«Дидардың» қонағы

\”Абайды есеңгіреткен – елінің бұлдыр болашағы\”

"Абайды есеңгіреткен - елінің бұлдыр болашағы"

Белгілі жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Думан РАМАЗАН:
-АБАЙДЫ ЕСЕҢГІРЕТКЕН -ЕЛІНІҢ БҰЛДЫР БОЛАШАҒЫ

– Думан Әмірғалиұлы, сізді қазақ халқының тарихында аттары алтын әріппен жазылған ұлы көсемдердің асқақ рухын, ерліктерін қалың оқырманға қапысыз жеткізген «Керей-Жәнібек», «Абылай ханның арманы», «Кенесары-Күнімжан» тәрізді тарихи тақырыптағы драмалық шығармаларыңызды, олардың желісімен сахналанған спектакльдерді ел жақсы біледі. Осындай оқырман мен көрерменнің жүрегіне жол тапқан драматургиялық туындыларыңызбен қатар, прозалық шығармаларыңызды да жұрт сүйсіне оқиды.
Тарихи тақырыптарға көбірек қалам тартасыз. 1979 жылы қазақ жерінде құрылмақшы болған Неміс автономиясына қарсы қазақ жастары ұйымдастырған бейбіт ереуіл туралы «Алаң» атты хикаят жаздыңыз. Елімізде күні кеше ғана болған бұл оқиғаны бүгінде білетіндер некен саяқ. «Алаңды» жазуға не түрткі болды, хикаятыңызда баяндалатын оқиғалардағы дерек-дәйектерді қайдан алдыңыз? Әңгімеміздің әліпбиін осы шығармаңыз туралы айтудан бастасақ.

– «Алаңды» жазуға не итермелегені көкірегі ояу, көзі ашық жандардың бәріне белгілі-ау деп ойлаймын. Себебі, жер мәселесі күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Өзіңіз айтып өткендей, 1979 жылы қазақ жастары ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұрған КОКП Орталық Комитеті Саяси бюросының Неміс автономиялық облысын құру туралы (№ 153/ХІ. 31 мамыр, 1979 ж) атышулы қаулысына қарсы шығып, оны жетер жеріне жеткізбей, желкесін қиып тастады.
Егер жалынды жастарымыз мінезсіздік танытып, бұғып қалғанда қазақ жерінде Неміс автономиясы құрылары сөзсіз еді. Өйткені, бәрі келісіп-пішіліп қойылған. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л. Брежнев қол қойып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д. Қонаев оны мақұлдап та жіберген. Тіпті автономияның басшылары мен териториясына дейін айқындалып, дайындық жұмыстарының бәрі аяқталып қойған. Тек шешімді халыққа жария етіп, Неміс автономиясының құрылуын ресми түрде жариялау ғана қалған болатын. «Темірді қызған кезде соқ» деп тегін айтылмаған ғой, міне тап осы кезде қазақ жастарының қарсылығы бұрқ ете қалып, ол толқулар мен шерулерге, ереуілдерге ұласты. Ақыры ауыздарын айға білеген Кеңес одағының көсемдері райынан қайтып, бұл мәселені күн тәртібінен алып тастауға мәжбүр болды. Біле білсеңіздер, бұл қазақ халқы үшін ірі жеңіс болатын. Қазақтың қарыстай жерін оңайшылықпен жатқа бермейтінінің айқын дәлелі емес пе?! Қазақ жастарының бұл жанқиярлық ерлігі бүгінгі ұрпаққа таптырмайтын үлгі-өнеге. Бұл айтылуы, жазылуы керек. Қазақ арасында барынша насихатталуы керек. Хикаятты жазардағы негізгі мақсатым осы болды.
Әркім өз елінің, ұлтының, жерінің патриоты болуы керек деп ойлаймын. Сондықтан да әр қазақ азаматы елі мен жерінің, ұлтының болашағы үшін алаңдайтыны анық. Мені де әркез елім мен жерімнің тағдыры ойландырады, толғандырады. Қазіргідей өліара шақта оның жауапкершілігі екі еселенетіні де айдан анық.

