«Дидардың» қонағы

Байкенже Белбаев, актер: – Кинодағы қадамын каскадерліктен басталды

Байкенже Белбаев, актер: - Кинодағы қадамын каскадерліктен басталды


Байкенже (Байкал) Белбаев 1951 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Театр және кино актері, қазақтың тұңғыш каскадері. Қазақстанда еңбек сіңірген қайраткер, «Құрмет» орденінің иегері. Алматы эстрада-цирк студиясының акробатика-гимнастика бөлімінде, Щепкин атындағы Мәскеу театр училишесінің актерлік факультетінде білім алған. 1974 жылдан Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының актері. Оның режиссер М.Кәрібозовтың «Сағым» фильміндегі бас кейіпкері, Б.Қалымбетовтің «Сардар» картинасындағы қалмақ қолбасшысы, Р.Әбдірашевтің «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі есепші Тойбай, С.Тәуекелдің «Махамбеттің семсері» картинасындағы Ықылас, ресейлік режиссерлер Е.Кончаловскийдің «А-ға» қайта оралу», Э.Оразбаевтың «Афалинаның қарғуы» фильмдеріндегі кейіпкерлері елімізге танымал, көрермен көңілін баурап алған бейнелер. «Афалинаның қарғуы» фильміндегі рөлі оның актерлік шеберлік пен каскадерлік өнерді қатар меңгергенін көрсетті. Тілшіміз актерға бірнеше сауал қойып, тұшымды жауаптар алды.

Өмір бойы спортты серік етіп келемін

– Бәке, өзіңізді экраннан ғана көріп жүруші едік. Енді, міне, қолыңызды алу бақыты бұйырып отыр. Аягөзге тым сирек келесіз-ау?!

– Рақмет! Әдетте, мені өмірде алғаш көрген адамдар экрандағыдай емес, жас көрінеді екенсіз деп қолпаштап жатады.

– Жасыңыз 68-ге келгенін, спортпен айналысатыныңызды білеміз. Сондықтан ондай көпшікті тым қажетсінбейтініңізді аңғардық. Естуімізше, түсірілім барысында әлі күнге дейін каскадерлік трюктерді өзіңіз жасай береді екенсіз.

Байкенже Белбаев, актер: - Кинодағы қадамын каскадерліктен басталды

– Бұл енді асыра айтқандық (күлді). Мен де адаммын ғой. Жасым 70-ке таяғанша биіктен қарғып, қашықтыққа тынбай жүгіре алмайтыным бесенеден белгілі. Сонау 1974 жылдан бері көптеген фильмдерге түстім, қиын трюктерді де орындадым. Осының бәрі спорттың, тынымсыз жаттығулардың арқасы, бауырым. Мен жалпы, Аягөзден 13 жасымда кеттім. Әкем Әбек пен анам Мүкімнің он шақты перзенті болды. Анам – 13 құрсақ көтерген алтын құрсақты адам. Әкем Аягөздегі ет комбинатында қызметте болды, әлбетте анам топты баланың тәрбиесімен үйде отырғаны белгілі. Сөйтіп жүргенде, шуақты күндер бір-ақ сәтте келмеске кетіп, артта қалды. Әке-шешем арасына бір жыл салып бақилық болғасын, ең үлкен апайым Меруерт Әбекқызы мен жездем Әбдемир Исабекұлы мені Алматыға өз қолдарына алды. Киров көшесінің бойындағы №12 қазақ мектеп-интернатына орналасатын болдым. Апам: «Немеремді көзімнің тірісінде интернатқа жатқыза алмаймын. Үйден барып оқиды», деп әлек салды. Осында жүріп күреспен айналыстым. Мақтанып қояйын, жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алғанмын. Бұғанға дейін Аягөз қаласындағы қазіргі №58 мектепте оқығанмын. Аягөздегі «7-квартал» деп аталатын ауданда, Водоемная көшесінде тұрдық.

