«Дидардың» қонағы

Бибігүл Жексенбай: -Біз «Хабарда» тек жұмыс істеген жоқпыз, өмір сүрдік.

Бибігүл Жексенбай: -Біз «Хабарда» тек жұмыс істеген жоқпыз, өмір сүрдік.

Қазақ телевизиясындағы қазақ қыздарын еске алғанда, Жайна Сламбек, Ләззат Танысбай, Дана Нұржігіт, Айгүл Мүкей есімдерімен қатар аталатын бір есім бар. Ол – жерлесіміз, белгілі тележурналист, «Жетінші арна» телеарнасы-директорлар кеңесінің төрайымы Бибігүл Жексенбай. Жақында әріптесімізбен әңгімелесудің сәті түскен еді.

Газетте жинаған тәжірибем телевизияда жарқырап көрінуіме жол ашты

– Бибігүл Нұрғалиқызы, білуімізше, Сіз журналистиканы спорт тақырыбынан бастаған екенсіз. Өзіңізше айтсақ, Сіздің бұл тақырыпқа қалам тербеуіңізге курстасыңыз, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан үгіттеген көрінеді. Рас па осы? Әңгімеміздің әлқиссасын осыдан бастасақ…

– Журналистиканы кәсіби деңгейде республикалық «Спорт» басылымынан бастадым. Бірінші курсты тәмәмдап, екінші курсқа ауысқан кезде әріптесіміз, белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейітхан маған осындай ұсыныс жасады. Спорт тақырыбына икемі бар деді ме, әлде жауапкершілігі зор деп ойлады ма, әйтеуір курстасымның таңдауы маған түсті. Көп ұзамай жарты ставкамен «Спорт» басылымына жұмысқа тұрып, алғашқы ақпараттарым, мақала, сұхбаттарым жариялана бастады. Біріншіден, Амангелді арнайы шақырып, спорт тақырыбына жол ашса, екіншіден, Сайын Тұрсынов, Жүсіп Хисымов, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбекұлы секілді майталман журналистер бағыт-бағдар беріп, ағалық қамқорлықтарын көрсетті. Олар тек қана спорт журналистикасы емес, қазақ журналистикасынан ойып тұрып орын алған азаматтар. Сондай ынтымағы жарасқан ұжымға түсіп, ең алғашқы кәсіби журналистикадағы сапарымды сапалы бастауға мүмкіндік алдым. Ал жалпы, журналистикаға алғашқы қадамымды Шығыс Қазақстанның Зайсан аудандық «Достық» газетінен бастадым деп айтуыма толық негіз бар. Бесінші, алтыншы сыныптарда оқып жүрген кездері сатушы мен кітапханашы туралы, ауылда өтіп жататын түрлі шығармашылық кештер туралы шағын мақалалар жаздым. Сөз өнеріне деген қызығушылығымның оянуына Зайсан ауданы, Сарытерек ауылы, бұрынғы Пржевальский орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Шағанова ерекше әсер етті. Ұстазыма барша шәкірттерінің атынан алғыс айтамын. «Достық» газетінде жарық көрген тырнақалды жазбаларым газетке мақала жазуыма, жалпы, журналистика кеңістігіне енуіме үлкен көмегін тигізді.

– Одан кейін біраз уақыт республикалық «Жас Алаш», «Атамұра – Столичное обозрение» газеттерінде жұмыс істеп, телевизия саласына біржолата бет бұрдыңыз. Газеттен телевизияға бару Сізге қалай әсер етті? Қиын болған жоқ па?

– Бір байқағаным, басылымнан телевизияға келген журналистің мықты комментатор, сақа тележурналист, шебер репортер болуына толық негіз бар. Ең бастысы, тілінің мүкістігі болмаса, сөйлеу мәнері жақсы, эфирге шыққанда өзін көрсете алатындай қабілеті болса жеткілікті. Керісінше, телевизия саласында жүріп газетке барған журналистерде кедергілер көп болады. Өйткені, газетте жұмыс істеген журналистің ой қорытуы, сұхбаттасушы адамды тыңдай білуі, оқиға орнынан толыққанды ақпарат жинауы тележурналистке қарағанда басқаша. Барлығына өте жауапкершілікпен, салмақты түрде қарайды. Басылымнан келген журналистердің көбісі телевизия саласында өте мықты, тілдері орақтай өткір, салмақты, кәсіби деңгейі жоғары журналист ретінде үлкен мүмкіндік алады. Менің газетте өткен кәсіби журналистикалық мектебім телевизияда жарқырап көрінуіме жол ашты.

