданбаев, Руслан Шәкенов, Асқар Смағұлов, Есенжол Сәбитов, Амантай Сәбитов, Алмас Қасайынов, Рауан Әмірханов, Дидар Шайхымұратов, Базарбек Шакеров, Айжан Құрманғожина, Хусейн Мырза, Досхан Сағымбаев, Сайран Еңсебаевтар және басқа да азаматтар көпшілік құрметіне бөленіп, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал ауданымызға белгілі ақын, ардагер ұстаз Бақытжан Нұрмұханбетова алты айда мешітті тұрғызған ауылдастарының еңбегін, береке-бірлігін өлеңмен өрнектеді.

– Бірлік бар жерде тірлік бар. Былтырғы пандемия кезіндегі және мешіт салудағы басқа да қиындықтарға қарамастан, ұйымшылдықпен мешіт салып, халық игілігіне берген «елім, жерім» деген азаматтарымыздың бұл игі ісі баршаға үлгі-өнеге болуы тиіс. Алдағы уақытта осындай береке-бірлікпен Біржан ауылдық округінде жоспарланған талай шаруаларды іске асыратындығымызға сенімдімін, – деді ауылдық округ әкімі Сәкен Хамитов.

– Мешіт тек ғибадат орны ғана емес, сонымен қатар білім мен тәрбие беретін орын. Болашақта жаңа мешітіміз мәдени және рухани демалыс орталығына айналатын болады. Жұмада ғана емес, әр күні мешітіміз жамағатқа толы болсын, – деді жиында ауыл имамы Талғат Жантекеев.

Кеңестің қыспағына мойымаған Шәкер молда

Біржандықтар ақылдаса келе, бірауыздан Алла үйіне аулымызда 1888-1974 жылдар аралығында өмір сүрген Шәкер молданың есімін беруді жөн санады. Шәкер Бекбайұлы заманында Қытай жерінде діни білім алған, аса сауатты молдалардың бірі болған. Қылышынан қан тамған кешегі кеңестік заманда діни рәсімдерге қатаң тыйым салынғанына қарамастан, батыл қарсылық танытып, ауылда жаназа шығару, қатым түсіру, құран оқыту секілді барлық діни рәсімдерді жоғары деңгейде өткізіп отырған. Үнемі шапанын киіп, сәлдесін орап нағыз молдаларша жүрген. Ауылға беделді, ел ақыл-кеңес сұрайтын өте білімді адам болған. Сол үшін де қаншама рет  кеңес үкіметі тарапынан қудалауға ұшыраса да, өле-өлгенше молдалығын тастамаған. Шәкер молда дүниеден өткенде барша ауылдастары түгел жиналып, қимастықпен ақтық сапарға шығарып салған. Бүгінде ауылда ұрпақтары әлі тұрады, олар да мешіт құрылысына үлкен белсенділікпен атсалысты.

Жалпы Біржан ауылдық округінде өткен ғасырларда  кеңес үкіметіне дейін де мешіт үйлері халыққа қызмет етіп, елдің діни сауатын ашып отырған. Мәселен, округтегі Шеген, Боқатай қыстақтарында салынған мешіттердің орны әлі де бар. Оларда Дүзгенбай молда, Ешекен молда, Ақай молда, Қармен молда, Құрмаш молда, Шәкер молда, Қасайын молда, Жұмахан, Мықия молдалар діни сабақтар оқытқан, асыл дініміздің кейінгі ұрпаққа жетуіне адал қызмет еткен.

Ендігі кезекте – қатымхана

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасы аясында ауданымызда көптеген игілікті істер атқарылуда. Соның бірі біздің ауылымыздағы мешіт құрылысы. Жаңа жылды жағымды жаңалықпен бастап, жаңа мешітті ел игілігіне бердік. Бұл менің ғана емес, барша ауылдастарымның еңбегі. Маған көмектескен барлық жерлестерімізге, әсіресе осындай игі істерден шет қалмайтын жомарт жүректі азаматтар мен азаматшаларға шын жүректен алғыс айтамын. Бүгінде мешіттің барлық құжаттары мен ауылдастар бірауыздан қолдаған Шәкер атамыздың атын беру жөніндегі тиісті құжат облыстық «Халифа Алтай» мешіті арқылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына өткізілді. Мешіт діни басқарманың ережелері мен талаптарына сай жұмыс істейді. Ешқандай меншік емес. Мешітті алдағы уақытта осы жаңа кейпінде ұстап тұру әрі барлық қажеттіліктері және имамның еңбегі үшін арнайы Шәкер молда мешітінің береке қорын аштық. Ауылдастарымыз әр жұма сайын соған бес жүз теңгеден бастап, мүмкіндігінше садақаларын салып тұруды ұйғарды, – дейді Дидар Ошақбаев.

Дидар Бақытбекұлының айтуынша, біржандықтар енді биыл бұрынғы ескі мешітті қайтадан дұрыстап жөндеп, ол жерден қатымхана ашуды жоспарлап отырған жайы бар. Біржандықтардың береке-бірлігі өзгелерге де үлгі болады деген сенімдеміз.

Суреттер автордікі

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button