Тарих

Әбдікерім болыстың жасын әлі білмейміз бе?

Әбдікерім болыстың жасын әлі білмейміз бе?


Әбдікерім Ережепұлы төңірегінде айтылған жаңсақ пікірлерден арашалап алу парызым сияқты көрінгендіктен, қолыма қалам алдым. Сондай-ақ, Катонқарағай ауданында Шыңғыстай жерінде Әбдікерім салдырған мектепті қалпына келтіріп, музей ашамыз деген аудан басшыларының мақсат-мүдделерін қолдау керек деген ой да түрткі болды.

Өткен ғасырдың басында өмір сүрген, Шығыстың Ыбырай Алтынсарині атанған көрнекті қазақ зиялысы Әбдікерім Ережепұлы – әлі күнге дейін өзінің тарихи бағасын алмаған тұлғалардың бірі. Әбдікерім Ережепұлы мөлшері 1867 жылы дүниеге келген деседі. Өз басым бұл адам жайында зерттеулер жүргізіп, мұрағат беттерін ақтарып, Қытайдағы ұрпақтарымен кездесіп, көркем шығарма мен эссе-мақалалар жазып жүргеніме он жылдан аса уақыт өтіпті.
Сол жинаған деректерімнің кейбіреуіне айрықша тоқталғым келеді.

Өскемен оязына қарасты Шыңғыстай болысында 1916 жылы жетінші қараша күні Әбдікерім болыстық сайлауға түскен. «Баллотировочный лист», Шыңғыстай болысы, Өскемен ояздығы үш жылдық мерзімде болыпты. 1) Әбдікерім Ережепов – елу төрт жаста. 2) ағасы Абдырзақ Ережепов – елу тоғыз жаста. Мерзімі 1916 – 1919 жылдары деп көрсетілген. Тағы да осы дерек бойынша, сол кезде Шыңғыстай болысында 14 ауыл болған екен. Құжатта сол 14 ауылдың елубасы адамдарының қолы қойылған. Ресей патшалығының қазақ халқының басқару жүйесі «Дала ережесіне» сәйкес (степное положение) болыстық сайлаумен бірге әрбір ауылды басқарушы биді (судья) дауысқа салу бір уақытта, бір мезгілде жүргізіліпті. Оған дәлел – осы Өскемен ояздығында 1916 жылы өткізілген сайлау қорытындысы.

Сөзім дәлелді болу үшін сол құжаттың көшірмесін ұсынып отырмын (суретте).

Осы құжатты негізге алып есептеп шығарсақ, Әбдікерім болыстың туған жылы 1862 болып шығады. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, биыл Әбдікерім Ережепұлының туғанына 155 жыл болады. Осы орайда Әбдікерім жайында оқырманның ерекше көңіл аударатын тағы бір дерек анықтамасын көрсеткім келеді (Суретте).

Шыңғыстай мектебі жайындағы шындық

Ал енді Әбдікерім салған мектеп жайына келсек, оның тарихы былай өрбіген тәрізді. Әділіне келсек, Шыңғыстай орта мектебінің тарихы 1903 жылғы «Байберді ауыл мектебі» деп мұрағатта тіркелген жазбадан басталуы тиіс.

