«Дидардың» қонағы

Бақытгүл Ауғанбаева: Қасымызда мәңгі жүретіндей көріппіз

Бақытгүл Ауғанбаева: Қасымызда мәңгі жүретіндей көріппіз


КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұлы ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның арамыздан кеткеніне де үш жылдың жүзі болыпты. «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді» дегендей, есімі аңызға айналған ұлағатты ұстаздың, «Қазақтың Қанипасының» екінші ғұмыры енді басталғандай. Осы орайда біз Қанипа Омарғалиқызының сіңлісі, Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақытгүл Ауғанбаевамен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.

Қанипа апайдың жолын жалғастырып келеміз

– Бақытгүл, өз басым сізді білімді ұстаз, білікті маман ретінде танығаныммен, «қазақтың Хан» апасы атанған Қанипа Омарғалиқызының сіңлісі екеніңізді білмеппін. Осы орайда ұлы ұстаздың сіңлісі әрі әріптесі ретінде сізбен сұхбаттассам деймін. Қанипа апайдың өскен ортасы қандай еді?

– Біз үйде тоғыз ағайындымыз. Әкем Ұлы Отан соғысының ардагері болса, анам батыр ана еді. Жалпы, бізді педагогтар әулеті десе де болады. Тек Жанар деген сіңлім бизнеспен айналысса, Ғайни деген апайым Павлодар қаласында терапевт-дәрігер, ал қалған апайларымның барлығы мұғалім. Тіпті біздің балаларымыз да педагог мамандығын таңдап, жолымызды қууда. Әрине, ұстаздық жолды таңдауымызға Қанипа апайдың үлкен әсері болды. Қазақ «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дейді ғой. Бүгінде біз Қанипа апайдың салып кеткен жолын жалғастырудамыз. Көзі тірісінде Қанипа апай: «Бақытгүл, ұстаздық жүрекпен істейтін жұмыс, біреудің баласын өз балаңдай жақсы көріп, сүйетін болсаң ғана, жұмысың жемісті болады» деп жиі айтушы еді. Шынында да, біздің қоғамда көп адамдар ақшаның көзі қайда болса, сол жақта жүреді ғой. Оның үстіне біздің елде мұғалімдердің жалақысы да керемет жоғары емес. Бірақ соған қарамай, менің апайларым, қаншама әріптестерім Қанипа апайдың салып кеткен сара жолымен тәуелсіз еліміздің болашағын тәрбиелеу жолында талмай қызмет етуде. Бірде бір ісіме көңілі толмай, ренжіген Қанипа апайға менің «Маған Үкімет қанша ақша төлеп отыр. Сол ақшаның маңайында ғана жұмыс істеймін» деп кесіп айтып тастағаным бар. Сонда ол кісі: «Ендеше сенің орның бұл жер емес, сен онда саудаға бар. Бұл – білім ошағы. Мұнда тек қана жанын беретін, соңғы деміне дейін «мектебім», «оқушыларым» деп кететін адамдар ғана жұмыс істеуі керек» деп қатты ұрсып тастап еді. Қазір Қанипа апайдың осы бір сөздері менің ұстанымыма айналды десем де болады. Тағы бір жолы сіңлісі әрі әріптесі ретінде маған: «Бақытгүл, сен мені жақсы көрсін деп қызмет істеме, сені жақсы көрудің қажеті жоқ. Сен ұстаздық мамандықты таңдағаннан кейін баланың жүрегіне ғана жол табуың керек» деп еді. Қазір қарап отырсам, ұстаздың сыртқы жан дүниесінен бұрын ішкі жан дүниесі әдемі болуы керек екен. Өзіңіз біреудің баласын сүю дегенді көз алдыңызға қалай елестетесіз? Біреудің баласын сүю – әрбір адамның қолынан келетін дүние емес. Ал олай ете алмасаң, жұмысың еш нәтижесін бермейді.

Қанипа апай тірі кезінде мәңгі жанымызда жүретіндей көрінуші еді. Көзі кеткеннен кейін көптеген сөздері санамда қайта жаңғырып, есіме түсіп жатыр.