Әрине, тарихи шығарма жазар кезде қаламгерге көп ізденуге тура келеді. Бір жерінен жаза басып қате кетсең, туындыңның құны көк тиынға айналады. Алдымен осы уақытқа дейін жазылған, әрине, көзіме түскен мақала-материалдардың бәрін қарап шықтым. Ең негізгі ұстын болған еңбек – ұзақ жылдар бойы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінде жауапты қызметтер атқарған полковник Амантай Кәкен ағамыздың «Шырғалаң немесе тағы да неміс автономиясы туралы» атты «Фолиант» баспасынан басылып шыққан кітабы болды. Керемет құнды кітап. Біз сияқты қарапайым қаламгерлер сияқты емес, ол кісілердің қолы біраз жерге жетеді ғой. Көз майын тауыса отырып, бүкіл мұрағаттық материалдарды қопарғаны көрініп тұр. Осы кітаптың маған көп көмегі тиді. Автор бұл еңбегінде немістердің Кеңес өкіметіне, одан Қазақстанға қашан және қалай келгендерін, бастарынан өткен тағдыр-тауқыметтерін, аталмыш қаулының қалай дайындалып, неліктен іске аспай қалғанын егжей-тегжейлі зерттеп жазған. Осы жағынан алғанда халқы үшін осындай құнды еңбек жазып шыққан авторды қалай мақтап-марапаттасақ та артық етпейді. Бұл тек сол кітаппен ғана шектеліп қалдым деген сөз емес. Не бар, не көзіме түсті, бәрін қарап шықтым. Хикаятты алғаш қолға алған кезімде Астанада тұратынмын, сол ереуілге қатысқан көптеген адамдармен кездесіп, тілдестім.

– «Жазушылық – мамандық емес, тағдыр» депті Қадыр Мырза-Әлі. Қасиетті Абай жерінде дүниеге келгендігіңіздің де жазушы болуға өзіндік үлесі болған шығар?

– Әлбетте! Мен Абай ауданы Қызылту кеңшарындағы үшінші бөлімшеде туып-өстім. Атақты ақын, марқұм Төлеужан Ысмайылов ағамыздың ауылы. Бала кезімізде қырықшақты үйлі шаттығы шалқыған берекелі ауыл еді. Арқалы ақын Бауыржан Жақып аға екеуміздің үйіміз жапсарлас болатын. Бала кезде Баукеңмен талай асық ойнап едік.

Осы ауылда екі әке, екі ананың қамқорлығында ештеңеден таршылық көрмей бұла өстік. Ата-әжеміз бен әке-шешеміз бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешті. Үйде ата мен әже болған қандай жақсы! Мейірімнің шуағына молынан шомылдық. Рамазан атам өршіл адам еді. Ешкімнен қорықпайтын, ештеңеден тайсақтамайтын. Жұмажан әжем екеуінің жаны немерелерінің үстінде жүретін. Әжемнің еркелетіп басымнан сипайтынын, мейірленіп маңдайымнан иіскейтінін, бетімнен сүйетінін, еміреніп құшағына қысатынын әлі күнге сағынамын. Әкем Әмірғали да бала десе ішкен асын жерге қоятын қамқор әке болды. Аяулы анам Түбітқан мектепте мұғалімдік қызмет атқарды. Біз тоғыз ағайындымыз. Бәріміз де ең алдымен анамыздан алдынан білім алдық. Елімізге есімдері кеңінен танымал Тұрсын Жұртбай, Бауыржан Жақып ағаларымыз да анамыздың үздік оқитын зерек шәкірттері болғанын мақтанышпен айтып жүреді.
Анамыз ұстаз болғаннан кейін үйге газет-журналдар бума-бума болып келіп жататын. Республикалық мерзімді басылымдардың көпшілігін жаздырып алатын. Содан біз де сол газет-журналдарды оқитын болдық. Сексенге келсе де анамыздың газет-журнал оқитын әдеті әлі күнге дейін қалған жоқ. Үйге кірер-кірместен жаңа газет-журнал әкелдің бе деп сұрайды. Ұмытып кетсем, ренжіп қалады. Содан естен шығармауға тырысасың. Міне, біз осылай тәрбиелендік.