Батыс-Сібір генерал губернаторының 1898 жылғы жарлығына сәйкес, Шыңғыстай болысында бір мектеп, бір мешіт салуға рұқсат берілген болатын. Мектеп салу Қаратай батырдың үлкен немересі Дәулеттің еншісіне тиіп, ал мешіт салу Шеруші ұрпақтарына бұйырса керек. Ол 1885 жылан жылының сәуірінде Аққайнар (Черновая) өзенінің бойын жайлап отырған Сарғалдақ елін күн шығысқа қарай қысы-жазы ошаған қаптап өскен Бұқтырма өзенінің сол жақ жағалауына қарай ығыстырды. Орыстан зәбір көрген қаймана халық Ережеп болысқа барып шағым айтады. Переселендерінің бұл қылығына тосқауыл қойып, тентектерін тезге салған Шыңғыстай болысының старшыны Ережеп Ноқайұлын Ресей билігі Семей түрмесіне қамайды. Сол жылы болатын Әбдікерім Петербордағы оқуын тастап, Жидебайдағы Абайдың алдына барып, түрмедегі әкесін босаттырып алғаны. Кейін келе орыстың зорлығына амалсыздан көнген Сарғалдақ елі Аққайнар ауылынан он шақты шақырым алысырақ Бұқтырма өзенінің бойының сол жағалауынан жаңа қонысқа орын теуіп, Ошағанды (қазіргі Қызыл Жұлдыз) деген ауылдың іргесін көтерді. Асылы Қызыл Жұлдыз ауылының тарихы 1885 жылдан басталатынына ешкімнің күмәні болмауы керек. Орысқа енді тоқтау жоқ екеніне Қаратай жұртының көздері әбден жетті. Байберді ұрпағын қатты мазалап, әр алуан ойға салып жүрген жағдайлар осы болатын. Білімсіз, орыс оқуынсыз елге тұтқа, елге қорған, жұртқа қалқан болу мүмкін емес. Аруақты батыр ұрпақтарының кейінгі жанкешті әрекеттері мен шешімдері осындай жанталасудан туған еді. Олар Бұқтырма өзенінің жағасына, Байберді асуына қарсы жазық алаңқайға мектептің іргесін көтеруді жөн десті. Орын таңдауында қапы жоқ. 1903 жылы жаз бойы Алтай тауларынан ағаш тартып, қыркүйектің алғашқы жұлдызында мектеп салынып бітті. Екі кластық отызға тарта оқушысы бар мектептің іргесі осылай қаланған еді.
Алғашқы шәкірттері сол маңайдағы ауылдардан атпен қатынап оқуға келетін. Мектептегі оқу жарлыққа сәйкес орысша-қазақша екі тілде жүргізілуі тиіс болатын. Енді сол мектептің атына келгенде былайғы қалың елден қолдау көрген, Байбердінің төрт ұлынан тараған ұрпақтар бабаларының қаратай еліне істеген еңбегін ескеріп, мектепті Байбердінің атымен атағанды жөн деп шешті. Бірақ орыс шенеуніктерінің мұрағатқа тіркеу кезінде олардың құлағына қалай естілсе, солай жазған болу керек, әлде тілдері келмеді ме, кім білсін, мұрағатқа «Бекбалинская аульная школа» деп жазылыпты.

Кейін Әбдікерім Омбының далалық генерал-губернаторы Смиттің канцеляриясының 1905-06 жылдары бөлінген қаржысымен екі жылға жуық өзінің билігіне қарасты 14 ауылдың адамдарының әр үй басына екі бөренеден салық салып, жүз орындықты екі корпусты жеті жылдық мектеп 1907 жылы күз айында салып бітті. Мектеп қабырғасына салынған әрбір бөренелердің жуан-жіңішкесі ескеріліп, әрқайсысы арнайы дайындалған сақинадан өткізілді. Қойылған талап бойынша әрбір отбасы өздері таудан түсірген екі бөрененің қабығын аршып, тазалап, сақинадан өткізіп кептірілген күйінде арасын мүктеп, көтеруі керек. 1907 жылы 90-100 орындықты орталау мектептің өзін «үлкен корпус», ал 1911 жылы 20-30 кісілік жабық пансион «кіші корпус» түгел аяқталып, қолданысқа беріледі. Бірақ бұл мектеп алғашқы шәкірттерінің айтуына қарағанда, қаржының тапшылығынан өз жұмысын кейінірек бастаған секілді. Сөзім нақтырық болуы үшін осы мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі Көксеген Мақажанның естілігін назарларыңызға ұсынамын (суретте).