– Қанипа апай өмірден озған соң, ол кісінің атын тарихта мәңгі қалдыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Енді осы туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Қанипа апай көзден кеткенімен, көңілден кеткен жоқ. Ол кісі өмірден өткен соң, көп жұмыстар атқарылды. Бұрынғы облыстық білім басқармасының басшысы Асқар Нұрғазиевтің қолдауымен осы мектеп-гимназия-интернатының жанынан «Қанипа Омарғалиқызының тұңғыш педагогикалық мұражайы» ашылды. Ол қазір мұражай кабинеті болып есептеледі. Облыстық білім басқармасының басшылығына Асқар Қисаұлынан кейін келген Айжан Садықова өңірдің қалалары мен аудандарында Қанипа Бітібаева атындағы он зертхананың ашылуына ұйытқы болды. Тіпті ол зертхана жетекшілеріне айлық та төленіп отыр. Жалпы, Қанипа апайдың көзі тірісінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде тоғыз республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасы ашылған болатын. Сөйтіп, Айжан Ерханқызының арқасында олардың саны 19-ға жетті. Бүгінгі күні бұл зертхана халықаралық ЮНЕСКО клубтарының қатарына қосылып отыр. «Шығыс» өңірлік орталығының қолдауымен үш жылда бір рет республикалық Қанипа апай атындағы педагогикалық оқулар мен республикалық ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының директоры Шолпан Қирабаеваның бастамасымен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада өтіп тұрады. Өзім таяуда тұңғыш рет Қанипа Омарғалиқызының жұмыстарын жүргізуге авторлық құқық алдым. Енді қандай да бір ғылыми-практикалық конференция немесе т.б. шара өтсе, соның бәрінде Қанипа апайдың өзінің мөрі тұратын болады.

Сондай-ақ, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да, Өскемендегі №20 мектепте Қанипа кабинеттері ашылды. Бұрынғы облыс әкімінің қолдауымен Қанипа апай тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Сол кездегі аймақ басшысы қайтыс болғанына бес жыл толған соң, қаладағы бір мектеп пен көшеге Қанипа апайдың есімі берілетінін айтып, жұрт алдында уәде де беріп еді.

Енді өзім қызмет істейтін дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназияда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кететін болсам, жыл сайын 14-cәуір – халықаралық ғылым күні қарсаңында «Қанипа күні» апталығы өтеді. Апталық аясында зертхана жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиетінің жоғары санатты мұғалімі Меруерт Мұқашева Қанипа оқуларын жүргізеді. Сондай-ақ, 6-шы сыныптан бастап оқушыларымыз Қ.Омарғалиқызын әр қырынан зерттеуге ден қоюда. Мысалы, оқушылар «Қ. Бітібаеваның «Егіз өрім» кітабындағы ақыл-нақыл сөздері», «Қанипа Омарғалиқызы өскен өнегелі отбасы», «Қанипа Омарғалиқызының киім кию стилі» деген тақырыптарда ғылыми жобалар қорғады. Мысалы, 1-7 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Зерде» ғылыми-жобалар байқауында Шұғыла Тоқанованың «Қанипа Бітібаева өскен өнегелі отбасы» тақырыбында жазған ғылыми жобасы үшінші орынға ие болса, Нұрайым Бағдатова екінші орын, 9-сынып оқушысы Мақпоз Ғалымжан үшінші орынды иеленді. Қанипа апай өмірден озған соң, Меруерт Мұқашева «Қанипатану» бағдарламасын жазып, ол республикалық байқауда екінші орынды иеленіп, «Ең үздік авторлық бағдарлама» атанды. Сонымен қатар, педагогикалық инновациялық идеялар фестивалінде Қ. Бітібаеваның тұңғыш педагогикалық мұражайы туралы ғылыми еңбек қорғалып, республикада үшінші орынды жеңіп алдық.

Алдағы күндері Қанипа Бітібаева атындағы жылжымалы керуен ұйымдастырмақпыз. Бұл керуен аудандарға, облыстарға шығып, мұражай сабағын өткізіп, мұғалімдерге педагогикалық-әдістемелік көмек көрсетеді. Таяуда Өскемендегі №3 мектеп-лицейінде Қанипа апайдың ұстаздық қызметі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. Бұдан басқа Қанипа апайдың кітаптарын орыс тіліне аудару да жоспарымызда бар.
Осы орайда дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернатының директоры Нұркен Акимовтің бір жақсылығын ерекше атап айтқым келеді. Қанипа апайдың көзі тірісіндегі ең бір үлкен арманы – шалғайдағы мұғалімдермен байланыс орнату еді. Кейде «ауылдағы мұғалімдердің жалақылары аз ғой, олар мұнда келе алмайды ғой, оларға онлайн сабақ берсем, жас мамандарға теңдесі жоқ үлкен көмек болар еді» деп айтатын. Міне, Қанипа апайдың осы арманын Нұркен Жаңбырбайұлы осы мектепке директор болып келген соң, бір-ақ айдың ішінде жүзеге асырды. Қазір көптеген ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шеберлік сыныптары мен түрлі семинар, коучингтер онлайн желісінде өтеді.

