«Дидардың» қонағы

Берік Уәли, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, тележүргізуші: -Еліміздің кез келген азаматы мемлекетшіл болуы керек

Берік Уәли, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, тележүргізуші: -Еліміздің кез келген азаматы мемлекетшіл болуы керек

Мемлекеттік қызмет пен журналистиканы ұштастыра еңбек етіп жүрген журналистер қатары көп емес. Соның бірі – жерлесіміз, белгілі тележүргізуші, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы қызметін атқарып отырған Берік Уәли. Жақында танымал тележүргізушімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

«Доданы» көрермендер әлі күнге дейін сағынышпен еске алады

-Берік Уәлиұлы, бүгінде сіз жауапты мемлекеттік қызмет атқарып жүргеніңізбен өзіңізді жұрт ең әуелі тележурналист ретінде жақсы біледі. Журналистикаға қалай келдіңіз? Бұл бала күнгі арман ба? Әлде елге танымал болудың бір жолы телевидение болғаннан кейін осы саланы таңдадыңыз ба?

– Бұл саланы кездейсоқ таңдадым немесе кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Менің туған жерім – бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының Ойшілік ауылы (бұрынғы Комсомол совхозы – А.Қ). Сол жерде туып-өсіп, сол жерде білім алдым. 80-ші жылдардың соңына қарай, қайта құру кезеңінен кейін оңтайландыру шараларының жүргізілгені белгілі. Сол уақыттарда көптеген ауылдарда тереңдетілген негізде білім беретін әртүрлі пәндердің сыныптары ашылып жатты. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын сынып 1989 жылы біздің мектепте де ашылды. Директор Сәкен Көнекбаев бастаған мектебіміздің ұстаздар құрамы да мықты еді. Жоғары оқу орындарындағы «бір пар» дегенді біз сол кезде көрдік. Қазақ тілі пәнін де, қазақ әдебиеті пәнін де екі 45 минуттан оқитынбыз. Әдебиетке деген құштарлық, тілге деген жақындық сол 90 минуттық сабақтардан кейін бастау алды деп ойлаймын. Уақытқа шегініс жасап қарасам, мені журналистикаға жетелеген де бірден-бір себеп осы сияқты көрінеді. Сынып жетекшіміз тіл жанашыры, білікті ұстаз Зәйтуна Срайлова деген кісі болды. Оның үстіне таза қазақы ауылда өстік, түп-тамырымыз ауылда болғаннан кейін қалайша әдебиетке, тілге жақын болмайсың?! Мектепте жүргенде «кейін журналист боламын» деп айтпасам да, осы салаға бейім болғаным рас. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтына (қазіргі Өнер академиясы) түсіп, Бауыржан Нөгербектің шеберханасында кинотанушы мамандығы бойынша білім алдым. Оны бітіргеннен кейін бірден тележурналистикаға ден қойып, «Таң», «НТК», «31 телеарна» және «Хабар» телеарналарында қызмет істедім.

Берік Уәли, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, тележүргізуші: -Еліміздің кез келген азаматы мемлекетшіл болуы керек

– «2000-2007 жылдардың аралығын қазақ журналистикасының нағыз даму кезеңі деп білемін. Сол кезеңдерде сөз бостандығына үлесімді қосқанымды мақтан тұтамын» депсіз бір сұхбатыңызда. Осы уақыт мұғдарын қазақ журналистикасының даму кезеңі ғана емес, Сіздің «31 телеарнадағы» «Еркін сөз», «Дода» секілді өткір бағдарламаларыңыз арқылы елге тележүргізуші ретінде танылған кезеңіңіз десек те қателеспейтін шығармыз. Білуімше, өзіңіз жүргізген «Дода» ток-шоуы еліміздегі, оның ішінде қазақ тіліндегі алғашқы батыл ток-шоулардың бірі болған секілді…

