«Дидардың» қонағы

Әбен Нұрманов: – Елімізде менен басқа түс жоритын адам қалмады

Әбен Нұрманов: -   Елімізде менен басқа түс жоритын адам қалмады
Жақында Эйнштейн атындағы халықаралық энергетика, Нострадамус атындағы тылсым сырлар және Ресей педагогика академиясының академигі, халықаралық «Мұстафа Кемал Ататүрік» сыйлығының және алтын медалінің иегері, халықаралық инновациялық технологиялар университетінің ректоры, гуманитарлық-коммерциялық колледждің президенті Әбен Нұрмановпен сұхбаттасудың сәті түскен-ді.

Жаугершілік заманда ата-бабаларымыз құмалақ салу арқылы жауларының бет алысын біліп отырған

– Еліміздің Білім беру ісінің құрметті қызметкерісіз, ұстазсыз. Бірнеше жылдан бері жоғары оқу орындарын басқарып келесіз. Білім беру саласында қандай кемшін тұстар бар?

-Біз осы күнге дейін үш нәрсені әлі ескермей келе жатырмыз. Бірінші кемшілігіміз, балаға жан мен тән туралы дұрыс түсіндірмейміз. Екінші, әркімнің өмірден алатын өз орыны бар. Үшіншіден, тәрбиеге көңіл бөлмейміз. Бәріміз тәрбие туралы айтып тұрмыз деп ойлаймыз. Міне, осының кесірінен көп адам зардап шегіп отыр. Кешіріңіз, баласы түрмеде отырған балалардың ата-анасы сауатсыз ба? Жоқ. Бәрі білімді. Қазір сауатсыз адамды көрмейсіз. Тәрбие мәселесіне ұстаздардың өзі дұрыс мән бермейді. Бұл – министрдің, не болмаса, оқу орыны басшысының кінәсі емес, тікелей ұстаздардың кемшілігі. Өйткені, бұл кісілердің бәрі тары куалаған тауыққа ұқсап ақша қуалап кетті. Ал тәрбие жайына қалды. Осы жәйт мені қатты толғандырады.

– Нострадамус атындағы тылсым сырлар академиясының академигісіз. Жалпы, осы тылсым сырлар деген ұғымды оқырман қауымға қалай түсіндірер едіңіз?

-Менің Нострадамустан кейінгі тоғызыншы адам екенімді дүниежүзі біледі. Көріпкелдік қасиеті болмаған адам тылсым сырларды түйсіне бермейді. Бізбен қатар екінші әлемнің бар екенін білу, оны көру көп адамның қолынан келмейді. Жұртшылықты таңдандырған жаңалықтардың ашылуы – сол тылсым сырлардың құпиясы. Тылсым сырдың өзі алты категорияға бөлінеді. Түс жору, тамыр ұстау арқылы адамды емдеу, жұлдыздарға қарап болжау, карта ашу (басқа халықтарға тән), құмалақ салу, жауырынға қарау. Жаугершілік замандарда ата-бабаларымыз осы құмалақ салу мен жауырын ашу арқылы жауының бет алысын, жамандық пен жақсылықты болжап, соған қарай әрекет етіп отырған.

– «Түс жору» кітабының авторысыз. Түске сенесіз бе? Медицинада жүйке жүйесі шаршаған немесе тозған адамдарда ғана болатын құбылыс деп түсіндіреді…

– Дәл қазіргі күнде түс жорып жүрген жалғыз адам өзіммін. Басқа елдерде болмаса, Қазақстанда түс жорумен айналысып келе жатқан адамды көрмедім. Шәкірт дайындаймын деп қанша талпынсам да, адамдар біраз жетелеген соң, өзінің білгіштігіне салынып, теріс айналып кетеді.
Қазақ жайсыз түс көрсе, «түс – түлкінің боғы» деп оны жақсылыққа жорып жатады. Жоқ, мүлдем олай емес. Түс – сіздің тағдырыңызға, ғұмырыңызға әсер етіп тұрған нәрселерге жауап беріп тұр. Түсті дұрыс жори білмегеннен кейін көбіміз өмірден алатын үлесімізді ала алмай жүрміз. Әл-Фараби, Гомер, Эйнштейн, Сталин, Ленин бәрі өз еңбектерінде түс жайында жазады. Еліміздің Президенті де өзінің дүниеге келетін кезінде анасының қандай түс көргенін айтады. Түске ат үсті қарағандықтан да кейбіріміз өкінішке ұрынып жатамыз.

Үлкенді балағаттап өскен баланың үлкенге құрметі азаяды

– Жастармен жұмыс істейсіз. Жастардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма? Жастар өз ойларын ашық, еркін жеткізе алғанымен кейде үлкен алдында именуді, сөз тыңдап, әдеп сақтауды көп ойлай бермейтін сияқты. Әсіресе, қыздардың ашық-шашық киінуі, ішімдік пен шылымға әуес болуы, жеңіл жүріске салынуы қоғамда ашық көрініске айналып барады…

