«Дидардың» қонағы

Бақытжан РАИСОВА, ақын: – Мен мыңмен емес, мұңмен алыстым

 

«Ай мен Алтай», «Шағылға біткен шынармын», «Ай патшалығы», «Сезім сәулесі», «Кәусар дүние» сынды көлемді жыр жинақтардың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, білім саласының үздігі, ақын Бақытжан Раисованың жуықта туған жерінде 60 жылдық мерейтойы өткен еді.
Төр Алтайда туып, жүрек лүпілін алты алашқа жыр қылып ұсынған сезімшіл ақынның қуанышымен бөлісіп, мұңымен ортақтасқан едік. Қазақ поэзиясындағы аздаған ақын қыздың біреуі былай сырласты.

Ақындар адалдықтан айырылмаса екен

– Он сегіз жасыңыз құтты болсын, Бақытжан апай! Төркіндегі тойыңыз көңіліңізден шықты ма?

– Туған жерімдегі той ойлағанымнан озып кетті. Өз басым Өскемен қаласындағы облыстық драма театрында қазан айында өткізейін деп ойлағам. Жаз айы елдің демалатын кезі, ешкімді мазаламайын дегем. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет ағам бастаған азаматтар аудан әкіміне хат жазып, осы тойды ұйымдастырған екен. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Ұлыағаң өзі бастап, ақын-жазушылар келді. Қазіргі асқар таудай ағамыз Әлібек Асқаров, атақты жазушы Айгүл Кемелбаева, өзіміздің Қайырды Назарбаев ағамыз, жергілікті жерден Әлібек Қаңтарбаев, Оңдасын Елубай сынды ағаларымыз төр Алтайға бірге барды. Аудан әкімі бастаған азаматтар кереметтей кеш ұйымдастырып берді. Мен соңғы шыққан «Кәусар дүние» деген жыр жинағым мен «Жалын мен оттан жаралып…» деген мақалалар мен эсселер жинағымды ауылдастарыма сыйладым. Саған да бір данасын ала келдім.

– О, рақмет, апай, жаңа кітабыңыз құтты болсын! Біз Бақытжан апайды мұғалім һәм ақын деп қана танып жүрсек, эссе жазуға да уақыт тауып жүр екенсіз ғой…

Бақытжан РАИСОВА, ақын: – Мен мыңмен емес, мұңмен алыстым

– Мұның ішінде ертеректе жазылғандары да, соңғы жылдардың бедерінде жазылған дүниелер де бар. Бас-аяғын реттеп, жазған-сызғанымды жинап қояйын деген оймен қолға алғам.

Жалпы, мен еңбек жолымды баспасөзден бастағам. «Қазақ университеті» газетінен. Одан кейін Катондағы аудандық газетте жұмысымды жалғастырдым. Сондықтан бұл кітаптың жарық көруі тосын дүние емес.

– Фаризаның ізін қалай жалғап келе жатқаныңызға жыр жинақтарыңыз куә. Ал Қанипа Бітібаеваның жолымен қалай жүріп келесіз?

– Жалпы, журналистика қыз балаға ауырлау болады екен. Ойлана келе, өзімнің жүрегіме жақын болған білім саласына кеттім. Оның үстіне, оқуды да үздік бітірген едім. Оқушылармен тез тіл табысып кеттім. Алдымдағы балалардың санасына аз да болса ұлттық рух себе алатыныма қуандым. Кейде оқушыларымның алдында ұлттық рух жайлы сөйлеп кетсем, кейбір жігерлі балалар «апай, көшеге шығайықшы» дейтін. Бірақ ол балаларға біреуді күшпен емес, біліммен жеңуіміз керектігін түсіндіреміз. Осылай, Қанипа апайдың жолымен Абай мен Мұхтарды жас ұрпақтың санасына сіңіріп келеміз.

– Қай шәкірттеріңізбен мақтанасыз?

– Нұр-Сұлтан қаласында Дидар Оралбекұлы деген оқушым жүр сіздердің салаларыңызда қызмет істеп. Диана Өтебаева деген болашағынан зор үміт күттіретін балам елордада университетте оқып жатыр. Өздеріңіздің әріптестеріңіз, көптеген мүшәйралардың жүлдегері Оразай Жеңісұлын мектеп кезінен мен алып шыққам. Жалпы, талант әркімде болады ғой, тек адалдығын жоғалтпаған адам ғана ақын болып жүре алады. Осы балалардың адалдығын алма деп Аллаға мінәжат етем.

Музам – Мұзтау

– Алтайдың таулары биік қой. Тау биіктеген сайын көлеңкесі де алысқа түседі. Қай таудың көлеңкесін саяладыңыз немесе қай таудың көлеңкесі күн нұрын сағындырды?