– Шын мәнінде, «Доданы» сол кездегі қоғамдық-саяси телехабарлардың ішіндегі тыңнан түрен салған алғашқы бағдарламаның бірі болды десек қателеспейтін шығармыз. Оны әлі күнге дейін «Доданың» көрермендері сағынышпен еске алатыны жасырын емес. «31 телеарнаның» сол кездері қоғамдағы орны зор еді. Белгілі саясаткерлер мен басқа да танымал тұлғалар бағдарламаға қатысып, өз ойларын ашық айтып, пікірлерін еркін білдіруі арқылы еліміздегі демократияның, азаматтық қоғамның дамуына өз үлестерін қосты деп толық айта алам. 2006 жылы «Дода» ток-шоуы үшін Бақытжан Қосбармақов, Ораз Әлімбеков, Айнұр Серимова және Арайлым Еркімбаева сынды әріптестеріммен бірге Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын «Үздік ток- шоу» аталымы бойынша жеңіп алдық. Мұны қоғамдық-саяси бағдарламаларды ұтымды ұйымдастыра білуімізге берілген лайықты баға деп есептеймін. Ал 2003 жылы «Еркін сөз» авторлық бағдарламам үшін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атандым.

– Сол кездері «Дода» ток-шоуының рейтингісі өте жоғары болды. Мұның себебін осындай ток-шоудың бұрын-соңды елімізде болмағандығымен түсіндіруге бола ма?

– Бағдарлама рейтингісінің жоғары болуына, сұраныстың көптігіне мұндай ток-шоудың елімізде бұрын-соңды болмағаны себеп шығар. Сол кездегі саясат сахнасындағы серкелердің барлығын эфирге шақырдық. Оның үстіне Арманжан Байтасов басқаратын «31 канал» тәуелсіз телеарна еді. Көрерменді көптеп тартудың тағы бір жолы – тікелей эфирде дауыс беру жүргізілді. Екі тұлға додаға түсіп, пікірін білдіріп жатқан кезде олардың аты-жөндері экранның төменгі жағына жазылды, сөйтіп, көрермен қалаған адамына дауыс беру мүмкіндігін алды. Және берілген дауыстар сол сәтте есепке алынып, көрерменнің көз алдында кімнің айтқан ойы ұтымды шығып жатқанын көретін. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі алдияр-сарапшы да, жүргізуші де, хабарға қатысып отырғандар да емес, жеңімпазды хабарға тікелей атсалыса отырып анықтайтын көрермендердің өздері болғаннан кейін де қызықты, әрі елдің ерекше күтіп көретін бағдарламасына айналды ғой деп ойлаймын.

Әкім Тарази, Камал Смайылов сынды тұлғалардың дәрісін тыңдадым

-«31 телеарнада» танымал тележурналист ретінде қалыптасқаннан кейін «Хабар» телеарнасына ауысып, «Бетпе-бет» бағдарламасын жүргізіп, біраз шенеунікпен бетпе-бет келіп, ресмилігі басым, қасаңдау бағдарламаның бойына қан жүгірткеніңізді білеміз. Бейтарап бағыт ұстанатын телеарнадан мемлекеттік саясатты жүргізетін телеарнаға ауысуыңызға не түрткі болды?
– Біріншіден, «31 арнадағы» жүргізіп жүрген бағдарламам жабылды. Былайша айтқанда, тура 2 жыл эфирге шыққан «Дода» ток-шоуы өз миссиясын орындады. Бағдарлама жабылғаннан кейін «Хабар» телеарнасынан «Бетпе-бет» бағдарламасын жүргізуге ұсыныс түсті. Ол хабардың ресми болғаны, мемлекеттік саясатты негізге алғаны рас. Бірақ айналып келгенде, мемлекет бәрімізге ортақ ғой. Қай салада жүрсек те, барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы. Менің айтарым, Қазақстанның кез келген азаматы мемлекетшіл болуы керек. Мемлекеттік тұрғыдан ойлауы қажет. Қандай мәселеге де мемлекеттік тұрғыдан қараған адам ешқашан қателеспейді деп ойлаймын. Сол себепті де «Бетпе-бетте» халықтың көкейіндегі, елдің ойындағы мәселелерді мемлекеттік, елдік мүддеге сай көтеруге тырыстық. Егер алға қойған мақсат-мүдде үдесінен шығып, көрерменнің көңіліне жол таба білсек, бұл біз үшін үлкен абырой. Әрине, мұның бағасын қалың бұқара өзі бере жатар.

-Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын «кинотанушы-редактор» мамандығы бойынша тәмамдаған екенсіз. Алайда, сізді киносыншы ретінде көре алмадық. Әлде бұл мамандыққа кезінде сұраныс болмады ма?

– Біз бұл оқу орнын 1997 жылы бітірдік. Ол кездегі еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы баршаңызға мәлім. Қиын уақыт, қысылтаяң шақ. «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, ол кезде мемлекет кино саласына көңіл бөлмек түгілі, алдымен халыққа зейнетақы мен жалақыны уақытында беру мәселесі күн тәртібінде тұрды. Сол кездері кино саласына көңіл бөлінбегені рас. Ал енді кино жоқ жерде киносыншы қайдан болсын?!.. Сол себепті де телеарнаға ден қойып, кино саласынан қол үзіп қалғанымды жасырмаймын. Төрт жыл оқу орнында қазақ кино өнерінің тарихын, осы салаға еңбегі сіңген майталмандарымыздың шығармашылығын оқығаннан кейін бұл бағытта да қаражаяу емеспін деп айта аламын. 1938 жылы алғаш қазақ топырағында түсірілген «Амангелді» фильмінен бері және қазақтың тұңғыш кинорежиссері Шәкен Аймановтың «Махаббат туралы аңызынан» бастап бертінгі «жаңа толқын» режиссерларының түсірген туындыларын көріп, талдап, оқыдық. Газеттерге мақала жаздық. Қазақ киносының тарихын бір кісідей білемін десем қателеспеймін. Институт қабырғасында балаларға арналған көптеген анимациялық фильмдердің авторы Ерсайын Әбдірахманов пен қазақ мультипликациясының негізін қалаушы Әмен Қайдаров, «Қазақфильмді» көп жылдар басқарған публицист Камал Смайылов және жазушы-кинодраматург Әкім Тарази, театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев, Есмұхан Обаев, Еркін Жуасбеков сынды мүйізі қарағайдай тұлғалардан дәріс алдық. Бауыржан Нөгербек, Раушан Оспанова, Сатыбалды Нарымбетов, Серік Апрымов, Дәрежан Өмірбаев, Талғат Теменов те бізге сабақ берді, тәжірибелерімен бөлісті, білгенін үйретті. Ұстаздарымыз «Арман» кинотеатры мен «Кино үйі»-ндегі сеанстарға және Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театры мен М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрындағы қойылымдарға тегін кіруімізге мүмкіндік туғызды. Сонан соң сол көрген фильмдер мен спектакльдерімізге қатысты ой-пікірлерімізді біліп, мақала жаздырып, талдатып отыратын. Кеше ғана өмірден өткен Әшірбек Сығай ағамыздың да бізге сабақ берген сәттері қайталанбас мектеп қой… Осындай ағалардың алдын көргенімді, тәлім алғанымды, дәрістерін тыңдағанымды мақтаныш тұтамын, әрине. Тележурналистикаға келгенімде менің осы салаға тез бейімделуіме кино, театр саласының көп септігі тигені даусыз.

– «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм түсіргеніңізді білеміз. Алдағы уақытта осы тақырыпта тағы да деректі фильм түсіру ойыңызда бар ма?

– Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен Әлихан Бөкейхановтың 145 жылдығына байланысты өз күшімізбен «Алаштың Әлиханы» атты деректі фильм түсірдік. Белгілі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен саясаттанушы Ерлан Қарин кеңесшілік еткен, журналист Серік Жолдасбай сценарийін жазған фильм «Медиа-Астана» продюссерлік орталығында түсіріліп, «Астана» телеарнасынан бірнеше мәрте көрсетілген болатын. Бұл жарты сағаттық деректі фильм алаштың көсемі – Әлиханның барлық болмысын ашып көрсетті деп айта алмаймын. Әлихан Бөкейханов секілді тұлғаның өмірі мен қазақ үшін атқарған қызметін отыз минутқа сыйдыру әсте мүмкін емес. Дегенмен ұлы тұлға өмірінің негізгі сәттерін қамтуға тырыстық. Егер әр азамат тарихи тұлғаларымызды насихаттауға аз да болса үлес қосып жатса, қолдауымыз және қуануымыз керек. Алдағы уақытта мұндай деректі фильмдерді түсіру әрине, ойда бар. Жақсы сценарийлер жазылып жатса неге түсірмеске?!

Шын сын ширатады, орынсыз сын қиратады

Берік Уәли, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, тележүргізуші: -Еліміздің кез келген азаматы мемлекетшіл болуы керек

-Баяғыда бір ағамыз оңтүстік өңірге басшы болған бір үлкен шенеунік туралы «Мықты болсаң, Шымкентті басқарып көр» деп мақала жазып еді. Бірнеше жылдың жүзі болды, өзіңіз де осы өңірде жұмыс істеп жатырсыз. Дегенмен әуелгі кезде сізге қатысты «Берік Уәли бес минуты кем басқарма басшысы», «Берік Уәли Қабанбай батырдың кебін кие ме?» деген секілді қыжыртпа пікірлер айтылып, бірнеше сын материалдар жарияланды. Соған қарағанда шырайлы Шымкент әуелде сізді жылы шыраймен қарсы алмаған секілді…

– Оңтүстік Қазақстан облысында 240 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 182-і – газет, 38-і – журнал, 10-ы – телеарна, 3-еуі – радио, 7-еуі – интернет басылым. Бұған өңірімізде жұмыс істеп жатқан республикалық телеарналар мен газеттердің меншікті тілшілерін қосыңыз. Бұл нені көрсетеді? Бұл Оңтүстік Қазақстан облысының Астана мен Алматыдан кейінгі медианарығы дамыған, қайнап жатқан өңір екенін көрсетеді. Барлығы бірдей сынады, барлығы бірдей жылы шырай танытпады деп айту артықтау болар. Қолдау білдіріп, ақыл-кеңестерін бергендер де жетерлік. Бір сұхбатымда: «Нағыз демократия, сөз бостандығы – Оңтүстік Қазақстан облысында» деп айтқаным бар еді. Соны тағы қайталағым келеді. Оңтүстік Қазақстан облысы – еліміздегі жер көлемі ең кішкентай, халқының саны ең көп, тығыз орналасқан, тіршілігі қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатқан қазақы өңір. Мұнда сылбырлық танытып, жайбарақат жүруге жол жоқ. Халық бәсекеге өте қабілетті, алғыр. Мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін сынға да, басқасына да жауап беруге тура келеді. Ең бастысы, сын шын болса, оны түзеуге ұмтыласың. Былайша айтқанда, шын cын адамды ширатады, орынсыз сын қиратады. Шындыққа жанаспайтын сын шығып жатса, оны сөз жоқ заң шеңберінде теріске шығаруды талап ету керек. Шынымды айтсам, мұндай сындар менің еңсемді түсірген жоқ, керісінше ширатты. Сын шынайы шымыр болса, жұмысыңдағы осал тұсыңды нұсқап, бағыт-бағдар сілтеп отырса, жақсы емес пе?! Оның несі айып?! Бұл – дамыған елдердің қоғамына тән дүние. Біз де соларға қарап бой түзеуіміз керек деп ойлаймын. Бұдан қоғам ұтпаса, ұтылмайды.

– Қарап отырсақ, оңтүстікте жұмыс істеп жатқаныңызға 3 жылға жуықтап қалыпты. Аз да, көп те уақыт емес. Осы үш жылда оңтүстіктен не үйрендіңіз, не үйреттіңіз?

