Таным

БАБАЛАРЫМ ТҰЛПАР МІНІП, ТУ АЛҒАН

Серік ҚҰСАНБАЕВ 

Заманында ұшы-қиыры жоқ сахараны оңды-солды сайрандап, жауласқан жауын жермен-жексен ете ойрандап өткен қаһарман қазақтың, яғни, біздің ата-бабаларымыздың айларға ұласып, жылдарға жалғасқан жорық жолдарын, ұлан байтақ даласына көз алартқан ата жауының бетін қайтарған ерен ерлігін, көз алдымызға жылқы малынсыз елестетіп көруге бола ма?

Жоқ, әрине! Жоғыңыз не, мүмкін емес. Елестетіп көргенді қойып, олай ойлаудың өзі күлкілі…

Қойнауындағы қисапсыз қазба байлығы мен рухани қазынасын, өзге елдерде жоқ ерекше салт-дәстүрі мен батырлық, ақындық, шешендік пен көсемдік секілді қарым-қабілетін айтпағанда, жер аумағының үлкендігі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын қазақ халқының бір мақтанышы – ұшы-қиыры жоқ ұлан-байтақ даласы. Қазақ осынау бабадан балаға мұра боп қалған байтақ даласының кеңдігін шақырымдап, шаршылап немесе басқа да бір есеп-қисап түрімен өлшемеген.

О шеті мен бұ шеті, құс қанатын талдырған

Негізінде, қазақтың бойына Алла тағала әуелден шешендік пен көсемдікті, батырлық пен ақындықты аямай-ақ бере салған ғой. Оған қазақ ауыз әдебиетіндегі кез келген жыр-дастандар мен эпостық жырлар, қилы-қилы оқиғаларға толы қиссалар мен толғауларды бір шолып шыққан адамның көзі әбден жетеді.

Сол шешен де, көсем бабаларымыз жеріміздің кеңдігін:

«О шеті мен бұ шеті,

Атанның белін алдырған,

Қанатын құстың талдырған», –  деп екі-ақ ауыз сөзбен түйе салған. Ал енді осы, кеңдігі мен көлемін айтып тауыса алмай отырған ұлан-байтақ даланы бізге кім берді? Іргеміздегі қытай ма әлде бүйіріміздегі орыс па? Әлде сонау мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ немесе батыс сыйға тартып па еді?

Әрине, АҚШ та, батыс та, орысың да, қытайың да ешқайсысы берген жоқ. Бұл – жарлығы күшті жаратқан Алланың Жер бетінде жүрген қазақ дейтін пешенелі пендесіне тартқан баға жетпес, тілмен де айтып жеткізу мүмкін емес тартуы.

Біздер, өз тілінен жерініп, орыстанып кеткені бар, өз байлығын өзі тонап, туған халқын зар қақсатып жүргені бар, тоқшылықтан кекірік атқан бай-бағланы мен ашқұрсақ жүруге дағдыланып алған кедей-кепшігі, қысқасы, тектісі мен тексізі бар бүгінгі ұрпақ, бұл құрметке лайық болсақ та, болмасақ та осынау бабадан қалған байтақ даланың заңды мұрагері боп отырмыз.

Ал енді Алла тағаланың осынау баға жетпес тартуын айналамыздағы анталаған ата жаудан күн демей, түн демей шайқасып жүріп қорғап қалған кімдер? Әрине, батыр туған бабаларымыз. Олар бұл ұлан-байтақ даламызды жаяу-жалпылап жүріп қорғамағаны баршамызға аян. Сөздің шынына келер болсақ, бабаларымыз қанша жерден батыр болса да, мұндай ұшы-қиырсыз жерді жаяу-жалпы жүріп қорғап қала алмас еді. Сондықтан қазақ тарихынан, қазақтың сол кезеңдегі күнделікті тұрмыс-тіршілігінен, жүріс-тұрысы мен басқа да қажеттіліктерінен жылқыны бөліп қарау мүлде мүмкін емес. Тіпті, белгілі бір тұрғыдан алғанда қазақ жылқы баласына қарыздар десек те, артық айтқандық бола қоймайды.

Содан да болар, қазақ баласы жылқы малына аса зор құрметпен, ерекше сүйіспеншілікпен, кейде тіпті жанашырлықпен де қарайды. Түркияда, сосын тағы да бір мұсылман мемлекеттерінде жылқының етін жемейді екен.