– Төлеген Рахымжанов бесінші сыныптан бастап әдебиет пәнінен сабақ берді. Оралхан Бөкеевтің қарындасы Мәншүктен сабақ алдық. Сол кездегі бүкіл ақынқұмар қазақтың өлең пірі Мұқағали біз Алматыға барардан үш ай бұрын қайтыс болып кетіпті, ол кісінің көзін көре алмадық. Ал өзім қатты табынатын ақыным Төлеген Айбергенов болатын. Сол кісінің қызы Салтанатпен бірге оқу бақытына ие болдым. Ал ақын болып қалыптасуыма Алматының әдеби ортасы әсер етті. Айына екі рет кезігіп өлең оқитынбыз. Ұлықбек Есдәулет, Есенғали Раушан бастаған қазіргі қазақ поэзиясының көш басындағы ақындардан өлең тыңдап өстік. Бір рет кездесуде мен өлең оқып түсіп келе жатыр едім, Есенқұл Жақыпбеков ағамыз «Әй, осы қыз түбінде бәріңнен озады» деп еді. Сондай сөздердің бәрі жас ақынға қамшы болады ғой. Ал кімдердің көлеңкесі түскенін ойлап көрмеппін. Жалпы, Алтайдың ақындары басқа жерлердікіндей бір-бірін тартып жатпайды. Шынын айтсам, өз өңірімізде өткен «Шығыс шынары» мүшәйрасынан да орын алып көрмеппін. Өлең ұсынған кезде барлығы мақтап жатады, бірақ жүлдегерлердің қатарында жоқ боласың. Бұл басқа жерде өткен мүшәйра болса, керісінше болар еді. Сондықтан біреулердің көлеңкесі түспеді деп өтірік айта алмаймын. Бірақ мен бәріне кешіріммен қарадым. Абайдай мыңмен алысқам жоқ, мұңмен алыстым. Әйелмін ғой, ешкіммен бет жыртысқым келмейді.

– Жаңағы өз қатарыңызда өмір сүрген ақын Есенғали Раушанов: «Әйелден ақын шықпайды, күйші не биші болмаса» дейді. Ақындық жолы ауыр ғой. Бақыттысыз ба?

– Бақыттымын!

Есенғалидың сол сөзіне орай «Әйел ақын» деген өлең жаздым. Өзің оқып аларсың. Ол қандай мақсатпен айтқанын білмедім. Өз басым Есенғали үшін өлең жазбаймын. Қазір кім не ойласа, соны іркілмей айтып жатқан ерікті заман ғой. Айта берсін.

– Төр Алтайда туған кез келген талант көркемдікке ұмтылмаса, өнерге қиянат болар. Туған жердің табиғаты поэзияңызға қаншалықты әсер етті?

– Сезімімді оятқан табиғат екенін мойындаймын. Әрине, жастық шағымызда ғашық болдық, махаббат лирикасын да жаздық. Бірақ негізгі жырым табиғаттан тамыр алады. Менің музам – Мұзтау. Катонның сұлу табиғаты Оралхан, Қалихан, Әлібек, Дидахмет сынды ағаларымыздың қаламына арқау болды ғой. Егер Әуезов Алтайда туса, «Абай жолы» бұдан да көркем жазылар ма еді, кім білсін?! Сондықтан осыншама тұмса табиғат шабытқа, жырға әсер етпеуі мүмкін емес. Хал-қадірімше туған жерді жырлауға, суреттеуге күш салам.

– Қазақ поэзиясында жүрген қыздар аз болмаса да, қатарластарыңыздан Алтай бетінде жалғызсыз. Қадіріңізді біліп жатырмыз ба?

– Жалпы, бағаланып жатсам да, бағаланбай жатсам да өзімнен көретін адаммын. Ақындығы үшін күйеуінен таяқ жеп өлген Ұлбикенің еліміз. Қызын төрінен түсірмеген қазақтың баласымыз. Сондықтан қолдау да, қағажу да көріп келеміз.

Бұған дейінгі «Кәусар дүние» жинағым мемлекеттік тапсырыспен шыққан. Оның 100 данасын қолыма ұстатты. Абай әлемі сериясы аясында «Жердің күн беті» атты жыр жинағым шыққалы жатыр. Енді алпыс жылдық тойымды өткізіп беріп жатыр. Соған қарағанда еңбегіміз ескеріліп жатқан сияқты.

– 80 жылдығы жетім қыздың тойындай болып өткен Мүсілім Құмарбекұлы мен 70 жылдығы атаусыз кетіп бара жатқан Ғалым Байбатыровқа қарағанда, шүкір дейсіз ғой…

– Неге ескерусіз қалуы керек олар. Осы сөзіңнің ар жағында белгілі бір мақсат бар сияқты. Мүсағаңды дендеп оқи алмадым. Ал Ғалым аға ғажайып ақын ғой. Ел-жұрты ескерусіз қалдырмайтын шығар. Шығыстың Мұқағалиы атанған Хамитты да ұмытпауымыз керек. Бүгінгілер ұмытқанымен, тарих ұмытпайды ғой.

– Сырлы сұхбатыңызға рақмет, апай. Қазан айындағы керім кешіңізде жолығуды Алла нәсіп етсін.

– Өзіңе де көп рақмет! Ол кешке Семейден қонақтар келеді. Менің сөзіме жазылған әндер орындалады. Өскеменнің зиялы қауым өкілдерін, студенттер мен оқушыларды сол кештен күтемін.

Бақытжан РАИСОВА, ақын: – Мен мыңмен емес, мұңмен алыстым

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button