Қазір атам да, әжем де, әкем де о дүниелік болған. Атамды, әжемді, әкемді ойласам, сағынсам, туып-өскен жерім, ауылым, бала кезім есіме түседі. Еріксіз көңіл толқып, көзіме жас іркіледі. Анам қолымда. Күйлі-қуатты. Ғұмыр-жасы ұзақ болса екен, ұрпақтарының қызығын көре түссе екен деп армандаймын.
Бала кезден ұлы Абайдың өлеңдерін жаттап өстік, кемеңгер Мұхтар Әуезовтың шығармаларын жата-жастана оқығанымыз да шындық. Ұлылар туралы әңгімені де көп естіп, шығармаларына ғана емес, өмір жолдары мен ғұмырларының құпия-сырларына дейін ерте бастан қанықтық. Тіпті Шәкәрім қажы туралы әңгімелерді де елден бұрын біз естідік-ау деп ойлаймын. Бұл, әрине, менің ақыл-ойыма, таным-түсінігіме, көзқарасыма ерекше әсер етті. Сондықтан бала кезден жазушы болуды армандағаным рас.

Реті келгенде айта кетейін, Қадыр ағамен өмірінің соңғы жылдары етене араластым. Көзі тірі кезінде мен туралы көлемді мақала жазып, баспасөзде жариялатты. Жаны жаннатта болсын, өте дарынды, білімді, айтқыш адам еді ғой, сондықтан ол кісінің айтқанына қосылмауға шарам жоқ.

– Ауылыңызға жиі барып-тұрасыз ба?

– Ауылым туралы айтсам, құмығып, жасып қаламын. Қандай берекелі ауыл еді?! Қазір зираттардан өзге ештеңе де, аруақтардан басқа ешкім де қалған жоқ. Сөйтіп біздің ауыл қаңырап бос қалды, еліміздің картасынан мүлде жойылды, тұрғындар жан-жаққа көшіп кетті. Айтсам, ойласам, жүрегім сыздап ауырады. Балалық балғын шағымыз сонда өткендіктен, әлі күнге дейін сағынышпен еске аламыз. Тек, әжем марқұмның бейітіне құран оқу үшін ғана барамын. Сағынып барып, сарғайып қайтамын. Атам мен әкеме топырақ Алматыдан бұйырды. Жандары жаннатта болсын!

– Абай атамыздың өмірінің соңғы күндері туралы «Құса» атты тамаша әңгіме жаздыңыз. Әуезовтен асырып бірдеңе айта алдым деп ойлайсыз ба?

– Құдай сақтасын! Әуезовтен асырып бірдеңе айту мүмкін бе?! Менің Әуезовтен артық бір ғана нәрсем бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмын. Бұл шығарма арқылы ұлы Абайдың ұлы қайғы-қасіретін бергім келді. Абайдың ұлы қайғысы – елі мен жерінің талап-тонауға түсіп, халқының еркінен айырылып, бодандықта езіліп-жаншылып, ұлт ретінде жойылып бара жатқандығы еді… Бұны ойламаса, жүрегі ауырмаса, жаны қиналмаса, Абай бола ма?! Әрине, сүйікті ұлдарының бірінен кейін бірі дүние салуы да кемеңгердің жүрегіне аз салмақ салған жоқ. Десе де ұлы Абайды есеңгіретіп кеткен ұлтының бұлдыр болашағы еді деп ойлаймын. Міне, осыны өзімше ашып көрсеткім келді.

– Сөзіңіз аузыңызда, журналист Дархан Әбдік бір сұхбатында: «Абай қазақты емес, орысты сынауы керек еді» депті. Бұған қалай қарайсыз?
– Дархан мықты азамат. Өзім сыйлайтын аз журналистің бірі. Меніңше, Абай атамыз қазақты сынаған жоқ. Тек қазақ ойлансын, сөзімнен тәлім алсын, керегіне жаратсын деп, ащы шындықтарды айтты… Және қалай айтты? Жанға батырып, санамызға жеткізіп айтты. Бірақ, біз соны әлі ұқпай келеміз… Дананың сөзінен тәлім алмай, керегімізге жарата алмай жатырмыз. «Баяғы жартас, сол жартас» деп кемеңгердің өзі айтқандай, сол баяғы қазақ сол қазақ. Әлі өзгерген көп ештеңе жоқ. Қазір қазақтың кемшілігін айтсақ, басың пәлеге қалып, ақыр аяғында өзің жаманатты болып қаласың. Абайды түсінбеген қазақ, сіз бен бізді түсінеді дейсіздер ме?!

Ұлы ақынның халқына қатысты ащы шындықтарды айтуға толық хақысы бар еді. Ал Дархан екеуміздің ондай хақымыз жоқ.