– Үйреттім десем асылық болар. Оңтүстіктен үйренгенім де, үйренерім де көп. Ең бастысы, мобильділікті, алғырлықты, жылдамдықты үйрендім. Оңтүстіктің халқы әр нәрсеге бейім, қағілез келеді. Ұйықтап, қалғып-шұлғып жүргенді көтермейді. Нағыз заман ағымына бейімделген өңір десем еш қателеспеймін. Солай бола тұра шымкенттіктердің тұзы жеңіл. Бірақ, біле білгенге көтеріп жүрген жүгі ауыр. Тұзы жеңіл дейтінім, сол қағілездіктерінің, пысықтықтарының арқасында көзге тез түсіп қалады. Содан кейін сөзге де тез ілінеді. Шын мәнінде, олардың жауапкершілігі зор, еңбекқор, қандай істе де алғы шептен көрініп жүреді. Өңірдегі халық санының көптігі баланы жастайынан бәсекеге қабілеттілікке үйретеді. Бала кезден мұндайды көріп өскеннен кейін еліміздің кез келген жерінде шымкенттіктердің емін-еркін сыйып кететіні де сондықтан. Қысқасы, оңтүстіктен үйренгенім де көп, ал, әлі үйренерім одан да көп деп ойлаймын.

– Теледидарды қосып қалсаң, Ғафекең,
Радионы басып қалсаң, Ғафекең.
Газеттерді ашып қалсаң, Ғафекең,
Мына біреу оңашалау кафе екен,
Кіріп барсам, онда да отыр екен Ғафекең…» деп қазақтың талантты ақыны Жарасқан Әбдіраш жазғандай, бүгінде фэйсбукті қосып қалсақ та, твиттерді басып қалсақ та, инстаграмды ашып қалсақ та – Берік Уәлиді көреміз. Әлеуметтік желілерде белсендісіз. Бұл заман талабы ма? Әлде жұмысты көрсету, жеке басты жарнамалау үшін керек пе?

– Әлеуметтік желілерде мені бұрыннан бері білетін, оқып жүрген, тіркелген 10 мыңнан астам оқырмандарым бар. Фэйсбукте, твиттерде, инстаграмда болмасын тіркелгендердің барлығы – менің танитын ортам. Олар кімдер? Бірінші кезекте, әрине журналистер, одан кейін ақын-жазушылар, өнер саласындағы әріптестер мен мемлекеттік қызметкерлер. Бұл орта – барлық салаға ықпал ете алатын, көзі қарақты, қоғамның белсенді тобы. Сондықтан өз басым әлеуметтік желілерді бұған дейінгі Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары-баспасөз қызметінің жетекшісі болған кезде де, қазіргі жұмысымда да күнделікті атқарып жатқан жұмысымды көрсету үшін тиімді пайдалана алдым және тиімді пайдаланып келемін деп ойлаймын. Мен әлеуметтік желілерге таңертең жұмысқа келе жатқан уақытта, түс кезінде және жұмыстан кейінгі уақытта кіремін. Сол кезде қажетті ақпараттарды оқырмандарыммен бөлісіп отырамын. Кейбіреулер: «Осының бәріне уақытты қалай табасыз?» деп сұрап жатады. Былай қарасаңыз, ханға да, қараға да тәулігіне берілетін – 24 сағат. Әркім өз уақытының қожасы – өзі. Соны тиімді пайдалану әркімнің өз еркі. Ең бастысы, әлеуметтік желі негізгі жұмысыңа кедергі келтірмесе, оны неге тиімді пайдаланбасқа?…

Москвада шығатын \”Новое время\” журналы Тарбағатай ауданында біздің үйге ғана келетін

-Шығыстың, оның ішінде Тарбағатай ауданының тумасысыз. Туған жеріңізге келіп тұрасыз ба?