«Қалада тұрып, жылқыға қалай әуес болдыңыз, атқа мінуді қайдан үйрендіңіз?» деп сұрағың келіп отырғаныңды аңғарып отырмын. Біріншіден, ата-баба қанында бар ма, тәуір жылқы көрсем, бәйге ат көрсем, екі көзім жайнап, бір мінбей қоймаймын. Әкемнің бір қарапайым аты болған. Соны мініп, әртүрлі трюктер жасауға талпынатынбыз. Үйіміз Аягөздегі ескі базардан сәл төмендеу жерде болды. Базарға келген саудагерлердің байлаулы тұрған аттарына сұраусыз мініп те кететін сәттеріміз болды. Балалық қой бұл! Алла кешірсін… Осындай етімнің тірілігі, атқа деген құмарлығым мені қазіргі эстрада колледжінің цирк бөліміне алып келді. Екі жыл Мәскеуде оқыдым. Жалпы, біздің әулет өнерден құралақан емес. Әкем өнер десе, ішкен асын жерге қоюшы еді марқұм. Құрманғазы, Дәулеткерей секілді қазақ композиторларының күйлерін нақышына келтіріп орындайтын. Жүрекпен тартушы еді. Кешқұрым жұмыстан келген соң, бірімізге ән салдырып, бірімізге тақпақ айтқызып, біріміздің қолымызға домбыра, бірімізге сырнай беріп тартқызып, мәре-сәре болып жатушы едік…

– Сонымен…

– Сонымен, бір күні режиссер Эльдар Оразбаев бір шағын эпизодтық рөл ұсынды. Орманшы жайлы «Таңдау» («Выбор») деген фильм түсірмекші екен. Сол фильмде басты кейіпкердің (марқұм киноәртіс Жамбыл Құдайбергеновтің) бұрыштан шыға келген аттың еріне жармасып, сүйретіле беріп, қарғып мінетін бір жері бар екен. Соған дублер болуым керек екен. Аттың құлағында ойнайтын мен үшін ол бұйым емес.

– Жақсы. Қанша төлейсің? – десем, – 70 сом – дейді.

– Мәссаған! Ол дегенің бір айлық жалақы ғой. Әрине, келістім. Оның үстіне, сол фильмнен маған да ат бағушының бір эпизодтық рөлі табыла кетті. Ол тұста отбасымда жалғыз балам бар. Әжептәуір ақша таптым. Міне, менің кино әлеміндегі ең алғашқы қадамым осылай басталған.

– Сіз Ерік Жолжақсынов екеуіңіз қазақ каскадерларының алғашқы тобын ұйымдастырдыңыздар. Осы жайлы, сосын алғаш «Транссібір экспресінде» сіз белгілі өнер тарланы Наталья Аринбасарованы дублер болып алмастырғаныңыз бар екен. Осы жайлы айтып беріңізші…

– Иә… Сол «Таңдау» кинокартинасынан кейін бір-екі жылдан соң жаңағы Эльдар Оразбаев «Транссібір экспресі» фильмін түсіре бастады. Наталья Аринбасарованың кейіпкері «Аға! Аға, ана мұртты… мұртты!» деп пойызбен жарыса шауып келе жатып, ат-матымен мұрттай ұшатын жері бар ғой. Сол жерде мен оның дублері болдым. Яғни, аттан құлаған ол емес, Аринбасарованы алмастырған мен болатынмын. Осыдан кейін Ресей, қырғыз каскадерлерімен бірлесе жұмыс істей бастадық. Әрине, өмір бір орнында тұрмайды. Каскадерлік трюктердің де деңгейі биіктеді. Қазір мәселен, «Қазақюнинг» деген каскадерлік ұйым бар. Олардың жасап жүрген трюктері өте күрделі. Тамаша! Тіпті қазақтың тарихында тұңғыш рет Бауыржан Әбішев деген азамат Голливудта да өнер көрсетіп қайтты. Демек, өсу бар, өркендеу бар.

