Жолдау жол нұсқайды

Берекелі қоғам құрамыз

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын тыңдап, бір серпілдік деуге болады. Әсіресе ел болашағы жастарымызға көрсетілген қамқорлыққа риза болдық.

Жасөспірімнің есепшотына кәмелеттік жасқа толғанға дейін Ұлттық қордан қаржы жиналатындығы барша қазақстандықтардың ризашылығын туғызғаны жасырын емес. Мәселен, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында бұл жайында: «… Біз Ата заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді. Бажайлап қараған жанға бұл мемлекет тарапынан жасалып отырған зор қолдау екені айтпаса да түсінікті. Бұл жерде баланың санасында да өзіне қамқорлық танытқан елі үшін ризашылығы оянып, патриоттық сезімі атойлайтыны анық. Кезінде белгілі реформатор Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан шықпақ».

Сондай-ақ бұл жолғы Жолдауда көп жылдардан бері ұзын-сонар болып бітпей келе жатқан жол мәселесі де қозғалып, Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл берекесіздікке тоқтау салар уәжді сөз айтты. Ол автожол құрылысына, жергілікті жолдарға баса мән беру керектігін, бюджеттен қыруар ақша бөлініп келе жатса да, жол мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқанын тілге тиек етті: «…Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын.  Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін тіпті ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс», – деп тапсырма берді. Сол сияқты, «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдаудың шын мәнісінде елдің мұңын мұңдайтын, жоғын түгендеуге жәрдемдесетін басты құжаттардың бірі бола алатындығын аңғардық.

                                                                       Айтқазы Қасымжанов,

                                        Аягөз аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button