Біз бір үйдің баласындай болдық

Бибігүл Жексенбай: -Біз «Хабарда» тек жұмыс істеген жоқпыз, өмір сүрдік.

– 1996-2007 жылдар аралығында «Хабар» телеарнасында қызмет істедіңіз. Тележурналист ретінде есіміңіз елге танылғаны да – осы кез. Сол шақтардан есіңізде не қалды? Сол кездерді, сол уақыттағы әріптестеріңізді сағынасыз ба?

– Мен ең алдымен, Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдіргім келеді. Ол кісі қолдарына енді ғана диплом алған, көздерінде от, жүрегінде жалын бар, шығармашылықтағы қиындықтан қорықпайтын, кез келген тақырыпқа тайсалмай қалам тербеймін деген өрімдей жас журналистерді таңдап, бір ұжымға біріктіре алды. Шыны керек, сол журналистердің бойындағы ұшқынды одан сайын жалындатуға, жарқыратуға мүмкіндік жасады. Біз жас болғандықтан кез келген тақырыпты қозғаудан, бір-бірімізге сын айтудан қорықпайтынбыз. Талай мәрте журналистік іссапарларға бардық. Қолымыздан ешкім қаққан жоқ. Қызықты тақырып ұсынып, оны жарқыратып көрсете алсақ жолымыз ашық болды. Бір сөзбен айтқанда, бізге жан жақты жағдай жасалды. Тоқсаныншы жылдардағы жас журналистердің толқыны бір жағынан, жас арнаның ашылғанының, кәсіби деңгейдегі қамқорлығының арқасында жарқырап көрінді. Екінші жағынан, «Хабар» арнасы жаңадан ашылып, технологиялық тұрғыдан өте жоғары деңгейдегі болғандықтан халыққа танылуына, көрермендерді көбірек тартуына мүмкіндігі зор болды деп ойлаймын. Шығармашылық пен материалдық техникалық базаның жоғары деңгейде болуы сапалы журналистиканың даму кезеңіне түсуіне әсер етті. Сондықтан сол жылдарды ерекше сағынышпен еске аламын. «Хабардағы» әріптестерім болған Серік Жанболат, Жайна Сламбек, Ләззат Танысбай, Арман Сқабылұлы, Зейін Әліпбек, Асхат Асан, Асылбек Абдулов, Ерлан Бекхожин, Амангелді Сейітхан, Айгүл Мүкейлермен әлі де хабарласып, кездесіп, пікір алмасып тұрамын. Біз бір үйдің баласындай болдық. Осындай журналистерге Роза Темірғалиева, Дүкеш Байымбетов, Ләззат Сапақова сынды аға буын өкілдері дұрыс жол сілтеп, үлгі-өнеге көрсетті.
Әрқайсымыз «Хабардың» «Хабар» болуына өз үлесімізді қостық. Біз «Хабарда» тек жұмыс істеген жоқпыз, өмір сүрдік. Өйткені, бәріміз бір мақсат жолында жұдырықтай жұмылып, тонның ішкі бауындай бірлесе жұмыс атқардық. Мақсатымыз біреу – арнаның абыройын асқақтату болды. Бір-бірімізге көмектесіп, жұмыстың сапалы да мазмұнды болуына мән бердік.

– Бүгінде «7» телеарнаға жетекшілік етіп отырсыз. Бұл телеарнаға қандай жаңалық әкелдіңіз? Телеарнаға сіз не бердіңіз? Телеарна сізге не берді?

