«Дидардың» қонағы

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ: – Егер жанды дауысқа көшсек, әншілердің 20 пайызы ғана қалады

Бейбіт ОРАЛҰЛЫ:  -  Егер жанды дауысқа көшсек, әншілердің 20 пайызы ғана қалады

– Бейбіт аға, әндеріңіздің көбін елімізге есімі белгілі әншілер орындайды. Дені – халыққа танымал әндер. Дей тұрғанмен, өзіңіз үшін шоқтығы биік деп қайсысын атар едіңіз?

– Жүректі жарып шыққаннан кейін әндеріме жақсы, жаман деп қарамаймын. Алғашқы әндерімнің бірі – «Нұр бейнеңді» баспасөз беттерінен оқыдым, 20 ғасырдағы үздік әндердің алғашқы ондығына сенімді түрде кіргізуге болады деген баға беріпті. Жақында «Хабар» арнасынан авторлық кешімді көрсетті. Сол кезде де маған «Сіздің «Нұр бейнеңіз» өте әсерлі ән» деген пікірлер айтылды. Бұл әнді ең әуелі Бақтияр Тайлақбаев пен Роза Рымбаева орындаған. Одан кейін «Парасат» тобы орындады. Басқа да көптеген өнер адамдары орындап жүр. Мен тек белгілі әншілерді ғана айтып отырмын. Тағы бір жаныма жакын әндерімнің бірі – Гауһар Қаспақованың орындауындағы «Алғашқы көктем». «Алдамшы екенін сезбедім…» – деген өлең жолдары бар. Екі ән де бір уақыттарда дүниеге келген. Шынымды айтсам, архивімде он жылдай жатты. 1990 жылдарға дейін бар күшімді салып, қанша ән жазсам да, талпынсам да, бірлі-жарым әндерімді ұжымдық топтар мен ансамбльдер ғана орындайтын. Көпшілік жүрегіне жол тарта алмады. Ол кезде қазіргідей керемет қылып өңдеу де мүмкін емес. Жоғарыда атап кеткен екі әнім де 1986 жылдары жазылды. Бақтияр Тайлақбаев орындайтын «Ауылға» деген әнім де – алғашқы әндерімнің бірі. Кейіннен Асан қайғының сөзіне жазылған «Мұны неге білмейсің?» әнін Алтынай Жорабаева айтып шыққаннан кейін танымал әндердің санатына қосылды. Шет елдерде өткен талай фестивальдарда жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, Каир, Шанхай, Болгария, Эстония, Голливуд, Славян базары сияқты ән байқауларынан бірінші орын, бас жүлделермен оралды. Көптеген елдерде әндерім қазақтың атын шығарды. Оншақты жылдай «Бозторғай» балалар фестивалінің әділқазылар алқасының құрамында болдым. «Мұны неге білмейсіңді» кішкентай балаларға дейін орындап жүр. Осы әндерім маған ыстық. Мен үшін әрқайсысының орны бөлек. Бағы жанбай, архивімде жатып калған, өз орындаушысын таба алмаған әндерім де жоқ емес. Өмір алда ғой, олар да жарыққа шығар. Әннің де кейде әншінің алып шығуына байланысты жұлдызды сәті болады.

Мені халыққа танытқан «Бозжорға» емес

– Бір сұхбатыңызда «Мені халыққа танытқан «Бозжорға» емес» депсіз. Бірақ, ресейлік «На-На» тобы қазақ тілінде ән айтып шыққан кезде елді елең еткізді. Бәрінің көкейінде «Бұл кімнің әні екен?!» деген сауал тұрды. Басқа әндеріңізді атаған кезде орындаушысын білгенімен, сізді түстей алмай жатады. Ал «Бозжорға» десе, бірден таниды.

– Енді ол әнді орындаған «На-На» тобы ғой. Ол кезде топтың атағы аспандап, дүрілдеп тұрған шағы. Маргарет Тетчер мен Филиппин королінің алдында өнер көрсетіп жүрген кездері. Олар қазақша ән айтып шығады деп ешкімнің де күтпегені рас. Сосын жұрт «Бұл кімнің әні екен?!» деп бір-бірінен сұрай бастады. «Халық әні екен» дегендер де болды. Түркияға жиі барып тұрамын. Ол жақта да «Бозжорғаны» жақсы біледі. Түркі тектес халықтарға, ТМД елдерінің біразына да «Бозжорға» таныс. Бұл әніме ризамын. Бірақ, мен оны керемет бір көркем туынды деп айта алмаймын. Оны он орайтын әндерім де бар.

– Тапсырыспен ән жазасыз ба? «Өмірзақ Сәрсенов бірнеше әнім үшін джип автокөлігін сыйға тартты» деп едіңіз бір кезде. Әндеріңіздің тууына Өмірзақ Сәрсеновтің идеялары ықпал етті деуге бола ма?