ҚОҒАМЫМЫЗ МЕЙІРІМГЕ ШӨЛДЕП ТҰР

– Ал, Нәзір Төреқұлов «Жазушының жазғанына сыншы би, сыншының жазғанына оқырман би» депті. Шығармаларыңызға сын айтылған шақтар болды ма?

– Осы уақытқа дейін газет-журнал беттерінде сын естіген емеспін. Сыншылар тарапынан да, оқырмандар тарапынан да тек жылы сөздер естіп келемін. Бұдан былай сынап-мінейтіндер табылса, мархабат! Сыннан қорықпаймын. Кемшілік Құдайда ғана жоқ. Егер жанашырлықпен сыни пікірлер айтылса, дұрыс қабылдаймын.

– Жаңа жылдың алдында хабарласқанымызда тағы бір жаңа туындыны қолға алып жатқаныңызды айтып едіңіз.

– Ол хикаяттың аты әзірше «Адам – Аюуан» деп аталады. Әрине, бұл шартты атау, аты өзгереді. Қалай ақталсақ та, қазір адамдардың бойынан мейірім, қайырым, адамгершілік секілді асыл қасиеттер жоғалып бара жатыр. Замандастарымыз тым қатыгезденіп кеткен секілді. Күн сайын неше түрлі сорақылықтарды естіп жатамыз. Міне, бұл шығармада бойларында еш аяушылық сезімі жоқ осындай мейрімсіз, қайырымсыз, қатыгез жандар туралы жазып жатырмын. Қоғамымыз мейірімге шөлдеп тұр.

– Сіз негізінен әңгіме-хикаяттар жазасыз. Болашақта роман жазу ойыңызда жоқ па?

– Біріншіден, әл-әзір роман жазу ойымда жоқ. Бес жүз беттік роман жазамын ғой деп талай мәрте үстелге отырдым, бірақ жазу барысында бес-он беттік әңгіме болып шыға келеді. Сондықтан менің жанрым әңгіме екен деп шештім. Жазушы ретіндегі арманым – үш том әңгімелер жинағын жазу. Қазіргі жазғаным екі том болады. Құдай бойыма күш-қуат беріп, енді бір том әңгімелер жинағын жаза алсам, жазушылық миссиямның орындалғаны деп білемін. Мүлде роман жазбаймын деп те кесіп-пішіп ештеңе айта алмаймын. Болашақты болжайтын әулие емеспін. Бәрін уақыт көрсетер.

– Қазір «роман оқылмайды» деген де ой-пікірлер бар. Тіпті бір жазушы ағамыздың «Абай жолын» енді ешкім де оқымайды» дегенін өзіңіз де оқыған боларсыз. Бұған не дейсіз?

– Егер жақсы шығарма болса, мың бет болса да оқылады, ал нашар туынды болса, бес бет болса да оқылмайды. Көркем шығарманы көлеммен өлшеуге мүлде қарсымын. Ал «Абай жолын» оқымаған қазақты сауатты адам деп айта алмаймын. Қазақ барда «Абай жолы» мәңгі оқылады. Оқылмауы мүмкін емес. Әрине Мұхтар Әуезов өзі аман қалуы үшін және Абайды жарық жалғанның жарығына алып шығу үшін «Абай жолын» озбыр империяның ығына жығыла отырып жазды. Егер қазір Әуезов тірі болса, мүлде басқаша жазарма еді деп ойлаймын. Тырнақ астынан кір іздейтіндер осына меңзейтін шығар. Бірақ бәрібір «Абай жолы» өз биігінен еш түспейді, өз құнын ешқашан жоғалтпайды. Оған бәс тіге аламын.

– Жеті жыл бұрын қарағандылық белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлы «қазір мен үшін ең керемет ақын Темірхан Медетбек, одан кейін Тыныштықбек» депті бір сұхбатында. Прозада Мұхтар Мағауин мен Төлен Әбдіктің есімдерін атапты. Сіз бөле-жара айтатын ақын, жазушылар бар ма?

– Серік ағамен де өте жақын араласамын. Қарағандыда «Ұлы арман» және «Қанатталды» деген екі шығармам сахналанды. Қарағандының Сәкен Сейфуллин театры сахналаған «Ұлы арман» атты драмалық туындымның тұсаукесеріне барғанымда Серік ағам өзі күтіп алып, үйінен дәм татқызып, тұсаукесерде тебірене сөйлеп, шашбауымды көтеріп, мерейімді бір асырып жіберген. Бұрын да аралас-құраластығымыз бар еді, содан кейін тіптен туған аға-інідей болып кеттік. Алматыға келсе, ол кісі маған хабарласпай кетпейді, Қарағандыға жолым түссе, мен де ол кісіні аттап кеткен емеспін.