– «Жетінші арнаға» келгенге дейін «Хабар», «КТК», «Қазақстан» телеарналарында жұмыс істедім. Бұл – мен қызмет етіп жатқан республикалық деңгейдегі төртінші телеарнам. Басшылыққа келгеніме бес жылдай мерзім болса да, осы уақыт аралығында үлкен жетістіктерге қол жеткіздік. Біз «Жетінші арнаны» қалалық телеарнадан республикалық, халықаралық деңгейдегі телеарнаға айналдырдық. Басқа коммерциялық арналардан басты ерекшелігіміз – әлемдік деңгейдегі форматтарды қазақ аудиториясына әкеліп, ұсынып жатырмыз. Бұлардың бәрі – сапалы, жоғары деңгейдегі дүниелер. Әсіресе, ток-шоу, реалити-шоуларды ерекше атап өтуге болады. Біздің тележұлдыздарымыз бен кейіпкерлеріміз бағдарламамызға қатысатын әртүрлі қазақстандықтардың әлемдік деңгейде ешкімнен кем емес екендігін, сондай форматтағы дүниелерді жасауға мүмкіндік алғандығын көрсетіп отырмыз. Бұл республикалық арналардың даму барысында өз деңгейін көрсететін қадамдар деп айтуға болады. Ең бастысы, сапалы дүниелер жасауға тырысып жатырмыз. Тағы бір мәселе, көрермендер арасында жаңалықтарды қазақ және орыс аудиториясы деп оқшаулап, бөле-жара қарайтын жағдайлар бар. Сондықтан қазақ-орыс аудиториясын бөліп жармай, жаңалықтарды екі тілде бірлесе дайындауды қолға алдық. Мысалы, жаңалықты орыс тілінде тарататын жүргізуші қазақша да, қазақтілді жүргізуші орысша да жаңалық тарата алады. Жүзеге асырған жұмысымызды көрермендеріміз бағалай жатар. Рейтингіміз жылдан жылға көтеріліп келеді. Көрермендерді сапалы, мазмұнды бағдарламалармен қуанта аламыз деп нық сеніммен айта аламын.

Басқа өңірлердегі замандастарым сияқты еліктің қандай екенін, түлкінің қандай болатынын кітаптан қарап өскен жоқпын

– Байқауымызша, «7» телеарнадағы бағдарламалардың дені – ойын-сауық, көңіл көтеру бағытында. Ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді ұлықтайтын салмақты, салиқалы бағдарламалар аз. Бұған не себеп? Әлде телеарна саясаты осындай бағытты ұстана ма?

