Тарих

\”Бақытсыз Жамал\” романы жазылған ауыл

"Бақытсыз Жамал" романы жазылған ауыл


Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақтың кең жазира даласының қиыр шығысындағы Қуаныш ауылы қазақ елінің ұлы тұлғалары еңбек еткен, қараңғы қазақтың сауатын ашқан қайраткерлердің, қазақтың тағдыры талайлы ақыны Ноғайбайдың, бүкіл шығыс өңіріне аты жайылған Мұстапа балуанның, ерекше алып күш иелерінің, көріпкел әулие адамдардың, республикаға, облысқа әйгілі қоғам қайраткерлерінің Отаны.

Қуаныш – Зайсан уезіндегі (1868-1928 ж.ж.) ең алғашқы мектебі, мешіті, тұрғын үйлері бар тұңғыш қазақ ауылы. 1861 жылы Ресейде крепостнойлық (басыбайлы құлдық) право өз күшін жойды. Бостандыққа шыққан орыс мұжықтары, патша өкіметіне наразылар, әскерден қашқандар Зайсан жеріне ағылып келе бастаған. Орыстарды Зайсан жерінің тамаша табиғаты, су қорларының молдығы, сауда – саттық үшін Қытай мемлекетіне жақын орналасқаны қызықтырған. Зайсан жеріне қоныстанған орыс ұлты өкілдерінің біздің елге ықпалы туралы көзқарастар әртүрлі. Патшалық Ресейдің отарлау саясатымен қатар орыстың зиялы қауымының, озық ойлы демократиялық ұстанымдары бар, жекеленген өкілдерінің өлкенің өсіп-өркендеуіне үлес қосқанын айтпағанымыз тарихқа қиянат болар. Шоқан Уәлихановтың досы Г.Потанин Зайсан жерінің табиғаты, қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жөнінде еңбектер жазған. Абаймен дос болған Е.Михаэлис Сауыр, Сайхан тауларын зерттеп, осы аймақта жанғыш сланец қорын анықтаған.

Зайсан жерінің көркеюіне үлес қосқан адамдардың бірі – А.Хохловтар әулеті. Атақты саяхатшы Н.Пржевальский зайсандық Мырзаш Алдиярұлымен бірге Тибет жеріне жасаған саяхатын Зайсаннан бастаған. Атақты орыс ақыны Павел Васильевтің жерлесіміз екенін мақтан етеміз.

Биліктің жүргізіп отырған саясатына ұлт, халық жауапты емес. Патша үкіметінің отарлау саясатын ұстанған өкілдері тұрғылықты елге қысым жасағаны жайындағы деректер баршылық. Олар қанаушы тап өкілдері ретінде небір шырайлы жерлерді иемденіп, өзендер мен бұлақтардың бойына қоныс теуіп, өздерінің атамекеніндей орналаса бастаған. Оларға Ресей билігінің таңдаған жерлеріне отыруға рұқсат құжаттары болған. Ол кезде Найманның Төртуыл елі, Керей елінің біраз рулары Зайсан жеріндегі өздерінің ата- бабасының мекенінде тұрақтанып қалған уақыт еді. Патшалық өкімет билігінің өкілдері жергілікті тұрғындардың қарсылығына қарамастан, оларды адам баласы тұруға қолайсыз далаға (резервациялау) күштеп көшірген. Адам аяғы баспаған Ертістің ну қопасына, суы жоқ Ақжонның құмына қуып тастаған. Жаз жайлауын Алтайдан – Марқакөл аумағынан берген. Ол жайлауға жетудің өзі қияметтің қайымы. Ертіс өзенінен аттың жалына жабысып, малтып өтерде талай әйелдер мен балалар суға кетіп опат болған. Міне, осындай ел басына түскен ауыртпашылықты көріп жүрген ауыл ақсақалдары уезд басшылығына арыз-шағым түсіріп, атамекен жерлерін қайтарып беруді талап етеді. Ғалымдардың Семей қаласындағы мұрағаттардан тапқан деректеріне сүйенсек, Қуаныш ауылы тұрған жерде Қара Ертіс болысына қарасты Алтыншы ауыл болғаны дәлелденіп отыр. Осы Алтыншы ауыл молдасы Бекмұхамед Сатыбалды, ауыл ақсақалдары Бітібай Байбосын, Үрпек Тойғұл, Мареу Боранбай, тағы басқалары Зайсан уезінің басшылығына арыз түсіріп, заңсыз тартып алынған жерлерді қайтаруды талап еткен. Уезд басшылығы жерді қайтару үшін әр жерде бытырап орналасқан қыстауларды біріктіріп ауыл, мектеп, мешіт салуға шарт қойған.