Мен бөле-жара атайтын, жүрегімнің төрінде тұрған Серік ағаларым секілді қаламгерлер өте көп. Десе де ешкімді бөле-жармай-ақ қояйын. Кейін кеңірек жазармын. Серік ағам атап өткен Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы ағаларымның шығармашылығына менде ерекше құрметпен қараймын. Шын мәнінде қазақ әдебиетінің абыройын асырып, мерейін тасытып жүрген тұлғалы қаламгерлер. Осы кісілермен аралас-құраластығым барлығын әркез мақтаныш тұтамын. Тіпті анау-мынауды менсіне бермейтін Төлен ағам мен туралы керемет мақала жазды. Сол жылы сөзі үшін де Төлен ағама мәңгі қарыздармын. Әрине, қарыздар болып қалмаспын. Бірақ Төлен ағам қазір мақтау мен марапаттың деңгейінен әлдеқашан асып кеткен, өзіне тірі кезінде-ақ мәңгілік ескерткіш орнатып қойған қаламгер ғой! Біздің мақтауымызды қажетсінбейді де, оның ол кісіге қажеті де шамалы.

"Абайды есеңгіреткен - елінің бұлдыр болашағы"

САХАН АҒА СИЯҚТЫ АЗАМАТТАР КӨП БОЛУЫ КЕРЕК

– Қанша жерден салтымыз жаңғырып жатыр десек те қазақтың салт дәстүрінен жиреніп жататындар көп. Наурыздың өзі «Масленицамен» бірдей деңгейде ғана тойланып келеді. Қалаға ауылдан жас та, кәрі де ағылып көшіп келіп жатқанымен, қалада қазақтың мәдениеті қалыптаспай отыр. Ұлтымызда, жерімізде қазақы дәстүрді дәріптеу жетіспей ме, әлде оған қарауға шамамыз, жағдайымыз жоқ па? Сіз қалай ойлайсыз?

– Шынын айтқанда Өскемен мүлде орыстанып кеткен қала еді ғой. Қайта кейінгі кездері қазаққылыққа бет бұрып келе жатқандай көрінеді маған. Осыдан он жылдай бұрын Өскеменде, облыстық театрдың сахнасында менің «Кенесары-Күнімжан» атты тарихи драмам қойылды. Облыстық театрдың сол кездегі директоры, қазіргі көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеев ағамыз бірде Астанаға келіп, Қалибек Қуанышбаев атындағы театр сахнасынан «Кенесары-Күнімжан» қойылымын көріп, қатты ұнатып, бұны Өскеменде де қойдырамын деп уәде беріп кеткен еді. Уәдеге берік Сахан ағам сол туындыны көп ұзатпай Өскемен театрында қойдырды. Кенесары рөлін өзі ойнады. Және қалай ойнады десеңізші. Сахнада Кенесары бабам тіріліп келгендей күй кештік. Сахнаның нағыз сардары ғой Сахан ағам. Бұндағы айтайын дегенім, біз режиссер Болат Ұзақов екеуміздің Астана театрына Кенесары ханның бейнесін алып шығудағы мақсатымыз, Астанаға ұлы бабамыздың асқақ рухын оралту болатын. Бұл қойылымды Өскемен театрына қойдырудағы Сахан ағаның ойы да осымен үндесіп жатқан. Өскеменге Кенесарының асқақ рухын әкелу еді. Оны аға ұлттың өкілдері сезіп қойып, Сахан ағамның үстінен арыз жазып, оған рухсыз өз қандастарымыз қосылып, біраз уақыт өз театрынан шеттетіліп қалғанын білесіздер. Бірақ, «аққа Құдай жақ». Сахан ағам ештеңе бүлдірмегендіктен, өз орнына қайтып келді. Қайтып келгені, біз немесе театр үшін ғана емес, Өскемен қаласы үшін жақсы болды ғой деп ойлаймын. Сахан ағам Өскемен қаласындағы қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің қанат жаюына өз үлесін қосып жатыр, қоса береді де ғой деп ойлаймын. Одан кейін «Керей-Жәнібек» деген тарихи драмамды облыстық театрдың сахнасына алып шықты. Режиссер Болат Ұзақов Керей ханың рөлін де Сахан ағамызға сеніп тапсырды. Қазақ хандығының негізін қалаған ұлы ханды да өз деңгейінде, өз биігінен түсірмей сомдап шықты. Сондықтан қалада қазақ мәдениеті мен дәстүрі өркен жаюы үшін Сахан ағам сияқты рухты, намысшыл, ұлтын сүйетін азаматтар көп болуы керек. Бұл жағынан да өнер десе өзегін үзіп берер Сахан ағама шын разымын және осындай ағаларымның барлығына шүкіршілік етемін.