– Жалпы, көрермендердің әртүрлі кезеңдерде қалауы, талғамы өзгеріп отырады. Мүмкін әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты ма, әлде заманның даму кезеңіндегі үрдіс пе, қазіргі уақытта көрермендер тарапынан ойын-сауықтық бағдарламаларға деген сұраныс өте жоғары. Біз оны арнайы түзілген рейтинг арқылы анықтап отырмыз. Кезінде «Хабар» арнасындағы белгілі бағдарламаның бірі болған «Бетпе бетке» көрермендер жиі хабарласып, бағдарламаға шығу үшін кезекке тұратын. Рейтингі жоғары бағдарламаның бірі болды. Дәл қазір сондай саяси-сараптамалық ток-шоу, бағдарламалардың рейтингі ойын-сауықтық бағдарламалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Яғни, мұның бәрі көрермен сұранысына байланысты. Интеллектуалдық деңгейі жоғары зиялы қауым телевизиядан гөрі интернетке көбірек ден қойып бара жатыр ма деп ойлаймын. Теледидар пультін ұстап отырған көрермендердің ойын-сауықтық бағдарламаларды көп көргеніне қарағанда, олардың дені жастар, отбасы-ошақ қасындағы қыз-келіншектер немесе зейнет жасындағы адамдар болуы мүмкін. Бұл – менің субъективті пікірім. Коммерциялық арналар табыс табу, рейтинг көтеру үшін жұмыс істейді. Біздің акционерлеріміз, құрылтайшыларымыз бар. Коммерциялық арна – бизнес құралы. Әрине, қандай арна болмасын, оның ағартушылық рөлі, халықтың болашағы үшін атқаратын жұмысы көп. Бірақ халық көрмейтін, рейтингі төмен бағдарлама қымбат затыңды қоқысқа тастағанмен бірдей емес пе?!. Десек те қазір қоғаммен жұмысты жақсартуымыз керек. Халықтың сана сезіміне оң әсер беретін, қоғамның дамуына үлес қосар телеөнімдерге көрермендер сұранысын арттыру үшін жан жақты жұмыс істеу міндетіміз. Біз мектепте оқыған кездері саяси минуттар өткізілетін. Әрбір сейсенбі сайын сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан», облыстық «Коммунизм туы» газеттерін оқып, онда жарық көрген халықаралық жаңалықтарды талқылайтынбыз. Әлемде қандай саяси оқиғалар болып жатыр, қандай өзгерістер орын алды? Соның барлығын біліп отыратынбыз. Қазіргі мектеп оқушыларының арасында мұндай шаралар өткізіледі деп айта алмаймын. Студенттердің арасында тіпті жоқ. Шыны керек, жұмысқа табақтай дипломмен келетін студенттер арасында сауатсыздары жетерлік. Географияны білмейді. Австралия мен Австрияны, Мәжіліс пен Сенатты шатастыратын, министр мен депутаттың айырмашылығын білмейтін студенттер қазір аз емес. Олар да – бүгінгі, ертеңгі көрермен. Біздің ұсынған жақсы дүниелерімізді олар қарамайды да. Саяси-сараптамалық, ағартушылық бағыттағы хабарларыңды керек етпейді. Оларға бұдан гөрі жеңіл күлкі, арзан әзіл-қалжың немесе әулекі ән қызық. Сондықтан қоғаммен бірлесе жұмыс істеуді күшейту қажет. Қоғамның дамуына оң әсер ететін бағдарламаға халық сұранысын арттыру үшін жұмыс істеу керекпіз. Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғам айнасы. Біз көрерменге қандай дүние ұсынсақ, сол арқылы оларды тәрбиелейміз. Ойын-сауықтық бағдарламалармен қатар, ойлы, мазмұнды хабарлардың да санын көбейткен жөн.
«Көрермендердің сұранысын қалай өзгертуге болады?» деген сауал мені үнемі толғандырады. Бұл жағдай бізде ғана емес, Ресейде де бар. Ресейде интеллектуалдық, сараптамалық бағдарламалармен салыстырғанда «Один в один», «Фабрика звезд», «Х-фактор», «Хочу к Меладзе» секілді жобалардың рейтингі жоғары. Бағдарламаларының дені – ойын-сауық, әзіл-қалжыңның айналасында. Тіпті Задорновтың астарлы қалжыңдарын тыңдайтын көрермен азайып бара жатыр. Бір сөзбен түйіндесек, мұны дүниежүзіндегі талғамның өзгерісі деп айтуға болады.

– Шығыстың, оның ішінде Зайсан ауданының тумасы екеніңізді жақсы білеміз. Туған жер алдындағы перзенттік парызыңызды орындадым деп айта аласыз ба?

