Абай - 175

Бекзат өнердің өкілдері

Заманауи әдебиет пен журналистиканы кеңінен насихаттау, жас жазушылар мен ақындардың шығармашылық әлеуетін көтеруді көздеген, Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған республикалық жас ақындар мүшәйрасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша өңірлік іріктеу  кезеңі өтті.

Байқаудың өңірлік кезеңіне облыстың түкпір-түкпірінен 30 шығарма келіп түсті.  Мүшәйраға қатысушы жас ақындардың әдеби тіл байлығына, мәдениетіне, тақырыпты дұрыс аша білуіне, жырдың көркемдігіне ұтқыр сөз, ұтымды ойларына мән берілді. Үш адамнан құралған комиссия мүшелері облыстық «Altai» телеарнасы қазақ редакциясының шеф-редакторы Азамат Қасым, Мерей Қарт, Бауыржан Игілік сынды ақындар байқауға келіп түскен шығармалардың көркемдік деңгейін, тақырыпқа сәйкестігін сараптай келе, Қуаныш Еркінұлы, Қуандық Кенжебекұлы және Темірлан Темірбайдың өлеңдерін республикалық байқауға қатысуға лайық деп тапты. Дауыс беру нәтижесінде де осы үшеуінің шығармалары басым дауысқа ие болды.

Жас ақындар мүшәйрасы аясында Абай Құнанбайұлы шығармашылығындағы жаңашылдыққа тоқтала отырып, қазақ өлең жүйесіндегі көркемдік қуат пен ерекшелікті саралау, қазақ өлең құрылысындағы ерекшеліктерді талдау, өлең жазу техникасын үйрету мақсатында «Өлең өрімі» онлайн тренингі ұйымдастырылды. Тренингті Шəкəрім университетінің гуманитарлық ғылымдар ғылыми кафедрасының меңгерушісі, Дулат Бабатайұлы атындағы ақындар мектебінің жетекшісі  Айман Ақтанова өткізді. Аталған шараға 55 студент қатысып, өлең құрылысы, өлең жүйесі, қазақ өлеңдерінің құрылымдық ерекшеліктері талданып, ұйқас түріне өлең құру, бунақ пен буын санына өлең құрастыру сияқты тапсырмалар орындалды.

Сонымен қатар әлеуметтік жоба аясында жас ақындарға республикалық жыр додаларының жеңімпазы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты Бауыржан Игілік «Түбі терең сөз артық бір байқарсыз» тақырыбында поэзия жанры бойынша шеберлік-сабағын өткізді. Оған 91 тыңдаушы онлайн қатысты. Қатысушылардың дені – студенттер мен жас қаламгерлер. Шеберлік-сағаты барысында поэзия жанрының шығу тарихына шолу жасалып, әдебиеттің даму эволюциясы талқыланды. Поэзия жанрының негізгі талаптары, формасы мен мазмұны, тілі, ырғағы талданып, мысалдар келтірілді. Қолына қалам алып, жазушылыққа бет бұрған жастарға шеберлік дәрістері өткізіліп, шығармашылық шыңдауға арналған жаттығулар көрсетілді. Шара барысында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, сұхбат өрбіді. Шара соңында жас талаптарға шеберлік ұштау мақсатында пайдалы әдебиеттер тізімі ұсынылып, өлеңдер оқылды.

Сөз өнерінің аса қастерлі саласы, шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі, жыр құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлеміне бет бұрған дарынды жас ақындарымыздың  көзін ашу, отансүйгіштікке тәрбиелеу, қолдау көрсетіп, халыққа таныту мақсатында ұйымдастырылған әлеуметтік жоба да өз мәресіне жетті. Поэзиядай бекзат өнерімізді дәріптейтін осындай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп сенеміз.

Шағангүл Жанаева,

М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің директоры, ф.ғ.к. 

Осы айдарда

Back to top button