Ауыл шаруашылығы

«Берекенің» жоспары ауқымды

      «Береке» шаруашылығының иесі алдағы мезгілде егістігін үлкейтіп, тағы техника алмақ ойда. Жоспарында бірнеше қойма салу да бар, әйтпесе өнімдері бұрынғы қоймаларға сыймауда. Сондай-ақ аудан орталығында өзінің мал шаруашылығы өнімін сататын дүкен ашуды көздеп отыр. 

– Бала кезімнен мал бағып, жайлауда жүруді ұнаттым. Ата-анам оқуға түс деп қанша айтқанымен, өзіме мал өсіру, егін егу жақын болатын. Сондықтан 2001 жылы «Береке» қожалығын құрдым, – дейді өңірге танымал шаруашылық иесі Бақытжан Кәрімов.

Ол малмен ғана емес, егін егіп, күнбағыс өсірумен де шұғылданады. Бұл – отбасылық шаруашылық. Екі ағасы Бекболат пен Ерболат, туған-туыстары осы қожалықта істейді. Қайсыбір істі бастарда, шешім қабылдарда сол кісілермен кеңеседі. Ағайын-туғандарынан басқа тағы он адамды жұмыспен қамтып отыр. Олар жұмысына орай 60-70 мың теңге жалақы, сонымен қатар отын, жемшөп, соғым алады. Кейінгі жылдары үш жұмысшыға үй сатып әперді. Бақытжанды аудан тұрғындары жомарт азамат ретінде таниды.

Шаруашылықта төрт жүзге тарта ірі қара, жүзден аса жылқы, 1700 қой-ешкі және төрт жүз гектар күнбағыс алқабы, 160 гектар егістік, екі жүз гектар шабындық, екі мың гектар жайылым бар. Малдың түгелі – Сарытерек учаскесіндегі қашарларда. Техникасы жеткілікті, тракторлар-комбайндары жүріп тұр. Былтыр «Есіл» комбайнын алған.

Биыл егістік гектарынан 25-26 центнер өнім түсті, бидай, арпа бітік шықты. Жұмысының тағы бір бағыты – ірі қара мен ұсақ мал тұқымын асылдандыру.

– Жастар мал бағуға оңайлықпен бармайтын болды. Еріне ме, қорсына ма, түсінбедім. Оларға бос жүру ұнайтын секілді. Қаншама жасты жұмысқа шақырдым, жалақысы дайын, сұраған көмегі беріледі. Соның өзінде көнбейді. Жастарды ауыл шаруашылығына тартудың мемлекеттік бағдарламасы керек, – дейді ол.

Бейсенғазы Ұлықбек

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button