Батыр бабасының атын шығарып жүр
Ақжар ауылдық округінде «Қасқақ» деген телім бар. Бұл атаудың түп төркініне үңілсек, ол жоңғар шапқыншыларына қарсы күрескен батырдың есімі болып шығады. Сол бабасының есімін есте сақтау үшін Солтан Аймұханбетов ағамыз 15-16 жылдай бұрын өзі құрған шаруа қожалығының атын «Батыр Қасқақ» деп қойған екен.
Ұлы Отан соғысында денсаулығынан айырылып келген әкесі Аймұханбет бейбіт еңбекке араласа бастағанда дүние салады.
Ал анасы Қанипа бес баламен жесір қалып, төрт қыздың ортасындағы жалғыз ұлы Солтанға үлкен үміт артады. Өйткені, қара шаңырақ соған қарап тұрған еді. Үйдің қоңторғай тіршілігі Солтанға селтең қағуға ерік бермеді. 12-13 жасынан бастап ұжымшардың жазғы шаруашылық жұмыстарына араласа бастады. Дене тұрқы басқа балаларға қарағанда етженділеу, бойшаңдау болғандықтан, басшылар «Әй, Солтан, сен ересектеусің ғой. Қазір қой қырқу пунктінде қырықтықшылар жетіспеуде. Саған сол жұмыс лайықты. Соған бар, қалқам» деп қолқа салады. Өзі құралыптас балаларға қарағанда Солтанның дене бітімі ірі болмаса, жас мөлшері бірдей-тін. Үлкеннің тілін қайтаратын жас бұл емес, сөйтіп, ол 15 жасқа толар-толмаста қой қырқу пунктіне жөнеп берген. Кәмелетке толмаса да, атпал азаматтар атқаратын жұмысқа ол осылайша ерте жегілді.
«Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» дегендей, балаң жігіт мектеп бітіре салысымен Жолан деген қызбен отау тігіп, әкесінен қалған қара шаңырақтың түтінін түтетуге кірісті. Үйлену тойынан соң сол кездегі «Ақжар» кеңшарының директоры Төлеухан Қоғабаев Солтанды шақыртып алды:
– Көтерген шаңырағың құтты болсын! Мұның үстіне сен қой қырқудан маңдайалды озатымызсың. Сол үшін саған бір сый тартқалы отырмыз. Бағымыңа шағын қошқар отарын берейік деп едік. Жалақысы да жоғары. Қошқар баққанға арланба. Қазақта «есің жиғанша, ешкі бақ» деген мақал бар. Егер бұл шаруаға төселсең, кейін басқа кәсіптің жалынан ұстарсың. Ал әзірге осы отарды қабылдап алып, баға бер, – деді.
Сонымен ол шопан таяғын ұстап шыға келді. Солтекең мал да бақты, қой да қырықты. Әр аталықтан кезінде 5-12 келі жүн қырқып, Киров атындағы ферма (қазіргі Жаңалық ауылы) шопандарының төл алуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне өзіндік үлесін қосып отырды. Кеңшар директоры қарауына бір «ЗИС» жүк автомашинасын беріп, отар-отардан арық-тұрақ қойларды жинап, оларды қырқып, ет комбинатына тапсырып отырды.
Солтекең бір жарым минутта бір қой қырқатындай шеберлікке жетіп, республикалық байқауға қатысқандарды да таңғалдырған кезі болыпты. Сөйтіп, ол 1965-1975 жылдары облыс бойынша қой қырқушылар командасының капитаны болып, оның командасы екі мәрте республикалық жарыстың жеңімпазы атаныпты.
1996 жылы Солтекең аталық отарын Ақжар өндірістік кооперативіне өткізіп, «Батыр Қасқақ» атты шаруа қожалығын құрған екен. Қожалығының еншісіне екі түйе, үш ірі қара, 100-дей қой, заңдасып жүріп бір трактор мен бір жүк автомашинасын зорға дегенде алады. Алған техникаларының ескілігі мен ақаулығынан сол жылы мал азығын дайындай алмайды. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, сол жылы қыс қатты болып, «Қойтұяқ» қыстағындағы малының жартысы қырылып қалады. Бірақ Солтекең бұл сәтсіздікке мойымады. Алған ескі техникаларын жөндеткізіп, іске қосады. Жемшөп жағын ыңғайлап, қолындағы малын өсіруге ден қояды.
2000 жылы «Қасқақ» телімінде мал қорасы мен малшы үйін салғызып, кейін мұнда қойды қолдан ұрықтандыратын пункт те іске қосылады. Кейінгі жылдары қожалық төрағасы малды асылдандыруға ден қоя бастапты. Екі жыл бұрын Алматы облысынан жылқының асыл тұқымды аталық малдары әкелінсе, былтыр «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен 3 млн. теңге несие алып, осы қаражатқа асыл тұқымды 20 құнажын мен екі зеңгібаба аталығы алдырылыпты. Осындай игі шаралардың нәтижесінде қожалықтағы қой түлігі – 300, ірі қара – 100, жылқы да соншама басқа жетіп отыр. Қыстамаға жылына екі жүз тоннадай мал азығы дайындалыпты.
Қожалық егін шаруашылығымен де шұғылданады. Былтыр «Қасқақ» телімінде егілген 20 гектар дәнді дақылдың әр гектарынан 12-13 центнер өнім орылып, жиналды.
Осы науқандық жұмыстардың барлығы дерлік техника күшімен атқарылуда. Доңғалақты тракторлардан бастап, комбайнға дейінгі техникалардың бәрі бар. Осы техникалардың тілін меңгерген де өз балалары. Өйткені, Солтекең 10 бала тәрбиелеп өсірсе, олардың барлығы да үйлі-баранды болып кетіпті. Солардың ішінде Қуантай, Бауыржан деген азамат балалары мен келіндері Зүлфия, Мөлдір өз жолын қуып, қожалығында еңбек етуде.
Жасы алпыстың ортасын алқымдаса да, Солтекең әлі тың. Зейнетке шыққанмен, қожалықтың басшылық тізгінін мығым ұстап келеді. Өзі тұратын Жаңалық ауылынан «Қасқаққа» автокөлігімен күн сайын жиі қатынап, қожалықтағы балаларына ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар беріп отырады.