Қанипа апай туралы, оның туып-өскен өнегелі отбасы туралы кітаптар да жарық көруде. Мысалы Қанипа Омарғалиқызымен бірнеше жыл жұмыс істеген әріптесі Нұрбақыт Қалиасқарова «Әр сөзінде даналық тұнып тұратын, өзіңе ұқсау – менің де басты мұратым» атты шағын кітапша жазcа, Жамила Ахметова «Қанипа Омарғалиқызының ақыл-нақыл сөздері» деген еңбек жазды.

Кейде біреулерге Қанипа апай өмірден өткен соң, ештеңе де істелінбей жатқан сияқты болып көрінуі мүмкін. Бірақ олай емес. Артында шәкірттері, сіңлілері мен әріптестері барда, қазақ тілі мен әдебиеті барда, Қанипа апай да мәңгі жасай береді.

Бақытгүл Ауғанбаева: Қасымызда мәңгі жүретіндей көріппіз

Дарынсыз оқушы болмайды

– Жаңа бір сөзіңізде оқушылардың бірінің «Қанипа Омарғалиқызының киім кию стилі» тақырыбында ғылыми жоба қорғағанын айттыңыз. Ол кісі киім киюге өте қатты мән беретін бе еді?

– Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ біз үшін Қанипа апай сұлулық эталоны болатын. Себебі, Қанипа апай жалпы әйел адам өзінің сыртқы келбетіне көп көңіл аудару керек деп санайтын. «Мейлі, қымбат киім кимей-ақ қой, мейлі, қымбат әтір сеппей-ақ қой, бірақ әйел өзін-өзі күтуі керек» дейтін. Ол кісі шашқа қатты мән беретін. Өйткені, «шаш – адамның көркі» ғой. Содан кейін макияж бен киім кию стиліне көңіл бөлетін. Кафеге, тойға, мектепке қалай киіну керектігін үнемі бізге айтып отырушы еді. Қанипа апай В. Сухомлинскийдің «Әрбір ұстаздың жүріс-тұрысы, киген киімі болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие берерліктей болуы керек» деген сөзін жиі есімізге салатын. Кейде бір-екі бала туғаннан соң, босаңсып, салақсып кететін қазақ әйелдеріне ренжитін де. Жаныңдағы ер-азаматың «Менің әйелім қандай сұлу» деп мақтанатындай болуы керек деп айтып отыратын.

– Бақытгүл, сіз дарынды балаларға арналған мектеп-гимназияда еңбек етесіз. Жалпы, сіздің ойыңызша, дарынды оқушы деген кім?

– Менің ойымша, дарынсыз оқушы болмайды. Әрбір оқушының бойында титтей де болсын дарындылық қабілет бар. Соны мұғалім аша білуі керек. Ағылшын психологы Торренстің пікірінше, дарынды оқушы деген тез ойлап, тез шешім қабылдап, бір тапсырманы аяғына дейін жеткізетін оқушы. Бізде кейде кейбір ұстаздар сабақта тыныш отыратын, өз ойын ашық айтпайтын, бөтен мінез, жат қылық көрсетпейтін оқушыларды дарынды, тәрбиелі деп жатады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Содан кейін жасырын дарындылық деген болады. Ұстаз оқушы бойындағы сол жасырын дарындылықты дер кезінде байқаса, үлкен бақыт.

– Айтыңызшы, ұстаз ретінде қандай арманыңыз бар?

– Осы мектепте директордың инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып мен үшінші жыл істеп келе жатырмын. Ғылыми жұмыстарға мені Қанипа апай төселдірді. Сенсеңіз, мен ол кісіге кәдімгідей сынақ тапсыратын едім. Кейде «сен ана ғалымның еңбегін білмейсің» деп Қанипа апай мені сілкіп-сілкіп алатын. Намыстан жарылардай болып, жыласам да, қайта алдына баратын едім. Сондай кезде «Әй, сен қыздың маған осы қайсар мінезің ұнайды» деуші еді. Осы қызметте жүргенде, менің байқағаным, директордың тәрбие ісі жөніндегі және оқу ісі жөніндегі орынбасарларына арналған оқу-әдістемелік құралдар бар екен де, ғылыми істер жөніндегі орынбасарларына арналған әдістемелік құралдар жоқтың қасы екен. Жалпы, ғылыми жұмысты мектепте қалай жүргізу керек? Сондықтан да мен болашақта осындай әдістемелік құрал жазып, осынау олқылықтың орнын толтырғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button