«Дидардың» қонағы

Бауыржан Жақып ақын, ғылым докторы: – Бакуде мені «Ұлы Абайдың ұрпағы келді!» деп қарсы алды.

Бауыржан Жақып ақын, ғылым докторы: - Бакуде мені «Ұлы Абайдың ұрпағы келді!» деп қарсы алды.


Жерлесіміз ақын Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасы Семей ядролық полигонында болған жарылыстар қасіретіне арналған. Биыл Семей полигонындағы ядролық атом бомбасының алғашқы сынағы өткеніне 70 жыл, халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының бастау алғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысынан келген С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры Семейге гастрольдік сапармен арнайы келіп, Бауыржан Жақыптың «Жан дауысы» шығармасын сахналады. Қойылымды тамашалауға Бауыржан Өміржанұлының өзі де келген екен…

Мұхаңдай ұлы тұлғалар қалтарыста қалмайды

– Бауыржан аға, «Жан дауысы» шығармасын тамашалаудан алған көрермен ретіндегі әсеріңізбен бөліссеңіз?

– Осы қойылымды көру үшін Алматыдан арнайы келіп отырмын. Бұл поэмамды осыдан 30 жыл бұрын бастаған едім, әлі жазып келемін. Бұл менің мәңгілік тақырыбым. Себебі, бала кезімнен Семей өңірінде өстім. Полигонның кесапатын көрмеген адам жоқ. Осы поэманың желісімен Солтүстік Қазақстан облысының С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры қойылым жасаймыз деген соң, көруге келген едім. Бірақ менің поэмамның көп дүниесі қолданылмады. Десе де, сол поэмадағы ойларды алып, өнер тілінде ел басындағы мұңды, халықтың зарын, табиғаттың зарын, қайғысын жеткізуге тырысыпты. Мәселен, Медеу Сәрсеке – жазушы ағамыз «Семей қасіреті» кітабын деректі дүние ғып жазды. Онда Семей полигонының зардабына орай нақты деректер келтіріледі. Ал мен поэмамда ақын ретінде жазып жеткіздім. Ал театр актерлері өнер тілінде жеткізді. Ортақ мақсат – осы полигоннан зардап шеккен халыққа әлеуметтік көмек болса екен деген мәселе. Полигонда 476 сынақ болған екен. Хиросима, Нагасакидегі жарылыстан бірнеше мыңдаған есе артық болған. 1963 жылға дейін ашық жарылыстар болған. Бұлар спектакльді Жапонияға апарып қойғалы отыр екен. Әлі де болса жетілдіру жағын ескертеміз.

– Сіз ҚазҰУ-ді тәмамдағасын ғылым жолына бет бұрып, М.Әуезовтің публицистикасынан кандидаттық диссертация қорғапсыз. Бірақ қазіргі уақытта Мұхаң қалтарыста қалып тұрған сияқты. Осы туралы не айтасыз?

– Мұхаңның былтыр 120 жылдығы аталып өтті. Ол кісінің шығармашылығы тайға таңба басқандай керемет, дана адамның, ұлы адамның шығармашылығы. Ұлы Абай бабамызды бүкіл әлемге танытқан қаламгер. Бұндай адамдар мың жылда бір туа ма, тумай ма, халқымыз «Бір туар тұлға» деп бағалайтыны да сондықтан болар. Аз ғұмырында қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілік, әдет-ғұрпын жазып кеткен адам. Ондай адамдар ешқашан қалтарыста қалмақ емес.

Академик Қаныш Сәтбаев: «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы ХІХ ғасырдағы қазақ даласының энциклопедиясы» деп баға берген. Шын мәнінде солай. Қазақ халқы қалай өмір сүрді, оның салты мен ғұрпы, мәдениеті мен әдебиеті қандай болды? Міне, соның барлығын Мұхаң жіпке тізгендей етіп, хатқа түсіріп кетті. Осы күнге дейін М.Әуезовті зерттегендер өте көп. Мен де ол кісінің публицистикасын зерттеп, 1994 жылы кандидаттық диссертация жаздым. 2004 жылы «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлықты сәтті қорғап шықтым.

