Берелде еліміздегі тұңғыш аспан асты мұражайы ашылды
Бұрын-соңды мұндай мұражай елімізде болмаған. «Алтай-түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми тәжірибелік халықаралық конференция аясында Берелде ерекше мұражай ашылды. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қатысуымен лентасы қиылған аспан асты мұражайының бір ерекшелігі – жәдігерлердің түпнұсқасы табылған қорғандардың ішінде сол қалпында сақталады.
Биыл 174 гектарды алып жатқан Берелдегі қазба жұмыстарының нәтижесінде №2 қорғаннан сақ заманындағы алтын әшекейлерімен жеті жылқы, әйел адамның мүрдесі, екі құмыра және қола айна, моншақтар шыққан. Сонымен қатар, қорымның бір бұрышынан жая мен қойдың сүйектері табылған. Мамандар жерленген орнына, табылған бұйымдарға қарап мұнда патшайым жерленген деп болжап отыр. Археология ғылымдарының профессоры Зейнолла Самашевтың айтуынша, сақтар тәңіршілдікке табынғандықтан адам қайтыс болғаннан кейін өмір бар деп сенген. Сондықтан жерленген адамның жанына жылқыларын, тұрмыста пайдаланған заттарын және азық-түліктерін бірге жерлеген. Ендігісін генетиктер анықтап, жарты жылдың ішінде нәтижесін шығарады. Осыған дейін Жапониядан генетик мамандар келіп, табылған мүрделерді көріп, үлгісін алып кеткен екен. Жапондардың қызығушылық танытып отырғаны – олар да өздерін осы Алтай аймағынан шықтық деп есептейді екен.
Бар-жоғы бір айда бой көтерді
Көптің назарын аударған жәдігерлерді жуықта облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ арнайы келіп көріп, Берел мұражайын кеңейту мақсатында, оның ішінде №2 қорғанның үстіне саркофаг салуға қаржы бөлген еді. Аймақ басшысының тапсырмасынан кейін бар-жоғы бір айдың ішінде мұражай құрылысы толығымен аяқталды. Аз уақыт ішінде «Элхон» ЖШС-нің құрылысшылары көтерген мұражай шетелдік ғалымдарды таңғалдырды.
– Дәл осындай қазба жұмыстары Ресейдің Тува, Хакасия аймақтарында да жүргізіліп жатыр. Археологтар қазып қана алады. Ал жәдігерлерді сақтау басқа мәселе. Менің көргенім, осыдан былай Берелден табылған жәдігерлер қаз-қалпында сақталатын болады. Бірақ бір ай ішінде ғаламат мұражай салып шығу мүмкін еместей көрінетін. Мен өз басым қорғанның үстіне осындай аспан асты мұражайын салу үшін он жылдай ізденіп келемін. Енді осы Берелдегі жұмыстардың нәтижесін көріп, өзіме үлгі етіп отырмын, – дейді Санкт-Петербургтің материалдық мәдени институтының профессоры Николай Боковенко.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Алтай-түркі әлемінің – алтын бесігі» атты ғылыми тәжирибелі конференциясының Берелдегі бастауына Ресей, Корея, Түркия, Ұлыбритания сынды елдерден ғалымдар мен тарихшылар да келіп, ерекше мұражайдың ашылуына куә болды. Облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар осындай игі шаралар туризмді дамытудың бастамасы екенін айтып, игі істің басы-қасында жүргендерге ризашылығын білдірді.
– Мінекей, осылай сөзден іске көшкеніміз дұрыс. Тез арада мұражайдың бой көтеруі өңіріміздегі ауыз толтырып айтарлық жаңалықтардың бірі. Тәуелсіз еліміздің мәдени мұраларын түгендеп жатқандығының белгісі. Еуразияның апайтөс даласын алып қалған біздің батыр бабаларымыз еді. Кешегісін жаңғыртуды қойып, бүгінгісін жоғалтып алып жатқан елдер бар. Соның қасында құнды дүние жасап жатқан азаматтарымызға рақмет. Талай жыл талмай еңбек етіп келе жатқан Зейнолла Самашев ағамыздың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Берелдегі жұмыстар әлі жалғасады, 2018 жылға кешенді жоспар жасалып қойды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Еліміздегі тұңғыш аспан асты мұражайының лентасын Берел ауылының тұрғыны Серікбол Еламанов пен археолог Зейнолла Самашев қесті. Ашылу салтанатынан кейін алыс-жақын шетелден келген қонақтар мұражай ішіндегі жәдігерлерді тамашалап, бәз-баяғы қалпында сақталған бұйымдарды фотосуретке түсіріп алып жатты. Бұдан кейін қонақтар биыл ғана қазылған №19 қорғанға беттеді. Онда екі ат пен сәукелесімен жерленген бір қыздың мүрдесі шыққан.
Ғылыми экспедиция 1998 жылдан бері Берел қорғандарында қазба жұмыстарын жүргізіп, Катонқарағай түркілердің төрі, алты алаштың атажұрты екенін іспен көрсетті. Археологтардың экспедициясына бас болып келе жатқан Зейнолла Самашев ертеңгі ұрпақ үшін атқарылып жатқан іске мұрындық болған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВКЕ, тапсырманы бұлжытпай, белгіленген мерзімінде орындап шыққан Элхон ЖШС-нің басшысы Ұлықбек Тұмашиновке алғысын жаудырды.
Зейнолла Самашев, археолог:
– 1998-1999 жылдары-ақ Берелден құнды жәдігерлер табыла бастағанда аспан асты мұражайын салу жоспарға қойылған. Әр қазылған обалар осылайша аспан асты мұражайына айналса екен деп ойлағанбыз. Кейіннен қорық-мұражай ашылды. Енді міне, облыс әкімі тез арада шешім қабылдап, тиісті тапсырмасын беріп аспан асты мұражайының салынуына зор үлесін қосты.
Жасалып жатқан мәдени дүниелер өңірдегі туризм саласын дамытуға да зор үлесін қоспақ. Берел қорық – мұражайының директоры Жангелді Ахмадиевтің айтуынша, қорық аумағында әлі де кешенді ғимараттар бой көтеріп, туристердің тартылуына жағдай жасалмақ. Ол үшін Берелге дейін асфальт жолдың да құрылысы жүргізіліп жатыр. Ауқымды жобалар, алға қойылған жоспарлар көп. Аз жылдың ішінде Берел туристік өңірдің біріне айналары анық.
Мерей Қайнарұлы
Суреттерді түсірген – Есімхан Орынбаев