Денсаулық сақтау

Бес науқасқа ота жасап, білгенін үйретті

«100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Көкпектіде салынған медициналық ғимарат емгерлерге жақсы еңбек жағдайын тудырумен қатар, медициналық көмек түрлерін де кеңейтіп отыр.

Бес науқасқа ота жасап, білгенін үйреттіЗаманауи медициналық қондырғылар орнатылған аурухананың дәрігерлері құрал-жабдықтарды пайдалануды арнайы курстардан өтіп, үйренген.

Облыстағы білікті мамандар ауылға келіп, мұндағы дәрігерлерге іс жүзінде көмек көрсетіп, күрделі емес кейбір оталарды жергілікті жерлерде жасау туралы бастама көтерген болатын. Бұлай болғанда біріншіден, ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігі қамтамасыз етілсе, екіншіден, жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға күш салынады.

Жуырда аудан орталығындағы №2 медбірлестікке облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты М.Башабаев келіп, бес науқасқа ота жасады.

Мәскеуде, Израиль мен Кореяда тәжірибеден өткен алтын қолды хирург Марат Тыштықбайұлы арнайы барған бізге жұмыс сапарының мақсаты мен хирургия саласының жай-күйі жайында да әңгімеледі.

– Қазірде хирургияға деген көзқарас қатты өзгерді. Бұрындары үлкен хирургиялық оталар жасалса, бүгінгі күні ең аз кесу жолы қолданылады. Ол науқасқа жарақатты аз салып, оның тез жазылуына мүмкіндік береді. Біз Самардағы ауруханамен көптен бері берік байланыс орнатқанбыз. Өз басым шұғыл шақыртулар бойынша мұнда жиі келіп тұрамын. Аурухана жаңа, құрал-жабдықтары да облыстық ауруханадан кем емес. Хирургиялық көмекті қажет ететін науқастарды анықтап, алдын ала дайындауда да дәрігерлер жақсы жұмыс істейді. Бұл жолы өт жолдарында тасы бар және қан тамырлары мен тік ішек сырқаттарына шалдыққан төрт науқасқа ота жасадым. Бір науқасқа шұғыл ота жасауға тура келді. Оталардың бәрі де ойдағыдай, сәтті өтті. Халыққа тұрғылықты жерлерінде дәрігерлік қызмет көрсету өте тиімді. Олар біріншіден, ұзақ жол жүріп, шаршамайды, екіншіден, қаражат жағынан шығынданбайды. Ал біз жергілікті мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылатуларына көмектесіп, жас хирург-дәрігерлер көріп, үйренсін деген ниетпен оларды ота жасауға қатыстырамыз, – деді ол.

Эльмира Тайырқызы

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button