Ғылымдағы биіктерді бағындыруымның өзі «Ұлы бабаларымыздың рухының бізді қолдағандығы шығар» деп ойлаймын. Абай атамыздың, Шәкәрім мен Мұхтар Әуезовтің туған жерінде туып-өсу мен үшін үлкен бақыт. Мәселен, біздің ауыл Абыралыдан 23 шақырым жерде. Таңат жайлауында әнші Әміре туған. Ары-қарай шертпе күйдің шебері Тәттімбет туған жер бар. Осының барлығы да адамның адам ретінде қалыптасуына әсер етеді деп ойлаймын.

Ол рас, кейінгі жылдары Мұхаңның шығармашылығына байланысты «Құнанбай қажыны дұрыс бейнелемеген» деген секілді қағаберіс пікірлер айтылып қап жүр. Бірақ біз мынаны ескеруіміз керек. Сол кездегі әдебиетте «Социалистік реализм» деген әдіс-тәсіл болды. Соның талабы бойынша, шығармада жағымды және жағымсыз кейіпкер деген болу керек. Мұхаң романын соған сүйеніп жазды. Уақыттың талабы мен қыспағына қарамастан Құнанбайдың образын мейлінше ашып жазып кетті дей аламын.

«Қарауыл төбем – қасиетті төбем…»

Бауыржан Жақып ақын, ғылым докторы: - Бакуде мені «Ұлы Абайдың ұрпағы келді!» деп қарсы алды.

– Сіз үшін ұлы Абай қандай тұлға? Абайды қазіргі ұрпақ жастарға қалай түсіндірер едіңіз?

– Абай қазақ халқының аспанында мәңгі жарқырап тұратын темірқазығы ғой. Мен Абайды бала кезімнен оқығанмын. Кейін студент кезімде оқығанда Абайды басқа қырынан танығандай болдым. Адамның жасы ұлғайған сайын Абайды оқыса, ол басқа қырынан жарқырайды. Кәдімгі жарқырап тұратын бірнеше қырлы алмас секілді. Бір көргенде бір қырын ғана көресің. Қайта келіп, кітабын оқысаң, өлеңдерін немесе қара сөздерін қарасаң, басқаша бір ойлар келеді. Абай бабамыздың данышпандығы сонда, қазіргі біздің тіршілігімізді көріп кеткендей, көріп отырғандай жазып кеткен. Ұлылығының өзі сонда, ол кісінің шығармалары ешуақытта өшпейді. Біз ол кісіге баға бере алмаймыз. Біз ол кісілерді Абайды, Мұхаңды тек насихаттаймыз. Үлгі етеміз. Менің мақсатым сол, қайда жүрсем де Абай бабамыздың есімін атап жүремін.

ҚазҰУ-де Абай ғылыми-зерттеу орталығы институты бар. Онда ұлы Абай туралы жазылған зерттеулердің барлығы жинақталып, университет ғалымдарының күшімен қазір 36 том кітап жарық көрді. Абай туралы жазған Қайым Мұхамедханов, Зәки Ахметовтің зерттеулері, Тәкен Әлімқұловтың «Жұмбақ жан» деп жазғаны, Мекемтас Мырзахметов, Серік Қирабаев барлығының да еңбегі ерекше абайтануда, осылардың барлығы 36 томдық кітапта жарық көрді. Оның электронды нұсқасы да жасалды. Абайтану деген мәңгілік жалғаса беретін тақырып. Жаңа ұрпақ келген сайын Абай шығармаларына өз көзқарасын білдіреді. Жастар Абай өлеңдерін жаңа қырынан танитын болады. Мен осыдан 15 жыл бұрын 2004 жылы «Түркі дүниесі ақындарының» фестиваліне қатыстым. Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында өтті. Сонда мені «Ұлы Абайдың ұрпағы келді Қазақстаннан» деп, тік көтеріп қарсы алды. Әзірбайжандардың поэзияға деген құрметі ерекше екен. Абай бабамыздың жаққан оты, жұлдызы мәңгілік жарқырап тұрады. Әрбір қазақ баласы үшін Абай бағдаршам. Өзіңнің жолыңда қателесіп тұрған сәттерің болса, Абайды оқысаң, қатеңді түзейсің. Өмірде бір кемшіліктерің босла, сол арқылы кемшіліктеріңді түзетесің. Абай тек жақсылыққа тәрбиелейді. Абайдың 175 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіледі деп Жазушылар одағы осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