Солар біздің қазақ халқына: –  Сендер жаугершілік замандарда ердің қанаты бола білген, алысты жақындатып, ауырды жеңілдете білген жылқы малын неге сойып жейсіңдер? – дейтін көрінеді. Біріншіден, әр елдің салты басқа. Екіншіден төрт аяқтының бәрі тұлпар емес. Оның мініске жарайтыны мен жарамайтыны бар дегендей.

Сосын, біздің бабаларымыз жылқы етінің дәмділігі мен нәрлілігін айтпағанда, сүтінің дертке дауа, бойға қуат беретіндігін, өзге мал атаулыда жоқ жалы мен жаясының, қазысы мен қартасының, басқа да мүшелерінің адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екендігіне дейін білген және етінің өзін ми қайнаған ыстық күндердің өзінде тұздап, сүрлеп, баптап, тоңазытқышсыз, түксіз ұзақ уақытқа сақтай білген ғой.

Бір кездері әсіресе орыс ағайындардың арасында:

«Ойбай, жылқы етінің жағымсыз иісі бар, бәлен де, пәштуән», – дейтіндердің де болғандығын көзімізбен көріп, құлағымызбен естігенбіз. Қазір сол орекеңдерің де, түрігің де дастарқанға қойылған қазы-қартаң мен жал-жаяңды көргенде, «жылқыны сойған обал немесе жағымсыз иісі бар» демей-ақ, көздері күлімдеп, жалмаң қағып жеп қояды.

Қазаққа қатысы бар аңыз-әфсаналар мен тарихи оқиғаларға көз жүгіртсек жылқы туралы, оның адам секілді ақылдылығы мен лас (лай су, иістенген жем, қоқыстанып кеткен қора т.б.) дүниеге деген кірпияздығы, желмен жарысқан жүйріктігі мен су төгілмес жорғалығы жайлы айтылған жыр-дастандар да, толғау-қиссалар да өте көп. Қазақ халқының жылқы баласына деген сүйіспеншілігі мен құрметі өзге халыққа қарағанда тіптен алабөтен.

Егер қазақ жылқыны құрметтемесе, сонау жорық замандардағы Қабанбайдың Қубас атын, Исатайдың Ақбақайын, Темірланның Тарланбозын айтпағанның өзінде, бейбіт замандағы ел құрметіне бөленген Ақан сері, Біржан сал мен Кенендер бастаған небір сал-серілеріміз мініп жүрген сәйгүліктеріне Тайбурыл, Маңмаңгер, Құлагер, Майда қоңыр, Ақбозым, Боз жорға, Көкшолақ, Сұлу жирен, Ерке жирен, Сұржекей, Буырылтай деп ат қойып қана қоймай, ән-жырларына, күйлеріне қосар ма еді?

Ұлан-байтақ даланы аманат етіп қалдырған 

Сонау бір алағай да бұлағай, аласапыран замандардағы батырлар мен солардың таңдап мінген тұлпарларының жолы да, жөні де бөлек.

Айталық, қазақтың «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр» секілді лиро-эпостық жыр-дастандарында сөз болатын кез келген батырдың өзіне сай, тар жерде адам секілді көмектесе алатын, әлдебір қауіп-қатерлерден алдын ала сақтандыра білетін сенімді тұлпарлары болған. Батыр өзінің қанаты бола білген сенімді серігі тұлпарымен оңашада сырласып, қуанышы мен мұңын да қатар бөлісе білген. Мысалы: «Алпамыс батыр» дастанында Байшұбар ат Алпамысқа лайықты тұлпар екендігін өзі білдірмеуші ме еді. Қысылтаяңда жанашыр-жәрдемші де болады. Алпамысты зынданнан да құтқарады. Алпамыстың жауы жіберген мыстан кемпір Байшұбарға мінбек болған сәттері дастанда:

«Қос аяқтап тебеді,

Сонда кемпір құлады,

Ұзынынан сұлады», – деп жырланады.

Жарайды, «Алпамыс батыр» жыры елдің қиялы мен арманынан туған қиял-ғажайып ертегі-ақ болсын. Онда кешегі бүкіл ғұмырын ел қорғауға арнап өткен Қабанбай батырдың Қубас тұлпары жөнінде не айтамыз?!

Қабанбай ең соңғы рет жауға аттанғанда астындағы тұлпарымен:

« Мен келдім жетпіс сегізге,

Сен келдің отыз сегізге.

Сенен басқа ат мінсем,

Мінгендей болам өгізге.