– Туған жерге деген перзенттік парызды әркім өзінше түсінеді. Менің ойымша, бұл – абыроймен, «мен осы өңірденмін!» деп ұялмай айта алатындай деңгейге жету. Сол жердің суын ішіп, топырағын басып, ауасын жұтып жүріп әр азамат өз деңгейінде жетістікке жетсе, перзенттік парыз деген сол. Екіншіден, сен өскелең ұрпаққа үлгі болатындай, жол көрсететіндей, дұрыс бағыт-бағдар беретіндей дәрежеге ие болсаң, мұны кез келген азаматтың туған топырақ алдындағы өзіндік үлесі, елінің, жерінің абыройын асқақтатқандығы деп ойлаймын. Мен – бизнесмен емеспін. Қаруым – сөз, қалам. Сондықтан туған жер алдында жемісті қызметіммен, дұрыс іс-әрекетіммен парызымды орындап келе жатқан сияқтымын. Туған жерімізге қандай көмек жасасақ та артықтық етпейді. Болашақта қолға алатын жобалар көп. Мүмкін реті келгенде, Шығыс Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Туған жерге – тағзым» акциясының шеңберінде үлкен ұсыныстар айтылып қалар деп ойлаймын. Жалпы, қолдан келгенше, қолдау жасауға, атсалысуға дайынмын.
Менің журналистикаға келуіме туған жеріміздің керемет табиғаты әсер етті. Журналист болғаннан кейін көптеген ел мен жерді аралайсың. Сонда аңғарғаным, дәл туған жерімдегідей сұлу табиғат еш жерде жоқ екеніне көзім жетті. Зайсан ауданының тәкаппар таулары, тынысы кең өзен-көлдері, жайқалған орманы, қаншама жан-жануары өзіндік сұлулыққа ие. Мен басқа өңірлердегі замандастарым сияқты еліктің қандай екенін, түлкінің қандай болатынын кітаптан қарап өскен жоқпын. Жасыратыны жоқ, бақшамыздың өзінде қоян, суыр өріп жүретін. Қарағайдың иісін иіскеп, Сауыр Сайқан тауларындағы бүлдіргенді кешіп жүріп өстік. Мұның бәрі өсіп келе жатқан кезімізде өмірді қабылдауымызға, шығармашылыққа деген қызығушылығымызды оятуға үлкен септігін тигізді. Екіншіден, сондай әдемі табиғаты бар жерде еркін өсуімізге ата-анамыз да зор мүмкіндік жасады. Анам Гүлбану Қалиева ауылда дәрігер болып қызмет етті. Әкем ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеді. Қазір әкем зейнет демалысында. Анам осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Біз шаңырағымызда – бес ағайындымыз. Екі сіңілім,бір әпкем, бір ағам бар. Мен – ортаншысымын. Барлығы әр салада жемісті қызмет етіп жүр.
Ата-анам бізді тәрбиелеп қана қоймай, еңбекке де баулыды. Еңбекке ерте араластық. Қазіргі уақытта балаларды еңбекке пайдалануға болмайды деген пікірлер жиі айтылып жатады. Менің ойымша, еңбек адамды тәрбиелейді, қалыптастырады. Әрине, ауыр жұмысқа салудың қажеті жоқ шығар, бірақ, нанның қандай еңбек арқылы келетінін біліп өскен бала мен компьютердің құлағында ойнап өскен баланың сана-сезімі екі түрлі болады. Сондықтан да мен ата-анама ризамын. Өмірді түсінуіме, көп жақсылық еңбекпен келетінін ерте түсіндіріп, санамызға сіңіргені үшін оларға қарыздармыз. Жерлестеріме, кішкентай сіңілі-бауырларыма айтарым – бірінші, армандау керек, екінші, сол арман жолында еңбектену керек. Адам алдына қандай мақсат қойса, сол арман мен еңбек мақсатқа жеткізеді.

Қазір кез келген көлденең көк атты журналистикадан нан тауып жүр

– «Рахаттанып, көз майын тауысып кітап оқу ХХ ғасырда қалып қойды» депсіз бір сұхбатыңызда. Қазір сонда жұрт кітап оқымайды деп ойлайсыз ба? Өзіңіз кітапты қаншалық жиі оқисыз? Қазір қандай кітаптарды оқып жүрсіз?

– Адамның кітапқа қызығушылығы әр кезеңде әртүрлі болады. Қазір көбінесе жұмысқа қажетті кітаптарды оқуға тырысамын. Өйткені, журналистика саласы әрдайым білімді толықтырып отыруды талап етеді. Қазір бұқаралық ақпарат құралдары үлкен өзгерістерді бастан кешіруде. Қойылатын талап та жоғары. Медиаменеджменттің де өзіндік қиындығы бар. Сол себепті қарқынды жұмыс істеп, біліміңді үнемі жетілдіріп отыруың керек. Сондықтан медиаменеджмент, экономикалық сала бойынша әртүрлі қажетті кітаптарды оқып жүрмін. Кезінде көркем әдебиеттерді көбірек оқуға тырыстық. Шетелдік жазушылардың ішінде Эмиль Золя, Теодор Драйзер, Пауло Коэлью кітаптарын қызыға оқыдым. Ал өзіміздің қаламгерлерден Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауиннің кітаптарына деген қызығушылығым ерекше болды. Жақында Оралхан Бөкейдің толық шығармалар жинағын Ғалия Бөкейқызы тарту етті. Осыдан 20-25 жыл бұрын оқыған шығармалар қайтадан оқу барысында, мүлде басқаша қабыданады. Өте әсерлі. Жазушының бар ойын, болмысын сезінгендей болады екенсің. Қазір мықты жазушылар азайып бара жатқан сияқты көрінеді. Көбінесе шетелдік, ресейлік жазушыларды оқимын. Әріптестер әлемін де әрдайым бақылап отырамын. Курстасым Қуат Борашевтың «Жер жұмағы», «Хабар» арнасында әріптесім болған, білікті журналист Арман Сқабылұлының «Өкпелемеші» деген кітабын оқып шықтым. Жас ақындардың жазған дүниелерін де назардан
тыс қалдырмаймын. Дәл қазір Владимир Познердің кітабын оқып жатырмын. Онда да тағылымдық дүниелер өте көп.

