Таным

Бесқонақта қазақ сапарға шықпаған

«Казгидромет» орталығы сәуірдің 12-сінен бастап еліміздің көптеген аймағында қар, жаңбыр жауып, күн қатты суытатынын ескерткелі бір аптадай уақыт өтсе де, ызғырық жел мен жауын-шашынның басылар түрі жоқ. Жыл сайын дерлік сәуірдің ортасына қарай елімізде осылай күн суытып, жаңбыр,  қар жауады. Мұны халық Бесқонақ немесе Отамалы деп атайды.

Оның басталу уақыты – еліміздің әр өңірінде әртүрлі. Бір облыста бұл құбылыс 12-23 сәуір аралығында болса, енді бір өңірде сәуірдің 8-інде кіріп, 18-інде шығады деп болжанған. Бесқонақ келген кезде көктем шуағына жылынып тұрған далада жаңбыр жауып, қар борап кетеді. Күн суытып, қыс қайта басталғандай болады. Бесқонақ күндері қазақ сапарға шықпаған, малды да алыс жерге жаймаған екен. Себебі бұл күндері қырық құбылатын ауа райын болжау өте қиын. Жалпы, бұл Бесқонақ жауын-шашынсыз, тып-тыныш өтсе, ол жаман ырымға баланған. Өйткені жазда жаңбыр аз болып, құрғақшылық болуы ықтимал.

Халқымыз ежелден Бесқонақтан  қатты сақтанған.  Бесқонақ өтісімен ел көктемгі егіске қамданған. Ертеде «осы күндері көктемнің кезі деп қаннен-қаперсіз қыдырып шыққандар бесқонақта суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел аузында аңыз бар. Бесқонақ циклонынан кейін қаратамақ, сарышымшық торғай келеді.

Сәуір айының ортасынан асқаннан кейін оңтүстікте алғашқы найзағай ойнап, жаңбыр жауып, жер бусанып сала береді. Халық осы найзағайдың жарқылын «Қыдыр (Қызыр) қамшысы» ойнады» дейді. Бұдан кейін қыс біржолата кетті деп есептеледі. «Сәуір болмай – тәуір болмас» деген де осыған қатысты айтылған.

Жамал Ермен

 

Осы айдарда

Back to top button