ГЕОГРАФИЯМ КЕЛСЕ ДЕ, БИОГРАФИЯМ КЕЛМЕЙ ЖАТҚАНДАЙ

– Иә, Өскемен театрының сахнасында «Кенесары – Күнімжан» және «Керей – Жәнібек» атты тарихи драмаларыңыздың қойылғанын біз де білеміз. Әлі күнге дейін театр репертуарынан түскен жоқ. Сіздің драмалық шығармаларыңыз еліміздің оннан аса театрында қойылған екен, кей облыста тіпті екі реттен сахналаныпты, ал өзіңіздің туып-өскен Семей жерінде бір туындыңыздың қойылмай отырғанына не себеп?

– Соның себебін білсем ғой, шіркін! Әркім әртүрлі айтады… Бірақ анық-қанығын өзім де тап басып айта алмаймын. Оны сол Семей театрының басшыларынан сұрау керек. Осыдан екі-үш жыл бұрын Семей театрының директоры (есімі – Бауыржан, фамилиясын білмеймін) «Абылай ханның арманы» атты шығармамды қоямыз деп сұратып алды да, ақыры сиырқұймышақтанып кетті. Алдында сол Семей театрын басқарған Адай ағамыз да «Кенесары – Күнімжанды» қоямыз деп уәде берген еді, ол кісі де сөзінде тұрмады. Мүмкін, біреулер айтатындай, географиям келсе де, биографиям келмей жатыр ма деймін… Әйтпесе, негізі менің шығармаларымды алдымен туған жерімнің театры қоюы керек қой! Бірақ қайтесіз енді, өмір ғой!.. Өздеріне жақсы болса, қойдырмасын! Одан менің қылым да қисаймайды.

Кейде ойлаймын, Семей театрының талабы Алматыдағы Әуезов театры мен Астанадағы Қалибек Қуанышбаев театрының талабынан да асып түсіп, мүмкін менің шығармаларым олардың репертуарына жарамай жатырма деп. Егер шынымен солай болса, әрине қуанамын. Өйткені, туған жерімнің театрының деңгейі мен табысы, менің де табысым!

Ал кейбіреулер айтады: «Жоқ олай емес. Семей театры біткен театр. Артистер құрамы да ала-құла болып кетті. Бұрынғы шашасына шаң жұқтырмайтын өнер тарландары да қалмай барады. Сенің қаншама тарихи тұрғаларды кейіптеген драмаларыңды қоя алмайды. Шынын айтқанда, оған артистік құрам да, театрдың қаржылық мүмкіндігі де жоқ. Театрға жартымды ақша да бөлінбейді, «шықпа жаным шықпамен» қалт-құлт етіп әзер отыр. Сенің бәленбай миллионсыз сахнаға шығара алмайтын тарихи драмаларыңды қайдан қойсын! Көбінесе жеңіл-желпі дүниелерге үйірсек болып кеткені содан» деп. Бірақ, мен бұған сенбеймін. Бұлай болуы мүмкін емес сияқты. Өйткені Семей театрының ұзақ жылдық тарихы, бай дәстүрі бар ғой. Соның бәрі адыра қалмаған шығар. Ал егер шынымен солай болса, онда ешқандай өкпе-реніш жоқ.

– Биылғы жыл елімізде жастар жылы болып жарияланды. Қазіргі күнгі жастардың дені алғыр, білімді. Бірақ, жұмысы жоқ жастар, жұмыссыз, сенделген жастар да жүр сандалып. Арасында тойып секірген де, тоңып секірген де бар. Жастар жылынан не күтесіз?