– Туған ауылыма осыдан бір жарым жыл бұрын мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай барып қайтқан болатынмын. Былтыр кіндік қаным тамған жерге барудың реті келмеді. Жаз шыға жаңа қызметке тағайындалдым да, жұмыстан шыға алмадым. Негізі туған жеріме жылына бір рет барып тұруға тырысамын. Ауылға бармасам да, былтыр Семей мен Өскеменге келіп кетудің сәті түсіп, туысқандар мен достардың ортасында болдым.

– Ел жақта туған-туыстарыңыз бар ма?

– Нағашы жұртым Тарбағатайдың теріскейінде Ақсуат жағында, өз жұртым Тарбағатайдың күнгейінде Үржарда тұрады. Белгілі жазушы Қабдеш Жұмәділов ағамыз бізге немере ағайын боп келеді. 1962 жылы арғы беттен ауған көштің ішінде менің әкем де болды. Қабдеш ағамыз бұйдасын ұстаған көшпен бірге біздің ағайын-туыстардың көпшілігі бері өткен. Біздің ата қонысымыз негізі Қытайдың Шәуешек, Дөрбілжің аймағы. 2011 жылдың жазында ата-анаммен бірге арғы бетке барып, ата-бабаларымыздың басына барып, құран бағыштап қайттық. Үрімжі, Шәуешек, Дөрбілжіңде туыстар бар. Құдайға шүкір, барыс-келіс үзілген жоқ. 1993 жылы мектепті Ойшілік ауылында бітірдім. Содан бері Алматыда 14 жыл, Астанада 5 жарым жылдай тұрдым. Шымкентке қоныс тепкеніме міне, үш жылдай уақыт болып қалды.

– Берік Уәлидей талантты журналисті тәрбиелеген ата-анаңыз жайында да оқырмандарымыз білгісі келеді. Ол кісілер қазір қайда тұрады? Немен шұғылданады?

– Әке-шешем – қарапайым еңбек адамдары. Қазір екеуі де зейнеткерлікте. Алматыда тұрады. 1995 жылы Ақсуаттан Үржар ауданына көшіп барып, сол жерде 2003 жылға дейін тұрды. Содан кейін Алматыға көшіп келді. Әкем қарапайым диханшы болған кісі. Аудандық газеттен бастап Мәскеуден шығатын 30 жақты газет-журналды (\”Еңбек туы\” кейiннен \”Ақсуат арайы\”, \”Семей таңы\”, \”Социалистiк Қазақстан\” (қазіргі «Егемен Қазақстан\”), \”Известия\”, \”За рубежом\”, \”Новое время\”, \”Советский спорт\”, \”Лениншiл жас\” (қазіргі «Жас Алаш\”), \”Қазақ әдебиетi\”, \”Жұлдыз\”, \”Халық Кеңесi\”, \”Мәдениет және тұрмыс\”, \”Жаңа фильм\”, \”Қазақстан әйелдерi\”, \”Арай\”, \”Шалқар\” (бұл төте жазумен жарық көрген журнал), \”Спорт\”, \”Қазақстан пионерi\” (қазіргі «Ұлан»), \”Ақ желкен\”, \”Балдырған\”) жаздырып алып оқитын, әлі күнге кітаптан, баспасөзден бір елі ажыраған емес, сөйтіп біз де рухани азыққа сусындап өстік. Ауылдағы пошташының \”Осы \”Новое время\” журналы Москвадан бiздiң ауданда сендердiкiне ғана келедi\” дегенi әлi есiмде. Әкем жыл сайын күзде бiр айлығын басылымдарға жазылуға арнайтын (қазiр де сатып алып оқиды). Анам жылда \”осы газеттiң не керегi бар? Одан да балалардың керек-жарағын алмайтын ба едiк. Бұл азық бола ма бiзге?\” деп кейитiн. Сонда әкем: \”бұл рухани азық\” деп қысқа ғана қайыратын. Жылда қайталанатын осы диалог есiмде қалыпты (күледі). Өзi нөмiрiн түгендеп, тiгiп, түгел оқитын. Алда-жалда бiр газет оқылмай тұрып жыртылатын болса үйде \”соғыс\” басталатын. Сондықтан бiздiң үйде әкемнiң рұқсатымен 2-3 жыл бұрынғы ескi газеттер ғана жыртуға шығарылатын. Ол кезде қағаз, майлық деген жоқ. Көршi-қолаң, туған-туыс қонақ шақырса немесе басқада жағдайда газеттi бiздiң үйден алатын. Анам – бес баланың анасы, көп уақытын бала тәрбиесіне бөлді. Өзім үйдің тұңғышымын. Екі қарындасым мен екі інім бар.
Оңтүстікте неге халық саны көп дейсіздер? Оған көзіміз енді жетіп жатыр. Шымкентке келіп өсіп-өніп, кішкентайлы болып жатқан жайымыз бар. Бір ұлым осында дүниеге келді. Сол ұлым дүниеге келетін 5-наурыз күні Шымкентте Әлихан Бөкейханның туған күніне орай студент жастармен кездесу ұйымдастырып, оған Астанадан Тұрсын Жұртбай ағамызды шақырдық. Тура сол күні ұлым дүниеге келгенін естіген Тұрсын Жұртбай ағамыз Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенғараева аға-апамыздың көзінше: «Берік, саған құдайдың көзі түзу шығар. Сен өзің Әлихан Бөкейхан туралы деректі фильм түсіріп жүрсің. «Аманат» клубыңда да осы тақырыпта жылда қаншама рет кездесу өткіздің. Балаң да, міне, Бөкейхановтың туған күнінде дүниеге келіп жатыр. Балаңның атын Әлихан деп қоймасаң, сені сатқын деп санаймын. Істеп жүргендеріңнің бәрі өтірік» деді әзіл-шыны аралас. Сөйтіп, Тұрсын ағамыздың айтуымен ұлымыздың атын – Әлихан деп қойдық. Былтыр Қадыр түнінде қызым дүниеге келіп, атын Айша деп қойдық, Аллаға шүкір!.