-Бибігүл Жексенбайды Бибігүл Жексенбай еткен, атыңызды алты алашқа танытуға ықпал еткен қандай қасиетім деп ойлайсыз?

-Журналистке керек қасиеттің бірі – қызығушылық. Таңдаған тақырыпқа шынайы қызығушылығы болған кезде оның жасаған жұмысы сапалы болады. Қазіргі жас журналистердің жанарларында от жоқ, қызығушылықтары төмен. Бас редакторлармен бір кездесуге барғанымда әңгімеге селқос қарап, тіпті ұйықтап отырған студенттерді көрдім. Біз студент кезімізде редакцияның есігінен сығалап жүргенімізге қуанатынбыз. Кез келген тақырыпта тапсырма берсе, ерекше қызығушылықпен орындайтынбыз. Мамандығым арқылы қаншама тағдырларға, қаншама қызықты оқиғаларға куә болдым. Мысалы, еліміздің ең шалғай аудандарының бірі – Маңғыстаудың Бейнеу ауданында суды да, шөпті де, отынды да өзге облыстардан тасымалдаса да, мыңғырылған мал өсіріп отырған отбасы тамсандырды. Жеті қат жер астындағы шахтаға түсіп, шахтер мамандығының қыр сырына қанықтым. Қандай мамандықты таңдасаң да, оны жан-тәніңмен жақсы көруің керек. Қызығушылығың жоғары болып, одан ләззат алуға тырысуың қажет. Бразилия Президенті Хосе Игнасиа Лулумен сұхбат құрғанымыз бар. Президент өзінің еңбек жолы туралы егжей-тегжейлі баяндап берді. Он бес жасынан етікшілікпен айналысыпты. Қатардағы етікші емес, өте шебер етікші болғандықтан халық та оның жұмысын жоғары бағалаған. Ол өзінің мамандығын жақсы көру арқылы қанша адамға ойдағыдай қызмет етті. Еңбегі арқылы жұмысына деген махаббатын көрсетті. Еңбектің өтеуі шығар қарапайым етікші елдің ықыласына бөленіп, президенттікке дейін көтерілді. Мен Хосе Лулудың ғибратты сөзінен ерекше әсер алдым. Қызығушылық туралы ой қозғасам, сол президенттің әңгімесі есіме түседі.
Кез келген салада табысқа жетуге болады. Ол үшін адам өз жұмысын махаббатпен, ерекше ынта-жігермен жасауы керек. Ал өзім туралы айтар болсам, журналистика саласында халыққа барынша сапалы дүние ұсынуға, толыққанды ақпарат беруге тырыстым. Соның арқасында жасаған жұмысым көрермен көңілінен шыққан шығар деп ойлаймын. Шеберліктің шыңы жоқ. Әлі де еңбектену керек. Заманның талабы қатал. Білім жағынан да, еңбек жағынан да күнделікті жұмыс істеуіміз қажет.

– Соңғы кездері әнші-артистердің, тіпті, бұл салаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шенеуніктердің бағдарлама жүргізушісі атанып, журналистикаға араласқанын жиі көріп жүрміз. «Торғай сойса да, қасапшы сойсын» деп, неге бағдарлама тізгінін журналист мамандарға ұстатпасқа? Осының кесірінен талантты журналистеріміз көлеңкеде қалып қойып жатқан жоқ па?

