Бай болу үшін кәсіп керек
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық – инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғытов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде шағын кәсіпкерлік саласындағы шырғалаңдарға , «Бизнестің жол картасы-2020», үдемелі индустриялық – инновациялық даму бағдарламаларының жүзеге асырылу барысына қатысты айтылған сын- ескертпелерінен қорытынды шығарып, алға қойған тапсырмаларын орындауға орай БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді.
11 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы елімізде экономикалық өсім беретін тиімді бағдарлама саналып отырған – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының жобаларды субсидияландыру бағыты көздегендегідей нәтиже бермей отырғандығын , аталмыш бағыт бойынша еліміздегі 43 аудан мен облыстық маңыздағы қалаларда несиелендірудің пайыздық мөлшерін субсидияландыру жүргізілмей келе жатқандығын, өндіріс орындарының өнімін өткізуге жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмейтінін, ауыл кәсіпкерлеріне аталған бағдарламаны түсіндіру, сондай – ақ, шағын несие, мемлекеттік грант беру шараларының шындап қолға алынбай отырғандығын, қайсыбір өңірлерде индустрияландыру жобаларының тиімділігі шалағай зерттеліп, олардың тұралап жатуын да сынға алған болатын.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық -инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғытов Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсібі тұрақты даму үстінде екендігін айтты. Өткен тоғыз айдың ішінде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 10 пайызға өсіп, 743, 2 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша облыс елімізде төртінші орында келеді.
Тау – кен өндірісі саласында да өнім 12 пайызға артқан. Дегенмен әлемдік нарықта жыл басынан бері түсті және бағалы металдардың бағасы төмендеп кеткен. Мыс, құрыш пен қорғасынның бағасы 11-14 пайызға, күміс пен алтындыкі 30-22 пайызға түскен.
Сондықтан қазір өңірдің өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерін жақсартудағы негізгі салмақ өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына түсіріліп отыр. Соның ішінде – машина құрастыруға.
«Азия Авто» АҚ – да автомобиль құрастыру көлемі биыл екі есеге артқан. Жыл соңына дейін зауытта 100 млрд. теңгенің өнімі шығарылмақ. «Востокмашзавод» АҚ- ның өндірісі қайтадан көтеріліп келеді, Семейдегі тері- былғары комбинатының жұмысы да жолға қойылды. «Серебрянка органикалық емес өнімдер зауыты» ЖШС банкроттықтан кейін қайтадан іске қосылмақ. Басқарма басшысы биыл аймақтың экономикалық көрсеткіштері «Қазақцемент» ЖШС өндіріс көлемінің арттырылуы есебінен де ілгерілейтінін айтты. Облыс құрылыс материалдарын өндіру жағынан республикада Алматы облысынан кейінгі екінші орында тұр
Облыстың өнеркәсіп, кәсіпкерлік саласының дамуына аймақта жүзеге асырылып жатқан Индустрияландыру картасының тигізіп отырған көмегі көп. Бүгінгі күні Индустрияландыру картасына 60 жоба енгізіліп отыр. Биыл индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асыру есебінен облыс бюджеті 35 млрд. теңгеге дейін толықпақ.
Бірақ ағымдағы жылы біздің облыста белсенді шағын кәсіпкерлік субьектілерінің саны 457- ге кеміп кеткен. Ісі ілгерілеп келе жатқан белсенді кәсіпорындар қатары әсіресе, Аягөз ауданында көп тіркелген көрінеді. Семей, Риддер, Зырян, Бородулихада да өскені байқалады. Керісінше, Өскеменде, Жарма, Көкпекті аудандарында азайып кеткен.
Биыл сондай-ақ Өскемен қаласы мен Үржар ауданында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалардың бірнеше жүз адамға азайғандығы тіркелген.
– Біздің облыста Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың ішінде бірде-бір үмітсіз, тұралап қалған жоба жоқ. «Игеру», «Шығыс Сүт» кәсіпорындарының жобасы тәрізді екі-үш проблемалық жобалар бар, бірақ олардың жұмысын жүргізудің амалдары жасалып жатыр, -, дейді басқарма басшысы.
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші және үшінші бағыттары бойынша қаржылай қолдау көрсету үшін биыл облыстан 60 өтінім беріліп, 4,1 млрд. теңгенің несиесі субсидияланыпты. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бөлінген 1,6 млрд. теңге қаржы толық игерілген. Кәсіпкерлерді субсидиямен қамтамасыз ету жағынан облыс республика бойынша алғанда екінші орында келеді.
Қазіргі күні несиенің пайыздық мөлшерлемелерін субсидиялау бағытына аймақтың 19 өңірінің 16-сы қатысып отыр. Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандарынан ешқандай жоба бекітілмеген. Аталған аудандардың кәсіпкерлерін бағдарлама туралы ақпараттандыру үшін үш ауданға шілде, қыркүйек, қазан айларында мобильді кәсіпкерлікті қолдау орталығы шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Мемлекет басшысының кәсіпкерлік саласы ауқымында сын тезіне алған енді бір мәселе – кәсіпкерлерге грант бөлудің жеткілікті деңгейде жүргізілмей отыруы. Облысқа республикалық бюджеттен осы мақсатта бөлінген қаржы көлемі толық игеріліп, қазіргі уақытта бизнесін жаңа бастаған тоғыз кәсіпкер мемлекеттік грант алып, кәсіп көзін тапқан. Әйткенмен, қайтарымсыз негізде көрсетіліп отырған қаржылай көмекке облыстың 14 ауданы мен қаласынан конкурстық комиссияға өтінім түспепті. Сол себепті қазір грантқа ие болған жобалар тек Өскемен қаласы мен Зырян, Глубокое аудандарында ғана жүзеге асырылып жатыр.
Келер жылы кәсібін жаңадан бастаған өңір кәсіпкерлеріне берілетін мемлекеттік грант көлемін ұлғайту жоспарлануда. Сондықтан өңір кәсіпкерлері Елбасы қадап айтқандай, алдағы жылы ұтымды жобаларын ұсынып, мемлекеттік қолдаудан құр қалмауы тиіс.
Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов кезінде «Біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек, күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек»,- деп қазақтың өзгелерден кем болмай, терезесі тең болуы қажеттігін айтып кеткені аян. Аудандардағы, қалалардағы азаматтар кәсіп көзін табуға, тиімді жобалар құруға талаптанып, ол жердегі әкімдер қарап отырмай, сол жергілікті тұрғындарға идея тастап, жол көрсетіп, бірлесе жұмыс істеп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін елге көрсете алғанда ғана мұрат етіп отырған дамыған 30 елдің қатарына қосылып, алдыға шығарымыз кәміл.
Жанаргүл Мұқатай