-Мемлекеттік қызметте жүргеніңізге 3 жылға жуықтапты. Алда қандай жоспарларыңыз бар? Алдағы уақытта сізді қандай жерлерден көріп қалуымыз мүмкін? Телеарнадан ба, әлде әлі де билік портфелін ұстап саясат сахнасында жүре бергіңіз келе ме?

– Мемлекеттік қызметкер мемлекеттік қызметті таңдағаннан кейін мемлекет қандай қызметке жіберсе де дайын болуы керек. Мен бұған дайынмын. Ал енді телеарнада хабар жүргізуге келсек, бірнеше ұсыныстардың түскені рас. Әлі де түсіп жатыр. Енді оның барлығына уақыт табу қиын, әрине. Егер менің бос уақытыммен сәйкес келіп, түсірілім демалыс күндеріне түсіп жатса, қазіргі жұмысыма кедергі келтірмесе, неге бағдарлама жүргізіп көрмеске?! Сондықтан қоғамға пайдасы тиіп жататын жұмыстарды істеуден ешқашан қашқан емеспін, қашан да дайынбыз.

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

Керек дерек

Берік Уәлиұлы Құрманғали 1977 жылы Тарбағатай ауданының Ойшілік ауылында дүниеге келген. 1997 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын, 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін және 2014 жылы Семейдегі қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетін бітірген. 2003-2007 жылдар аралығында «31 телеарнада» «Еркін сөз» авторлық бағдарламасының және «Дода» ток-шоуының жүргізушісі, 2007-2012 жылдары «Хабар» агенттігінің «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі болды. 2009-2012 жылдары «Нұр Отан» партиясының жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі, 2012-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – баспасөз қызметінің басшысы, 2014-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Қазіргі қызметі – Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2010 жыл). 2003-2004 жылдары Би-Би-Си (ВВС) радиостансасының қазақ қызметінің тілшісі қызметін атқарды. 2005-2007 жылдары Алматыдағы Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында ұстаздық қызмет атқарған.

Осы айдарда

Back to top button