– Бұл журналистиканың арзанқол болып кеткендігін көрсетеді. Қазір уақытта интернеттің пайдасы болғанымен, оның зияны да көп. Осының кесірінен ақпаратты бір-бірінен көшіру белең алды. Мәліметті мұқият тексермей көрерменге ұсына салатын жағдайлар да көбейіп кетті. Өткен жылы мені Бас редакторлар клубының президенті етіп сайлады. Бұл – еліміздегі 250-ден астам БАҚ-тың басшыларын біріктіретін қоғамдық ұйым. Ұйым өз алдына ел егемендігін нығайту, демократиялық қоғам құру, кәсіби ақпараттық кеңістікті да¬мыту, сондай-ақ, қоғамда тұрақ¬тылық пен ұлтаралық ынты¬мақ-тас¬тықты баянды ету сын¬ды мін¬деттерді алға қойып отыр. Жуырда келе жатқан Президент сайлауына орай бұқаралық құралдарын этикалық-құқықтық тұрғыдан, сауатты, таза ақпарат таратуға белсене араласуға шақыратын хартияға қол қойдық. Көптеген БАҚ өкілдері қолдау көрсетті. Шыны керек, сайлау барысында болсын, жалпы, басқа да жағдайларда рейтинг қуып немесе арзан бедел жинау үшін жалған, тексерілмеген немесе біреудің тапсырысы бойынша ақпарат тарататын жағдайлар жиі орын алып жатады. Осыдан ада болу үшін өз әріптестерімізді сапалы әрі шынайы ақпарат таратуға шақырып отырмыз. Журналистік этиканың төмендеуі жалпы журналистиканың беделін түсірді. Қазір кез келген көлденең көк атты журналистикадан нан тауып жүр. Ақпаратты көшіріп басып, жылт етіп көрініп, жылдам ақпарат таратса болды, «бұл – журналистика» деп түсінетін әмбебап мамандар пайда болды. Кәсіби журналистер белсенді болғанда, өз-өзімізді сынай алған кезде ғана біз журналистиканың абыройын көтеріп, кездейсоқ адамдарды азайта аламыз.
Бас редакторлар клубының әрбір жұмысы журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруға арналады. Алдағы уақытта «Медиа Экспо» деген көрме ұйымдастырмақпыз. Бұл – қазақстандық БАҚ-тың абыройын көтеру жолында қолға алынып отыр. Сонымен қатар, отандық теле-радио контентін күшейтіп, отандық продакшн студиялардың өнімдерін көрсету үшін продакшн студиялар көрмесін өткізбекпіз. Аймақтарды аралап, үлкен форумдар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Жақында түркиялық әріптестерімізбен бірлесіп, медиаконференция ұйымдастырдық. Бұл да халықаралық байланысты дамытып, екі ел журналистерінің етене араласуы үшін жасалған мүмкіндік. Болашақта отандық БАҚ-қа қажетті жаңа тектіктерді, жаңа жобаларды қарастырмақ ойдамыз.

– Әр адамның өз әуестігі болады. Хобби дейміз ғой. Сіздің әуестігіңіз туралы оқырмандарымыздың білгісі келеді. Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?

– Шынымды айтсам, бос уақыт бола бермейді. Кейде қолым босай қалғанда әртүрлі таңсық тағамдарды әзірлегенді жақсы көремін. Өзге де елдердің асханасындағы тағамдарды жасап көруге тырысамын.
Егер уақыт болып жатса қазақ әйелдерінің көрнекті, әдемі киінуіне мүмкіндік беретін жаңа дизайнерлік жобаларды жасауды қолға алар едім. Дизайнерлік өнерді бағындырғым келеді. Сол тұрғыда жұмыс жасасам деймін. Қолым босағанда әртүрлі сызбалар жасап, жақындарыма, өзіме киім үлгілерін жасаумен айналысатын хоббиім бар.

-Мазмұнды әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Олжас Әбілұлы

Осы айдарда

Back to top button