– Ел аузында «Мұхтар Құл-Мұхаммед аруақтарға тағзым етіп, Жидебайдағы Абай-Шәкәрім кесенесіне қонып жатады екен» деген сөз бар. Осыны ойға ала отырып, Абай жатқан Жидебай, Қарауыл жайлы өлеңдеріңізді оқып берсеңіз деген өтінішіміз бар.

– Иә, Мұхтар Абрарұлының Абай бабамыздың басына барып, тағзым ететіндігін білемін. «Атамұра» корпорациясын басқарып жүрген кезде, Мәдениет министрі болып жүрген кезінде Мұхтар Абрарұлы Абай бабамыздың басына барып түнейтін еді. Содан бір күні маған кездесіп қалған кезде айтты: «Бауыржан, сендер ұлы аталарыңның басына барып, қонбайсыңдар ма, түнемейсіңдер ме… Абай рухына сөйтіп тағзым етпейсіңдер ме?!» деген еді.

Абай бабамыздың басында құрбандыққа мал шалып, етін мешітке апарып беріп, өзім де түнеген едім. Ыңғайы келсе, жаз кездерінде барып Құран оқып, бағыштап жүремін. Рухына сиынып жүремін. Ал енді сұрауыңызға орай, Қарауыл туралы өлеңімді оқып берейін:

«Қарауылтөбе, Қарауылтөбе,
Көзіндейсің сен даланың көне.
Жазықты салып алақаныңа,
Қариядай болып қарадың төне.

Жидебай қалды текті ғасырдан,
Жыр ауылы мекен тепті қасыңнан.
Қуаныш, қайғы куәсі болдың,
Сан алуан күндер өтті басыңнан.

Асау бұлттарға бұғалық салып,
Асыл тұлғаңнан күн алып шабыт.
Тұрдың сен бір кез үнсіз, қажыға,
Құнанбай қартты шығарып салып.

Ұзатып көзбен арғымақ Айды,
Тосқансың талай таңды да жайлы.
Сабырлы қалпы күтіп алғансың,
Семейден қайтқан балғын Абайды.

Қол бұлғап бір кез сағымың белден,
Қара сөздердің ағынын көргем.
Қарауылтөбем-қасиетті төбем,
Қара өлеңімнің тәңірін берген.

Жарық күн көктің жанарында еріп,
Жайнаған елдің жамалын көріп.
Ұқсайсың кейде қара шалыма,
Халқына тұрған қарауыл болып».

– Семей халқы – ақындарын, сөз құдіретін жоғары бағалайтын халық. Туған еліңізге келіп, шығармашылық кеш өткізу жоспарыңызда бар ма?

– Иә, шығармашылық кеш өткізуді өзім де жобалап отырмын. Халық та сұрап жатыр. Осыдан бес-алты жыл бұрын «Білте шамның жарығы…» атты кеш өткізген едім. Құдай қаласа, өлеңшіл, сыршыл, тарихшы-шежірешіл Семей халқымен тағы да бір жүздесемін деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан – Раушан Нұғманбекова

Осы айдарда

Back to top button