– Жастар жылынан көп нәрсе күтпеймін. Мүмкін бір-екі шара өтер. Бірақ онымен не өзгерер дейсіз?! Ең алдымен Кеңес одағы кезіндегідей жас мамандарды тегін баспанамен қамтамасыз ететіндей жағдайлар жасалса, сенуге болар еді. Орнымен жұмсалса, Қазақстанның байлығы бәріне жетеді ғой. Меніңше, осы бір жақсы дәстүрді қайта қалпына келтіру керек. Әйтпесе, жас отбасының қазір үй алатындай жалақы алмайтыны бәсенеден белгілі. Ал үй болмаса күйдің болмайтынын өздеріңіз де жақсы білесіздер. Ендеше, жастар жылынан кейін жастардың жағдайы күрт жақсарып кетеді деп ойламаймын.

– Сіз журналистика мамандығын оқыдыңыз. Қазіргі күні журналисті оқытудың қажеті жоқ деген екіұшты пікірлер жиі айтылып жүр. Бұл журналистика арнайы оқытуды қажет етпейтін мамандық деген бе немесе біздегі журналистикалық білім беру мектебінің қалыптаспағандығы ма?

– Өз басым журналист мамандығын оқыту керек деп ойлаймын. Бірақ, қалай?.. Міне, бас қатыратын мәселе осы. Осы тұрғыдан алғанда, бір реформа керек-ақ!

– Бос уақытыңыз бола ма, болса қалай өткізесіз?

– Шынымды айтсам, бос уақытым көп бола бермейді. Көбінесе отбасыммен бірге болғанды жаным қалап тұрады. Таза ауада серуендегенді жақсы көремін.

– Дәл бүгінгі күні сізді қатты алаңдататын, толғандыратын ой, мәселе не?

– Еліміздің, ұлтымыздың, тәуелсіздігіміздің болашағы қатты ойландырады, толғандырады. Басымыз бірікпейді. Әркім әр тарапқа тартады. Несін жасырамыз, бөлінуге бейімбіз. Бұны жасырып-жаба алмайсыз. Ал «бөлінгенді бөрі жейтіні» тағы белгілі. Қазақтың қазаққа көп жаны аши бермейді. Күншілміз, күңкүлшілміз… Біреу өсіп-өніп, көктеп-көгеріп бара жатса, күндеп немесе жүндеп, аяғынан тартқанды жанымыз қалап тұрады. Сол Абай атамыздың заманынан онша ұзап кеткеніміз жоқ. Жүрегімді ауыртатын да осы. Десекте, өмірде жақсы адамдар бар ғой. Соларға қарап қана өмір сүргің келеді.

– Өзіңізге ұнамайтын мінезіңіз немесе әдетіңіз бар ма?

– Тік мінезбін. Айтпайтын нәрсені шыдамай айтып қоямын да, жауымды көбейтіп алып жатамын.

– Балаларыңыз да әдебиетке, өнерге жақын болып өсіп келе жатқан болар? Жалпы, олардың қаламгер немесе өнер адамы болғанын қалайсыз ба?

– Құдай қосқан қосағым Майра Байтуреева, шырайлы Шымкенттің ибалы қызы. Қаз МҰУ-де оқып жүргенде танысқанбыз. Мен журналистика, ол тарих факультетінде оқыды. Құдай берген екі ұл, екі қызымыз бар. Балаларым әдебиетке, өнерге жақын деп айта алмаймын. Ата-апасының баласы Ернар былтыр Алматыдағы КИМЭП-тің Мемлекеттік басқару факультетін бітірді. Ал Баян Астанадағы Евразия университетінің Тіл-әдебиет факультетін Құдай бұйыртса биыл бітіреді. Ғылымға бейімі бар, ғалым болуды армандайды. Ал Ернұр мен Балауса мектеп қабырғасында оқиды. Бәрі де көркем әдебиетті сүйіп оқиды, өнер туралы таным-түсініктері өте жоғары. Бірақ, өтірік айтып не керек, ешқайсысы әдебиетке немесе өнерге үйірсек емес. Мен оларды қыстамаймын. Әркімнің өз жүрер жолы бар. Ең бастысы, өздері қалап алған мамандықтарын жетік меңгеріп, сол саланың үздігі, майталманы болса, яғни өз істерін жақсы білсе жетіп жатыр. Абай атамыз айтпақшы, ақын болу, атақты болу шарт емес. Егер қаламгер боламын немесе өнер жолын таңдаймын десе, ешқайсысының да қолын қағып, меселін қайтармаймын. Таңдау еркін тек өздеріне қалдырамын.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button