Байкенже Белбаев, актер: - Кинодағы қадамын каскадерліктен басталды

Ал Ерік Жолжақсыновпен серіктесе еңбек еткен сәтіміз «Көшпенділер» фильмінде болды. Бәрі де аяқ астынан басталып кетті. Мәскеуден жанында үш-төрт жігіті бар Орлов деген қоюшы-режиссер келді. Мына жақтан қырғыздар келді, «Номад» тобы, корейлер… қаптап кетті енді… Орловтың өзі – бұрын Голливудта да жұмыс істеген азамат, өз ісінің шебері, қолы ұзын. Қазір бұл сала да күрт дами бастады ғой. Қазақстанның өзінде үш-төрт топ бар. Негізі, өзің таңдаған кез келген мамандықты құлай сүйіп, құлай берілсең ғана бір нәрсе шықпай ма… Сонда ғана нәтиже болады. Жүрдім-бардым, ат үстінен жасаған ісіңізде береке болмайды.

– Байкенже Әбекұлы, жалпы сіз, бүгінгі күнге дейін 60-қа жуық кинофильмге түскен екенсіз. Соның ішінде «Афалинаның қарғуы» кинокартинасында сіздің өнеріңізді ресейлік режиссерлер жоғары бағалағанын білеміз. Жалпы, фильм бірқатар марапаттарға ие болды емес пе?!

– Иә, бұл туынды 2010 жылы сәуір айында Мәскеуде өткізілген детективті фильмдердің XII фестивалінде «Көркем детектив фильм» саласы бойынша бас жүлдеге ие болып, сол жылы желтоқсан айында Киевте өткізілген «Алтын Георгий» фестивалінде «Үздік сценарий үшін» санаты бойынша жеңімпаз атанды. Бұдан кейін Семей полигонында сутегі бомбасын сынақтан өткізудің зардабы туралы Павел Чухрайдың «Мәскеу-400» деп аталатын картинасына түстім. Жалпы алғанда, кинодағы каскадерлердің орны бөлектеу, осынау қиын да қызықты ма-мандыққа ла鬬ықты адам өте сирек кездеседі.

Зайыбым Гүлзия Раушанды сомдаған

– Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының орта тұсынан бастап «Қазақ¬фильмде» түсірілген картиналардың бәріне дерлік түстіңіз. Өмірлік жарыңыз Гүлзия Белбаева да – осы саланың адамы.

– Иә, менің жан жарым Гүлзия Белбаева да – киноактриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дубляж саласының шебері. Екеуіміз де сонау 70-ші жылдардың орта шенінде режиссер Сатыбалды Нарымбетовтің «Бала кезімдегі Дон Кихот» картинасында бірге түстік. Ол алғаш Бейімбет Майлиннің әңгімесінің желісі бойынша түсірілген «Раушан-коммунист» фильмінде басты роль – Раушанды сомдаған, талантты жан. Қазір ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, әлденеше немере сүйгізіп отыр¬ған ардақты әже. Жалпы, мен киноға көп еңбек сіңірдім деген ойдан аулақпын. Кино – менің өмірім. Жер басып жүрсем, мені ешкім де, ештеңе де кинодан ажыратуы мүмкін емес. Бұл өзі халықтық өнер болғандықтан, ұлтымыздың ең асыл қасиеттерін кейінгі ұрпаққа сіңіре білуге өте қолайлы, ұлтымыздың менталитетіне сай келетін өнер деп білем өзім. Ал ол үшін ұрпағымыз өзінің терең тамырынан нәр ала білуі тиіс. Сондықтан да немерелеріме халық музыкасын, әсіресе Құрман¬ғазының күйлері мен классикалық музыка туындыларын үнемі тыңдатуға тырысамын.
Әйтеуір, құлақтарына сіңе берсін деген ізгі ой ғой.

Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button