Басты

Бейбіт шеру өткізу жайын талқылады

  Достық үйі – қоғамдық келісім орталығында «Қазақстанда  бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңның жобасы талқыланды. Жиналғандарды Заң жобасымен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі азаматтық қоғам комитетінің ведомствоаралық үйлестіру басқармасының басшысы Олжас Батырбеков таныстырды.

– Мемлекет басшысы  Қазақстан халқына Жолдауында Үкімет алдына митингтер туралы заңнаманы жетілдіру туралы нақты тапсырма қойғаны белгілі. Біз қазір заң жобасын түсіндіру, талқылау жұмыстарын барлық аймақтарда, аумақтық органдарда  жүргізіп жатырмыз. Жергілікті белсенділердің көптеген ұсыныстары ескеріліп жатыр. Осы талқылау барысында-ақ түзетулер, толықтырулар енгізілді, – деп атап өтті Олжас Батырбеков.

Мысалы, жобада бұрын бейбіт митингілерді ұйымдастыру туралы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылғандар митингті ұйымдастырушы бола алмайды деген тармақ болған екен. Қазір бұл норма алынып тасталған. Сол сияқты 18 жасқа толмаған балаларды шерулерге қатыстыруға болмайды деген бап болған. Белсенділер бұл норма балалардың құқын шектеу екенін дәлелдегендіктен, қазір қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.

Жаңа заң жобасының басты ерекшелігі – ұйымдастырушылар митинг өткізетіндері туралы жергілікті атқарушы билікке ескертулері керек. Осы жерде жиналғандарды қызықтырған басты сұрақ – бейбіт митингіге шығатындардың саны неге 250 адаммен шектеледі және бұл норманың қайдан шыққаны болды.

Олжас Батырбековтің түсіндіруінше, алдын ала жүргізілген зерттеулер үлкен қалаларда митинг өткізуге арналған орындардың сыйымдылығы осыдан аспайтынын көрсетіпті.

-Митинг кезінде халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа адамдар үшін жол қозғалысының тоқтап қалмауы үшін дәл осынша адам саны лайықты деп шешілді. Бейбіт шерулердің басқа адамдардың құқығын бұзбауын да ойлаған жөн. Митингті өткізетін жерлерді жергілікті атқарушы билік белгілейді. Олардың санына да шектеу жоқ. Он, тіпті жиырма-отыз орын белгіленсе де еркі. Тек олар қаланың шетінде болмауы керек, – деп түсіндірді Олжас  Кәрімұлы.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың  қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының аға оқытушысы  Аксана Каленова жобадағы кейбір нормалардың әлі күңгірт екеніне тоқталды. Мысалы, митинг өткізу үшін берілген ескерту он бес күнде қаралады екен. Ал кейбір жағдайларда халық аяқ астынан бұрқ етеді, елордадағы бес сәбидің қазасы кезіндегідей. Бұл рұқсат етілмеген митингті ұйымдастыруға  итермелейді. Сол себепті Заңда аяқ астынан болатын митингтерді өткізудің механизмі нақты көрсетілуі тиіс деп санайды оқытушы. Тағы бір түсініксіз тұсы – жобада митингтің өрт қауіпсіздігіне де, тәртіп бұзушылыққа да, жедел жәрдемнің көрсетілуіне де ұйымдастырушы жауапты деп көрсетілген.

-Ұйымдастырушы дегеніміз қарапайым белсенді. Ол қалайша өрт қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке және жедел жәрдемге жауап береді? Сонда алдымен осы қызметтерге барып, рұқсат алуы керек пе? Онда жергілікті биліктің, полиция қызметкерлерінің міндеті қандай? Митинг өткізуге рұқсат бермейтін кездер де көмескі жазылған, – деген сауалын тастады Аксана Каленова.

Өскемен қалалық жергілікті өзін-өзі басқару кеңесінің төрағасы Серік Оразбайұлы ұйымдастырушылардың митингке келетін БАҚ тізімін беру тармағын түзетуді және блогерлердің жұмысын қадағалауды  ұсынды.

Қоғам белсендісі Александра Осипова митинг өткізуге рұқсат бермеу нормаларына тоқталды.

– Қаламызда бейбіт шеруді өткізуге арналған алты орын белгіленген. Соған қарамастан бізге отыз рет (!) рұқсат бермеді. Балалардың жиыны болады не басқа іс-шара деген сияқты әртүрлі сылтаулар айтылды.  Егер шенеуніктің өтірік ақпарат бергені анықталса, оны жауапқа тарту нормасын қарастыру керек деп санаймыз. Митинг өткізу үшін қойылатын қазіргі талаптарды, жинау керек құжаттарды қарап отырсақ, тым күрделі, – деді қоғамдық белсенді.

Белсенділердің сауалдарына Олжас Батырбеков қолма-қол түсініктеме беруге тырысты.

-Ұйымдастырушылар жергілікті атқарушы органдарға ескерту жасағанда қандай қызметтердің қолдауы қажет екенін көрсетсе болғаны, қамтамасыз ету –  биліктің міндеті. Полиция қызметкерлері жиындарға қоғамдық тәртіпті сақтау үшін шақырылады. Аудио-видео жазбаларын даулы мәселе туындаған кезде прокуратура ғана сұрата алады. Бұл бұзылған мүліктер үшін кімнің жауапты екенін анықтау үшін ғана қажет. Басқа жағдайларда бермеуге болады. Ал жалған ақпар берген, митинг өткізуге кедергі келтірген шенеуніктердің жауапкершілігі туралы норманы қарастырамыз, – деді өкілі.

Жиынды қорытындылаған облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов басқосуда айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы министрлік өкіліне тапсырылатынын ескертті.

– Бұл біздің қоғам үшін өте маңызды Заң екені сөзсіз. Алайда жобаның нақтылай түсетін шикі тұстары баршылық. Өздеріңіз көріп отырғандай, Заң нормаларын екі түрлі түсінуге болатын жерлері бар. Ертең бейбіт шерулер үшін біреулер жазаланып кетпес үшін әлі де пысықтай түсу керек. Мен біз ұсынған пікірлер ескеріледі деп сенемін, – деді Олег Чернышов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button