– Түсіне білген адамға, бала – өмірдің гүлі. Сіздің өмірден алатын жауабыңызды балаңыз арқылы береді. Баланы жақсы тәрбиелесеңіз, басыңызды төрге сүйрейді. Жаман тәрбие берсеңіз, төрдегі басыңызды көрге сүйрейді. Жалпы, бүгінгі жастарға үлкен сеніммен қараймын. Еліміздің, халқымыздың дамуына ат салысып, ата-анасының ел қатарлы бақытты өмір сүруіне ұмтылып жүрген жастар көп. Біз көбіне соны көрмейміз де, жастарға өкпелейміз. Өкпе айтып тұрған ата-ана мұны өзінің кемшілігі деп ойламайды. Біз жастармен етене жұмыс істеп, ұстаздық етіп жүргеннен кейін бойындағы асыл қасиетін байқай аламыз. Есіңізде болсын, болатын бала әр уақытта бойын жасырып ұстайды. Мұны көрген көптеген ата-аналар мен ұстаздар «қойшы, мынадан түк шықпайды» деген көзқараста болады. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с.с айтады: «баланы бір жетістікке жеткізбей тежеп отыр» деп. Сонда ғана ол ынталанып, өмірден өз орынын табуға ұмтылады. Мысалы, атақты адамдардың өміріне көз жүгіртіп көрейікші. Қазақтың талантты ақыны Қадыр Мырзалиев те, Шыңғыс Айтматов та, Пушкин де, Байрон да, әлемді эпопеясымен аузына қаратқан Лев Толстой да өз өмірбаяндарында жас кездерінде бой жасырып келгендіктерін жазады. Бойын жасырып тұрған баланы көрсек, «бұлардың бәрі сүмелек қой» дейміз. Шамам келетін болса, «мен жастарға сенемін» деп үлкен әріптермен жазып, аспанға іліп қояр едім.
Сіз журналистсіз. Өмірге осылай журналист болып келе қалған жоқсыз ғой. Кішкене кезіңізде анаңыз тығып қойған кәмпитті алып жемедіңіз бе? Жедіңіз. Бірақ, тәтті дәмін татып тұрып: «мен мынаны ұрлап алып тұрмын-ау, ертеңгі күні маған зиян болады-ау» деп ойландыңыз. Ал біз болсақ, «ол керемет еді, ешқашан өтірік айтпайтын, ұрлық жасамайтын» деп соғамыз келіп. Мына дүниеге келген жанның бәрі бір нәрсенің дәмін татпай, оны сезіне алмайды. Қасыңда тұрған дұшпанның уын татпасаң, оның дұшпан екенін қайдан білесің? Сондықтан да баланың бағытын бағдарлап, дұрыс жол көрсете білуіміз керек. Сонда ғана үлкен-үлкен азаматтар тәрбиелейміз. Қазақта жаман әдет бар. Баласының қолына тиын, кәмпитін беріп: «ана көкеңді боқташы» деп ағайын-туысқанын боқтатып қояды. Соны өзіне мәртебе санайды. Осыдан абай болуымыз керек. Қоғамымызға үлкен кесірі тиетін нәрсе осы жерден басталады. Үлкенді боқтап өскеннен баланың үлкенге деген құрметі азаяды.

Байлыққа батып, шіренгендердің барлығы бақытты емес

-Психолог маман ретінде ұлттық психологиямызға қандай сипаттама берер едіңіз?

– Көп нәрсеге назар аудармаймыз. Қарнымыз ашып, тамақ жемейміз, «уақыт боп қалды-ау, қарнымыз ашар ма екен!» деп ауқаттанамыз. Шаршап ұйықтамаймыз, «ұйықтау керек, ұйқым қанбай қалады-ау» деп ұйықтаймыз. Өкініштісі сол, перзентке зар болып жүрген адамнан гөрі перзенттен құтыла алмай жүрген талай адамды көріп жүрмін. Осы жаныма батады. Психологиялық тұрғыда қателескен тұсымыз, біз адамды жан рухымен бағаламаймыз, жан рухы жоғары адамға табынамыз. Ақшасымен бағалаймыз. Ақшасы болса, бақытты деп есептейміз. Байлыққа батып, шіренгендердің 150 пайызының жылап жүргенін көріп келемін. Бақыттылардың қанағаты – өзінің перзентіне, тұрмысына, табысына риза болуында. Міне, бұлардың жылағанын көрмедім.

– Қазақстан ТМД елдері бойынша өзіне-өзі қол жұмсаудан бірінші орында, ал әлем бойынша екінші орында екен. Олардың дені – 15 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл не кесел? Мұның да психологиялық жағы басым сияқты…

– Тағы да айтамын, бұған да ата-ананың қатысы бар. Қазақ баласын алғырлыққа емес, озбырлыққа тәрбиелейді. Баласының жаратылысына, шама-шарқына, қабілет-қарымына қарамастан «сен неге бәленбайдың баласындай болмайсың, түгенбайдың баласы құрлы бола алмасаң, несіне тірі жүрсің» деп кішкентайынан баланың психологиясын бұзады. Балаға ақыл айту үшін өзінің соған сай болуы керектігін естен шығарады. Ата-ана өзі жете алмаған жетістікті баласы бағындыруы үшін барын салмайды, ұрысып, қарғап-сілеп, құр сөзбен басын қатырады. Оң-солын танымаған бала бағыт-бағдар бермесе, қайдан жетістікке жетпек? Содан кейін: жаңағы бәленбай мен түгенбайдың баласынан қалып бара жатқанда шыдамай өз-өздеріне қол жұмсамайды.

Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова

Осы айдарда

Back to top button