Сені мініп шапқанда,

Тартынбай түсем теңізге.

Ей Қубасым, Қубасым,

Қабанбай өлді дегізбе», –  деп адамша серттеспеп пе еді.

Одан бері қаншама жыл өтті, жылыңыз не ғасырлар кеткен келмеске. Қазір заман да, заң да, қыл аяғы адамдар да өзгерген. Дегенмен қаншама уақыт өтсе де, қазақтың жылқыға деген махаббатын, құрметі мен қошеметін ешкім алып қоя алған жоқ. Әсіресе тәуелсіздік алған жылдардан бастап елімізде түрлі-түрлі ат ойындары-спорты да қолға алынып, сан алуан сайыстар ұйымдастырылуда. Айтулы ат жарыстарына еліміздің барлық өңірлерінен дерлік ат баптап қосушылардың саны жыл өткен сайын көбеймесе, азайған емес.

Ат жарысы демекші, қазақ атты бәйгеге қоспас бұрын оның желмен жарысқан жүйрік екендігін, бойындағы күш-қуатының қаншалықты зор екендігіне дейін сыншыларға көрсетіп, жүйрік болар жануарды мың жылқының арасынан құлын күнінен таңдай білген.

Ат сыншыларының айтуларына қарағанда, жүйрік ат жылқының ортасына кірмей үнемі саяқсып, үйірдің шетінде оқшауланып жүретін көрінеді. Жылқы жайылымы таулы жер болса, өр жағында тұрады екен. Егер жылқы маңдайына өз көлеңкесін түсірмей, таңертең күн шығысқа, кешкісін күн батысқа қарап жайылса, елеңдеп алысқа қарайтын болса, Күн батар алдында күнбатысқа қарап (Күнмен қоштасқандай) селтиіп тұрар болса, бұл – жүйрік жылқының белгілері көрінеді.

Ауылды жерде өскен соң, бала күнімізде атқа да шауып көрдік. Жарықтық кіндік әкем Көбен ақсақал сол кездерде бірнеше ат баптап бәйгеге қосып жүретін. Он-он бес шақырымдық қашықтықтарға ұлы Жұмабек екеуіміз шабандоз болушы едік. Бәйге болатын күні бәріміз ертемен тұрып топқа түсетін аттардың жал-құйрығын қызыл шүберек араластырып өріп, кекіліне үкі тағып, жарысқа кәдімгідей дайындалатынбыз. Сонда күнделікті күйбің тірлікте бола бермейтін осы бір қарбалысты көрген есті жануардың екі көзі шоқтай жайнап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, жер тарпып, жүрісінің өзі күндегісінен өзгеріп шыға келетін.

Өте тәжірибелі жылқышылар, жылқыны түгендеуге өте зерек болады екен. Мысалы, ертеректе Есалы деген жылқышы екі мың бас жылқыны  атпен бір шауып аралап шығып, түгендей алған. Тағы бір жылқышы құлын кезінде жоғалған малын жеті жыл өткен соң, біреудің мініп тұрған жерінен танып, сол жердегі билердің шешімімен жоғалған жылқысын өзіне қайтарып алған көрінеді.

Ертеректегі қазақтан шыққан ауқатты адамдардың көпшілігі аса сыйлы меймандарына немесе өздеріне арнап үнемі болмаса да ара-арасында құлын, тай, құнан, байтал секілді жас жылқыларды сойысқа жығып тұрады екен.

Бірде қол астындағы қолбасшылары ханға сойысқа деп құнан алып келсе керек. Белдеуге әкеп байлаған құнанды сол елде жүрген Әбілғазы деген сыншы байқап, әңгіменің төркінін түсінген соң, ханға және сол жерде жиналғандарға бұл құнаннан болашақта атақты жүйрік шығатындығына иландырыпты. Әбілғазы сыншы айтса-айтқандай, кейін сол құнан алдына қара салмас нағыз жүйрік болған көрінеді.

Біз қазақ – атқа қонса аруақтанып кететін өр рухты батыр елдің ұрпағымыз. Жаудан қайтып көрмеген жаужүрек бабаларымыз дұшпандардың көзқұртына айналған ұлан-байтақ даламызды ақ найзаның ұшымен, тұлпарының тұяғымен қорғап қалғандығын ұмытпауымыз керек.

Ең бастысы – ХХІ ғасырда атқа мініп атой салмасақ та, асқақ рухымыздан айырылмайық!

 

Осы айдарда

Back to top button