Тарих

Батыр туған бабалар қалтарыста қалмасын

Батыр туған бабалар қалтарыста қалмасын


Найманның Матайынан тарайтын Елқонды бидің кенже ұлы Қалыбай 1730 жылы Сарыарқада туып, Шыңғыстау төсінде ержетеді. Ол он бес жасынан Қабанбай батырға ілесіп, жоңғарларға қарсы шайқастардағы батырлығымен ел аузына ілінген көрінеді.

1745 жылғы жоңғар ханы Қалдан Сереннің қазасынан кейін әскер арасында алауыздық белең ала бастайды. Осы тұста бодандықтан құтылудың бірден-бір сәтін аңдаған қазақ қауымы да өзара бір ымыраға келіп, ұлт-азаттық күресіне қам жасайды. Осы ұрыстарға Елқонды бидің туған ағасы Бақының ұрпақтары Қалыбай, Қошқарбай, Қосай, Маян, Рыскелді, Ескерді және басқа да көптеген батырлар қатысады. Бозбала Қалыбайдың алғашқы соғысқа кірген кезі де осы тұсқа, яғни, 1746 жылға тұспа-тұс келеді деп болжанады.

Батыр туған бабалар қалтарыста қалмасын

«Жоңғар басқыншыларымен болған ірі шайқастардың бірі 1746-1747 жылдары қазіргі Көкпекті ауданына қарасты Үлгілімалшы ауылының Ертіс өзеніне таяу Ақшоқы тауының баурайындағы Оран алқабында өтіп, көп адам қырғынға ұшырайды. Неше күн, неше түнге созылған кескілескен шайқаста қазақ әскерлері жеңіске жетіп, жоңғарларды Ертіс өзенінен асыра қуып тастайды. Осы қуғынға тікелей басшылық жасаған Қалыбайдың немере інісі Қошқарбай батыр екен», – деп еске алады ардагер-журналист Айтмұхамбет Қасымов «Дидар» газетіндегі «Біз неге Қошқарбай батыр бабамызды ұмыт қалдырдық?» атты мақаласында. Осы мақала желісіне сүйенер болсақ, жоңғарларды еліне дейін қуып тастаған Қошқарбай үстіндегі сауыттарын шешіп, еш алаңсыз елге келе жатқанында, ұрыс даласында жараланып, тірі қалып қойған дербіт Төреханның бас мергені Өткірдің баласының жалғыз оғынан қапыда қаза табады. Өз аманаты бойынша батырды жолдастары жығылған жотасына жерлейді. Ол жер Лениногор (Риддер) қаласының арғы жағында, сол жерді тұрғылықты жұрт «Қошқарбай асуы» деп атаған екен. Бұл жайды көп жылдар Лениногорда еңбек еткен инженер-жазушы К.Сақабаев пен риддерлік журналист Л.Троценко да растаған дерек бар.

Бақының немересі Елқонды бидің ұлы Қалыбай батыр жоңғарларды Ертістен асыра қуып, Делбегетей, Қалба тауының өңірін босатқаннан кейін, өзі Шыңғыстауға қайтып, қайтыс болған әкесі Елқонды бидің (1700-1785 жж.) сүйегін Шыңғыстаудан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазарының маңайына апарып жерлейді. Өзі сол кезде 55 жаста екен. Шыңғыстаудағы Бақы жұртын өзі жоңғарлардан босатқан Қалба өңірі, Аюлы тауының шығыс беті мен Шар өзенінің сол жақ аралығына қоныстандырады. Өйткені, сол кездегі Тобықты мен Бақы жұртының арасында шиеленіс көбейіп, бірінің малын бірі барымталап, елдің тыныштығы бұзылып тұрса керек. Бұл – 1808 жылдары болған оқиға.

Елқонды бидің кенже ұлы, біздің ардақты бабамыз Қалыбай батыр осы Аюлыда 80 жасында (1730-1810 жж.) о дүниеге аттанады. Марқұмның зираты Шар өзенінің оң жақ жағасындағы төбеде, Қаратөбе ауылының қарсысында, қазіргі Семей-Зайсан тас жолының оң жағында тұрған бейіт. Қазір бабамыздың басына қойылған бір үлкен тас бар. Сол жердегі жұрт бұл жерді «Жетім бейіт» деп атайды екен. Осы дерек Жарма өңірінің тумасы, ұзақ жыл ел арасынан шежіре жинаумен айналысқан, белгілі айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевтың 2002 жылы Алматыдан жарық көрген «Ақтайлақ шежіресі» атты еңбегінің 90-бетінде жазылған көрінеді.

Өкінішке қарай, «Елім – жерім!» деп, қазақ жерін жоңғар басқыншыларынан азат етуге атсалысқан батыр бабаларымыз керей Жәнібек, қаракерей Қабанбай және Матайдың Бақы ұрпақтарынан шыққан Қалыбай, Қошқарбай, Қосай, Маян, Рыскелді сынды жаужүрек батырлардың ерлігін дәріптеп, кейінгі ұрпақтың патриоттық сезімін оятуда бүгінгі заманның тарихшылары дәрменсіздік танытуда.

Жоғарыдағы деректер Закиров Меңдіғали Абзалұлының (суретте) 2006 жылы Семей баспасынан басылып шыққан «Қалыбай батырдың ұрпақтары» атты еңбегіне сүйеніп келтірілді. М.Закиров – саналы өмірінде халқына 40 жылдай аянбай еңбек еткен білімді ұстаз ретінде танымал тұлға. Түрлі деңгейдегі көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған Жарма ауданының Құрметті азаматы. Зейнетке шыққаннан кейін «Біз Елқонды бидің тікелей ұрпағы бола тұрып, неге Қалыбай бабамызды ұлықтамаймыз?» деп, осы Жарма өңірінде тұрып жатқан Елқонды жұртымен бірлесіп, батыр бабамыз Қалыбайдың жерленген жерін анықтап, аты-жөнін, шыққан тегін көрсетіп, бір белгі (кесене) орнатсақ деп жүргенінде кенеттен ауырып, 80 жасқа жетер-жетпесте қайтыс болды. Осы мақала «Ағамыздың орындай алмай кеткен осынау игі бастамасын артындағы мына біздер жалғастырсақ құба-құп болар еді» деген оймен жазылып отыр. Мүмкін мақаланы оқыған туыстар іс-шара жасаса деген үміттеміз. Мақсатымыз ел-жұртымызға Қалыбай бабамыздың кім екендігін білдіру еді. Жоғарыда айтылған іс-шараны жалғастырамыз деген азаматтар табылса, көмектесуге әзірміз.

Меңтай Мұқашев
Қалбатау ауылы,
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button