– Қазақ радиосында жүргенде Жүрсін Ерман арқылы Өмірзақ Сәрсеновпен таныстым. Ол кісі «Үш жампоз» деп аталатын анасы – Ақжүніске, әкесі – Сәрсенге, атасы – Оспанқожаға арналған үлкен шара өткізді. Оған мен ғана емес, көптеген өнер адамдары атсалысты. Іленің жағасында ақ шаңқан киіз үйлер тіккізіп, бәйге шаптырып, балуан күрестірді. Ақын Ғалым Жайлыбай екеуіміз бірлесіп «Ақжүніс» деген ән жаздық. Өмірзақ ағамызға ұнаған болуы керек. Тағы да қолқа салды. Сөйтіп, жеті ән дүниеге келді. Ойлаған жоқпын, бірнеше ән жазамын деп. Менің бір досым: «Әніңді сатқаның – жаныңды сатқаның» дейді. Жаныңды сатқаның емес, сұраныс қой. Сазгерлік – менің мамандығым. Адам мамандығының жемісін жеуі керек. Ауамен қоректенбейміз ғой. Біздің де бала-шағамыз бар. Бүгінде кеңес үкіметі кезіндегідей сазгерлерге ешкім жағдай жасамайды. Әркім өз тіршілігімен. Продюсерлермен жұмыс істейміз. Тек әнімізді беріп қана қоймай, оларды үлкен сахнаға дайындаймыз. Сондықтан мұны үлкен жоба ретінде де қарастыруымыз керек.

Ән айту мен ән жазу еріккеннің ермегіне айналды

– Қазіргі ән жазып жүрген сазгерлерден кімге көңіліңіз толады? Немесе қайсысына бүйрегіңіз бұрады?

– Әркімнің қақы бар деп ойлаймын. Ән айта ма, ән жаза ма, өз еркінде. Тыйым салуға болмайды. Әр әншінің өз тыңдарманы бар. Әркімнің талғамы әртүрлі. Біреу Мәскеуде жүрген «А студионы» тыңдайды. Біреу Заттыбекті тыңдайды. Біреу Заттыбекті, біреу «КешYou-ды» жамандайды. Бірақ, олардың өз тыңдармандары бар. Соңғы кезде мынадай ойға келіп жүрмін, қоғам болғаннан кейін талғамына, деңгейіне, мәдениетіне, ішкі жан дүниесіне қарай адамдар өзі бағасын беруі тиіс. Бірақ, «халыққа ұнайды екен-ау» деп халықтың жетегінде кетуге болмайды. Халықты жетелейтін, ойлы, мағыналы дүниелер жазу керек. Сазгерлердің көбі халыққа ұнаймын деп жеңіл-желпі дүниелер жазуға әуестеніп кетті. Атын айтпай-ақ қояйын, 70-80 пайызы жеңіл әуенге құрылған той әндерін жазумен айналысып кетті. Әнге кәсіби тұрғыдан қарау керек. Көңілім толатын сазгерлер бар, әрине. Әсіресе, жастар арасында Ринат Ғайсиннің есімін атар едім. Жұрттың көпшілігі оны қазақылығы шамалы деп жаратпай жатады. Бірақ ол – қазақтың атын шетелге, Еуропаға танытып жүрген үлкен сазгер.

– Соңғы кездері ән өңдеумен, жас таланттарды жарыққа шығарумен айналысып жатыр екенсіз?

– Көп насихаттамайтынмын. Жоғарыда айттым ғой, «Бозторғай» балалар фестивалінде, Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаева бастаған, құрамында Кеңес Дүйсекеев, Лаки Кесоглу, марқұм Қаршыға Ахмедияров, Қайрат Байбосынов, қазіргі күні Айгүл Үлкенбаева, Рамазан Стамғазиевтар бар әділқазылар алқасында он жылдан аса жұмыс істедім. «Айгөлекте» де әділқазылар алқасының құрамында болдым. 3-4 жыл болды, балалар әндері тақырыбы аясындағы іс шараларға, олар туралы хабарларға атсалысып жүрмін. Екі жылдан бері Көкшетаудағы «Балдәурен» балалар сауықтыру орталығында өтіп жүрген іс-шараларға қатысып келемін. Балаларға байқауларда айтатын әндер жазып жүрмін. Балабақшада айтатын ән бір бөлек. Дастарқанның әні бір бөлек, конкурстың әні бір бөлек. Мұны шатастыруға болмайды. Екеуінің форматы екі басқа. Сонымен қатар, балаларды сахнаға дайындап, дауысын қою жағына да көп көңіл бөлемін. Шет елдерде өтетін байқауларға шығуына көмектесемін. Жақында Томирис Жанғазинова деген шәкіртім «Айгөлектің» лауреаты атанды. Астанада өткен «Тәуелсіздік толғауы» деген байқаудан бірінші орынмен оралды. «Ғашық жүрек» телехикаясына түсті. Одан басқа да сегізге жуық фильмде ойнады. Болашағынан көп үміт күттіретін талантты қыз. Үлкен жұлдыз болатынына сенемін.

