Тарих

Батыр қызды ұлықтау парыз

Биылғы бірінші қаңтарда Желтоқсан құрбаны, жерлесіміз Сәбира Мұхаметжанованың туғанына 50 жыл толды. Соған орай «Желтоқсан ақиқаты» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік штабы Өскемен қаласында батыр қыздың есімін ұлықтау мақсатында «Желтоқсан – 86: беделі мен берері» тақырыбы аясында бірқатар ауқымды шаралар ұйымдастырып, республикадағы  желтоқсаншылардың басын Өскеменде қосты.

Алдымен аталмыш қозғалыстың, облыстық ішкі саясат басқармасының, кәсіпкерлердің, батыр қыздың жерлестерінің, бірге оқыған сыныптастарының, колледжде бірге оқыған топтастарының демеушілігімен  Сәбираның рухына құран бағышталып, ас берілді. Онда Нұр-Сұлтан мен Алматы және Семей қалаларынан, облыстың әр ауданынан келген, Желтоқсан оқиғасының нағыз куәгерлері осыдан 33 жыл бұрынғы қанды оқиға жайлы нақты деректерге толы тұшымды естеліктер айтты, Шығыстан шыққан желтоқсаншы өрімдей қыз Сәбираның есімін насихаттау әлі де кемшін түсіп жатқандығын ортаға салды.

Ас үстінде жиналғандарға белгілі режиссер, жерлесіміз Ғазезхан Ибрайымханұлының «Желтоқсандағы жеті журналист қыз» деректі фильмі көрсетіліп, Желтоқсан оқиғасын ұзақ жылдар зерттеп келген танымал журналист, «Тоғанай Т» баспасының директоры, «Жыл – он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлының Желтоқсан туралы 13-ші кітабының тұсауы кесілді.

Ардагер журналист өз сөзінде желтоқсаншылардың тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы ерлігіне әлемдік қауымдастық әлдеқашан көтеріліс деп баға беріп қойса да, біздің қоғамнан күні бүгінге дейін лайықты бағасын ала алмай келе жатқандығын, желтоқсаншыларға нақты мәртебе берілмегендігін мысалдармен атап көрсетіп, оларға бүгін қандай марапат көрсетсе де артық болмайтындығын жеткізді.

Асқа қатысқан белгілі өскемендік кәсіпкер азамат, «Тала» ЖШС-нің директоры Мұрат қажы Телебаев Сәбираның мұражайына Бауыржан Момышұлының бейнесі кестеленген кілем сыйлай отырып, оның атына көшені қаланың сыртынан емес, орталықтан беру жөнінде ұсыныс білдірді.

– Себебі орталықтағы сол көшемен жүрген жастар, оқушылар оның кім екенін білетін болады. Жастарға әлі де насихаттау керек. Ал қала сыртындағы Ахмер ауылына кім барады? Оның үстіне ол он шақты үйі бар бір шолақ көше. Ал қала ішіндегі «первая»,  «вторая» деп кете беретін ұзын көшелерге неге Сәбираның атын бермеске, – деді Мұрат Сұлтанғазыұлы.

Асқа жиналғандар Өскеменнен бөлек, Семей қаласында, Сәбираның туған ауданы Тарбағатайда, өзге де аудандарда батыр қыздың есімін ұлықтап, көшелер мен мектептерге есімін беру мәселесін көтерді. Өңірлік штабтың төрағасы Маратбек Рамазановтың айтуынша, қазір Аягөз, Үржар аудандары көше беру жұмыстарын бастап кеткен. Ал Өскемендегі Амур көшесін Сәбираның атына бірнеше мәрте сұрағандарымен, іс аяқсыз қалған. Сонымен қатар Сәбираның барлық құжаттары желтоқсаншы ретінде Ұлттық мұражайға өткізілген.

Ал облыстық ішкі саясат басқармасының, Семей қалалық әкімдігінің өкілдері және Тарбағатай ауданынан келген әкімдік мамандары Сәбираның атына көше беру, атын кейінгі жас буынға ұлықтау мәселелері алдағы уақытта оң шешімін табатындығын жеткізді.

Мәселен, Тарбағатай ауданы, Ақмектеп ауылындағы Сәбира оқыған орта мектепке биыл батыр қыздың аты берілмек, ал былтыр тамыз айында аталған білім ордасының алдына демеушілер көмегімен оның кеуде мүсіні орнатылған болатын. Жиналғандар сонымен қатар Ақмектеп ауылындағы Сәбираның қараусыз, тозып тұрған үйін мұражайға айналдыру, артында қалған жалғызілікті ағасы Мұратайға тиісті әлеуметтік қолдау көрсету жайын да көтерді.

Астан соң желтоқсаншылар мен құрметті меймандар Сәбира Мұхаметжанова оқыған, өмірінің соңғы сәттерін өткізген Амур көшесіндегі бұрынғы педагогикалық колледжге, сол 1986 жылғы желтоқсанда Сәбира секіріп кеткен жатақханасына барып, рухына құран бағыштады.

Сондай-ақ бұл күні түстен кейін Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталықтандырылған кітапханада желтоқсаншылардың қатысуымен «Желтоқсан – 86: беделі мен берері» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ирина Смит азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары мен пікірлері әрқашан да жоғары маңызға ие екендігін айта келе, 1986 жылғы жастар қатысқан Желтоқсан оқиғасы бүгінгі Тәуелсіздігімізге жасалған алғашқы қадам болғандығын жеткізді.

– Сол желтоқсаншылардың арасында біздің жерлесіміз Сәбира Мұхаметжанова да бар. Оның ерлікті қадамы қазіргі жастардың отансүйгіштік рухын көтеріп, ерлік пен батырлықтың нағыз үлгісі болды. Оның есімін жас ұрпаққа насихаттау жұмыстары мен есте қалдыру шаралары өңірімізде үздіксіз жүргізіле береді, – деді басқарма басшысы.

Қозғалыстың өңірлік штабының жетекшісі Маратбек Рамазанов бүгінгі шараға астанамыздан төрт, Алматы қаласынан жиырма, Алматы облысынан екі, Семейден төрт және облыстың аудандарынан қырыққа тарта адам арнайы қатысып отырғанын, ресми дерек бойынша 1986 жылғы Желтоқсанда елімізде барлығы 199 адам қуғынға ұшырап, сотталса, соның 14-і біздің жерлестеріміз екендігін атады.

 

Ал Сәбираның туған жері Тарбағатай ауданында атқарылған іс-шаралар туралы Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Қуаныш Қабидолдин жиналғандарға жан-жақты баяндап берді.

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Әнуарбек Мұхтарханов, ардагер журналист, қозғалыстың белді мүшесі Талғат Айтбайұлы, республикалық қоғамдық бірлестіктің құрылтайшылары Сайфолда Бейсенбай, Гүлжаухар Сайлауханқызы, Тоқтарғазы Сарманов, сондай-ақ өңірге белгілі азаматтар Түсіпхан Түсіпбеков, Алдияр Әубәкіров және басқалар облыстан сол Желтоқсан оқиғасына қатысқан қыздар мен жігіттердің есімдерін ұлықтау, құрмет көрсету жөніндегі тың ойлары мен ұсыныстарын ортаға салып, бұл бағыттағы жұмысты үздіксіз жүргізе беру туралы қорытындыға келді.

Осы айдарда

Back to top button