Шәкірттердің тамағы мен жатын орны және іш киімдері, ұстаздардың жалақысы қазынадан төленген екен. Көксегеннің айтуына қарағанда, 1911 жылдың күзі болар, Сұлтанмахмұт Торайғыровты бұрынғы Шыңғыстай болысының бірінші ауылы, қазіргі Ресей мемлекетіне қарасты Алтай өлкесі, Қосағаштан болыстың тапсыруымен Шағиман Мыңбаев деген азаматқа алдыртыпты. Көз көрген қариялар Сұлтанмахмұтты Семейде оқып жүріп, қаражат таппақ ниетпен қазіргі Ресей жерімен Алтай өлкесі арқылы Оңғыдай жағымен Қосағаш қазақтарына сапар шеккен деседі. Сұлтанмахмұт Шыңғыстай ауылына келгенде болыс оған Мұрсалым Самаров деген кісінің үйін босаттырып орналастырған екен. Ал Көксеген Мақажановтың өзі Сұлтанмахмұттан бір жұма ғана оқып, орыс бөліміне ауысып кеткен көрінеді. Ақын келген жылы Шыңғыстайда қыстап, келесі жылы жазда Тарбағатай, Зайсан жағына аттанып кетіпті. Сұлтанмахмұт Торайғыров жаңа салынған мектепте сабақ бермей, тек «Байберді ауыл мектебінде» ғана ұстаздық жасағандығы айтылады. Бастапқы жылы қазына қаражатының тапшылығынан жаңа мектеп шығынын көтере алмай, толығымен пайдалануға беріле алмаған сияқты. Алғашқы шәкірттерінің ішінде орыс ұлтынан оқығандар Бычков, Трошков, Серов, Чанов, Попов, Подойников, кейін генерал шенін алған Копылов та бар екен. Ұстаздардан осы елге ұзақ жылдар (өмірінің соңына дейін) тұрақтап, өз өтінішімен Шыңғыстайдағы қазақтардың зиратына жерленген, қазақ балаларын орыс тіліне үйреткен М.Комаровтың есімін атамасақ, алдыңғы ұрпақ өкілдері бізді кешірмесі хақ. Ол кісінің қазақ ұрпақтарына істеген еңбегі бағаланып, 1949 жылы сол кездегі өкіметтің ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен марапатталды.
Мектептің тарихына үңілсек, ескерілмеген есімдер, ескірмеген жазбалар қаншама?! Оны бүгінгі ұрпақ еншісіне қалдырайық. Сол кездегі жаңадан салынған бұл мектеп «Байберді ауыл мектебі» орналасқан Бұқтырма өзенінің бойынан оқшауырақ, Қызылқайың бұлағының жағасындағы алаңқайда орналасқан еді. Бұл оқу орны Ережеп атындағы орыс-қырғыз жеті жылдық мектебі болып қайтадан бой көтерді. Сол жылдан бастап алғашқы шәкірттерін «Русско-киргизская Ережеповская школа» деген білім ордасы қабылдады. Осы мектептер мұрағатта екі мектеп түрінде тіркеліп жұмыс істеді де, кейін 1922 «Шыңғыстай мектебі» деп аталды.

Ал 1924-25 оқу жылында мектеп Сейтқали Меңдешовтың атымен аталған болса, кейінірек 1930 жылдары колхоздастыру, коллективтендіру заманында кедей шаруа балаларын оқытуға бағытталып, «Школа крестьянской молодежи – ШКМ» деген жаңа атауға ие болды. Одан кейінгі жылдары 1955 жылы Абай Құнанбаев атындағы орта мектеп, ал 1964 жылы қазақтың біртуар ақыны әрі сол мектептегі алғашқы ұстаздардың бірі болғандықтан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аты берілді. Сөзімнің дәлелі ретінде облыстық А.Пушкин атындағы кітапхана арқылы Омбы қаласынан менің сұратқан өтінішім бойынша келген мұрағат жазбаларына зер салайық (суретте).

Кезінде Шыңғыстай мектебі өзінің алғашқы иесі мен киесі болған «Әбдікерім орта мектебі» болып қайтадан бой көтергенімен, бүгінгі таңда оның күйреген орны, үйіндісі қалды. Тарих дөңгелегі ғасырға жуық жылдарын артқа тастап, заман өзгерді, Ал өз тарихын өткен ғасырдың басынан бастау алған «Байберді ауыл мектебі» әлі орнында, күрделі жөндеуден өткізілген.

Бұл ғимаратта 2013 жылы Алтайдың кербұғысы атанған Оралхан Бөкейдің 70 жылдық мерейтойында жазушының алғашқы бастауыш сыныпта білім алған мектебі ретінде жеті томдық кітабының тұсаукесері өтті.

Жергілікті халық қазірдің өзінде Қызылқайың суының бойындағы шағын ауылды «шекеме» деп атайды. Қаратай елінің аузында келе жатқан шекеме сөзі тарихи мәні болған соң кейін айтылса керек. Сол шекемеде бүгінгі күнге дейін Байберді батырдың ұрпақтары аруақты баба ошағының отын өшірмей өмір сүріп жатыр.

Тарихымызды білу, аруақты аталарымыздың есімі мен еліне істеген еңбегін болашақ ұрпақтың еншісіне бүлдірмей де, бұрмаламай да өсиет ету – бүгінде туған елін қадірлей білетін әрбір азаматтың мойнындағы қарызы, жүрегіндегі парызы. Аруақ қиянатты, тарих бұрмалауды кешірмейді. Осыны есімізде сақтайық ағайын!

Тоқтар Мағзұмов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Осы айдарда

Back to top button