Осы ұсынысты қабыл алған ауыл ақсақалдары 1902 жылы Серғазы өзенінің бойында ашылған жаңаша (жадид тәсілімен) оқытатын мектепті Қуаныш ауылына көшіріп әкеледі. Бекмұхамед молданың құдасы Зайсан қаласының көпесі Бидахмет Бобкиннің көмегімен Семей қаласынан мұғалімдік қызметке «Алаш» партиясы жетекшілерінің бірі, қазақтың белгілі ағартушысы, қоғам қайраткері Міржақып Дулатов шақыртылады. 1904 жылдары қазіргі Қуаныш ауылы тұрған жерде түстіктен терістікке қарай ұзын үш көше, көлденең алты көшеге бөлінген ауыл бой көтеріп, Семейден құрылыс салудан хабары бар Түсіп деген адамды шақыртады.

Елдің шоғырлануымен қатар мектеп, мешіт үйі де бой көтеріп, Қара Ертіс болысының 12 старшын елінен 24 бала оқуға тартылып, мектепте сабақ басталады. Бертінде Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы мұражайдан: «В 1904 году в Зайсанском уезде открылся Жарлинская Киргизская аулная школа» деген мазмұндағы құжат табылыпты. Бұл құжатты бізге жеткізген Шоқан Уәлиханов атындағы тарих-этнография институтының ғалымы В.Галиев деген адам еді. Осы Галиев Міржақып Дулатовтың еңбектері туралы көлемді кітап жазды. Ол кітапта Қуаныш ауылы туралы тың деректер бар. Алаш қайраткері Дулатов мектепте ұстаздық қызметпен қатар шығармашылықпен де айналысқан. Қазақтың тұңғыш романы «Бақытсыз Жамал» осы ауылда жазылған. Роман кейіпкері Жамалдың Қуаныш ауылынан Зайсанға атпен шығып, жолда боранда үсіп өлгені, сол кездегі қазақ әйелдерінің қайғы-қасіретке толы аянышты өмірі суреттеледі. Дулатов Орынбор қаласында шығып тұрған «Қазақ» газетіне патша өкіметінің отарлау саясатынан қазақтардың көріп отырған зорлық-зомбылықтары туралы өткір мақалалар жіберіп отырған. Осы мектеп Зайсан уезінің (уезге 9 аудан қараған) көптеген азаматтарының білім алып елге, жерге ізгілікті, игілікті істер жасағанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Мектептен білім алғандар кейін республиканың, облыс, аудандардың басшы қызметтерін атқарды.
Алайда, Кеңес үкіметі «Алаш» партиясының саяси бағытын теріске шығарды. Оның басшылығын қуғынға ұшыратып, соттап жазалаулары оқыған, зиялы азаматтардың көбінің репрессияға ұшырап, шетел асып кетуіне себеп болды. «Алаш» партиясы көсемінің бірі М.Дулатов сабақ берген мектептен дәріс алдым деудің өзі қауіпті жағдай еді. Мектеп тарихының көп уақыт жасырын, жабық күйінде қалуының себебі – осы.

1904 жылы салынған мешіттің имамы Ниғметолданы «Молдалықпен шұғылданды» деп соттап, кейін ол түрмеде қайтыс болған. Ескі мешіттің орнында бүгінде үйінді топырақ қана жатыр. 1930 жылдары Қазақстан Үкіметінің елдегі жаппай сауатсыздықты жою жөніндегі қаулысына (ликбез) сәйкес, жалпы білім беретін мектептер қажеттілігі туған. Осы жылдары қазақ еліндегі оқу комиссары Темірбек Жүргеновтің бастамасымен елді мекендерде бастауыш, жетіжылдық мектептер салына бастаған (Қуаныш ауылындағы мектеп жөнінде «Сәрсекеевтің екі ерлігі» деген қосымшада баяндалады). «Халық батыры» Сәрсекеев салдырған мектеп 60 жылдай халыққа қызмет жасады.

1904 жылы салынған мешіт әбден тозып, ақыры құлап қалғаны айтылды. Арада 100 жыл өткенде ауылдың тумасы, кәсіпкер Айдар Барысов деген азамат өз қаражатына қос мұнаралы мешіт тұрғызды. Ауылда әр жылдары адам сенбейтіндей жұмбаққа толы ғажайыптардың болып тұратыны және көріпкел, әулиелердің ғұмыр кешкені жөнінде толығырақ «Қуаныш – 100 жыл» атты тарихи кітапта баяндалған.

Мағазбек Тоқтаубай,
тыл ардагері.
Қуаныш ауылы,
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button