Компьютер талай таланттың бағын ашты

– «Жанды дауыспен ән айтуға көшу керек» деген пікірге қалай қарайсыз?

– Сайтта «Компьютердің жетілдірілуі» деген мақалам жүр. Компьютер көптеген таланттардың ашылуына септігін тигізді. Бұрын мұндай мүмкіндік жоқ еді. Әніңді Қазақ радиосында, телевидениеде үлкен оркестрге салып орындамаса, ел алдына шығуың екіталай болатын. Сондықтан санаулы ғана сазгер еді. Бұл компьютер дегенің бір жағынан көп таланттарға жол ашқанымен, екінші жағынан, еріккеннің ермегіне айналды. Кез келген адам компьютерге салып алып ән айта береді. Концерттерде жанды дауыспен айтқан дұрыс, халықты алдаудың қажеті жоқ. Жанды дауыспен ән салған кезде залда болсын, эфирде болсын сапалы дауысты тыңдармандарға жеткізудің өз техникасы бар. Бізде соны іске асыру технологиясы дамымаған. Мамандар жоқ. Енді-енді жетіліп келе жатыр.

– Дыбысты сапалы жеткізетін режиссерлер жетіспейді дейсіз бе?

– Дыбыс режиссурасының мектебі жоқ. Әркім өзінің үйренгені бойынша істеп жүр. Концерттерде дауыспен жұмыс істейтін белгілі бір-екі адамды ғана білеміз. Сондай үлкен дәрежеде залды дыбыспен қамтамасыз ете алатын адамдар жоқтың қасы. Дыбыс технологиясын жоғары деңгейде меңгерген мамандар болғанда ғана жанды дауыс болады. Телевидениеде қанша тыраштансаң да, өз дауысыңмен айту мүмкін емес. Тек Қазақстанда, Ресейде ғана емес, бүкіл шетелде телеарнадан ұсынылатын әндер әуелі жазып алынады. Содан кейін эфирге шығады. Сондықтан жанды дауысқа көшуге әлі ертерек. Бірақ концерттерде өз дауысыңмен айтқан дұрыс. Тап қазір осы фонограмманы алып тастауымыз керек деп айта алмаймын. Бірақ, күресу керек. Егер жанды дауысқа көшсек, ән айтып жүрген өнерпаздардың 20 пайызы ғана қалады.

– Бір кездері сіздің есіміңізді жамылып, біраз былықтар жасаған алаяқтың бар екені әшкере болды. Бір бойжеткенге Бейбіт Оралұлы болып үйленіп, өзінен туған екі баласын да сіздің атыңызға жаздырып қойған екен. Оған қандай шара қолдандыңыз? Заң орындарына шағымданбадыңыз ба?

– Бұл он жылдан бері жалғасып келе жатқан нәрсе ғой. Иә, екі баласы да менің атымда болды. Олар отбасы болып, бірге тұрды ғой. Алдымен өзара ақылдасып, араларында болған жағдайларын анықтап алсын деп ойладым. Ең басты мәселе – өздерінде болып тұр ғой. Несиеге үй алған, машина алған. Әшкере болғаннан кейін, балаларын өз атына жаздырыпты. Бірақ, ажырасып, алимент алу үшін де бір-бірімен соттасып жатты. Жақында қалалық ішкі істер басқармасы «Арыз беріңіз» деп шақырған. Әрине, менің тарапымнан да арыз жазылуы керек. Моральдық құқығымды аяққа таптады емес пе?

– Ол жігіт сізге хабарласып, кешірім сұраған жоқ па?

– Жоқ. Қазірге дейін үнсіз. Іздестіріп жатыр. Халық осыны дұрыс түсінбейді. Атағын аспандатудың бір жолы деп санайды. Мен пиар үшін біреулерді әдейі үйлендіріп, ажырастырып, олардың тағдырымен ойнай алмаймын ғой.

– 2014 жылғы шығармашылық жоспарыңыз қандай?

– Астанада концерт қояйын деп жатырмын. Сонымен басым қатып жүр. Бүгінгі таңдағы рейтингісі жоғары әншілерді концертіме қатыстыруды жоспарлап отырмын. Мысалы, Жанар Доғалова сияқты. Жанар он үш жасынан бастап менен тәлім алған. Бұрын орындалмаған әндерімді де жарыққа алып шықпақ ойым бар. Ән жаздыру оңай шаруа емес. Бұрын орындалған әндер оркестрмен де айтылуы мүмкін. Астананың әкімшілігі ұйымдастыру жұмыстарын өз қолдарына алып жатыр.

Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Осы айдарда

Back to top button