Бекіре Ертіске оралатын болды

Семейдегі агротехнопарк облыстың ауыл шаруашылығы саласында инновациялық оқу-зерттеу базасы болып отыр. Мұндағы 18 ғылыми-зерттеу зертханасы бағалы құрал-жабдықтармен жарақталған.
Агротехнопарк бірнеше ірі орталыққа біріктірілген. Мәселен, агротехнология орталығында тоғыз зертхана бар. Онда тұқым түрлері, жем сапасы, топырақ құрамы зерттеледі. Өсімдіктер мен жан-жануарлардың биологиялық тіршілігі қарастырылады.

Ал акватұқым зертханасында ғалымдар Шығыс Қазақстанда жойлып кеткен бекіре балықтың түрлерін өсіруде. Қазір мұнда Алматыдан әкелінген оншақты сібір бекіресі өмір сүріп жатыр.
-Сібір бекіресінің негізгі тіршілік ортасы – Ертіс өзені, бірақ балықтың бұл түрі бізде толығымен жойылып кетті, -дейді ғылым және инновация департаментінің директоры Болатбек Көжебаев. – Ал қазір осы зертхана арқылы арнайы жағдайда өсіруге болатынын анықтадық. Мұнда бір ай бойы бекірелер тамаша өсті. Енді уылдырық сатып алып, олардан тұқым шығарып, өзенге жібере аламыз. Балық шаруашылығын да дамытуға болады. Кәсіпкерлермен тәжірибе бөлісеміз. Тек Зайсанда көлінде ғана өсетін арқан балық та осында өсіріліп, көбейтіліп жатыр.
-Біз соңғы жылдары Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің тапсырысы бойынша 13 жобамен жұмыс істеді, -дейді Шәкерім атындағы мемлекеттік университеттің проректоры Құмарбек Әмірханов. – Биыл тұңғыш рет етті, сүтті тұқым бағытындағы малды қауіпті дерттерден сақтау және емдеу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысымен жұмыс істеуді бастадық. Бұл жобаның құны 37 млн. теңге тұрады. Онымен қоса облыстық ауылшаруашылығы басқармасының екі жобасын қолға алдық. 25 келісім-шартымыз бар. «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында түлектерді жеке кәсіпкерлікпен айналысуға дайындаудамыз. Ол үшін жас фермерлер мектебі, консалтинг орталығы жұмыс істейді. Осы агротехнопаркіміздің арқасында облыстың агрокешендерімен тығыз байланысқа шығуға әзірміз. Алғашқы тапсырыстарымыз бар. Алдағы уақытта агротехнопарк «Шығыс инновация орталығы» ЖШС ретінде тіркелетін болады.
Айта кету керек, ветеринария бөлімінің инновациялық технологиялар орталығында бал араларының аурулары қарастырылады екен. Мұнда Катонқарағай, Бородулиха, Үржар аудандарының омарташыларымен тығыз байланыс орнатылған. – Омартадағы жұқпалы немесе жұқпайтын ара ауруларының түрлерін емдеп, омарташыларға дәл диагноз қоюға көмектесеміз. Сөйтіп, ауырып қалған араны қалай емдеуге болатындығына орай кеңестер береміз,-дейді зертхананың ғылыми қызметкері Елена Башкина.
Раушан Нұғманбекова
Семей.