Басым бағыттар белгіленді
Биылғы басым жобалар мен бағдарламалар – Бұқтырма су қоймасы үстінен көпір салу, Тарханка мен Топиха ауылдары арқылы Риддерге төте жол төсеу және екі жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен жүз пайыз қамту.
Сондай-ақ Риддерде «Жайлы мектеп» жобасы аясында 600 орындық аралас, 300 орындық қазақ мектептерін салу көзделуде.
Бұл туралы аудан-қала әкімдерімен өткен кеңейтілген кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді. Ол былтырғы барлық нысаналы индикаторлардың орындалып, жақсы көрсеткіштерге ие болғанымызды да атап өтті.
– Біз бұрынғы аудан орталықтары мен шекаралық аумақтарға ерекше назар аударамыз. Көктемгі су тасқынына келсек, Үйдене су қоймасы алаңдаушылық туғызуда, оны қауіпсіздік нормаларына сай келтіру үшін қанша қаржы қажет екенін талдауды тапсырамын. Сонымен қатар осы қоймадан арналарды тарту керек, нәтижесінде суару жүйелерімен 10 мың гектардан астам аумақты қамти аламыз, – деді облыс әкімі.
Су тасқыны кезінде жару жұмыстарына 264 миллион теңге бөлінді, олардың орны анықталды, техника жеткілікті, 7 мың адамға арналған 68 эвакопункт дайындалды.
– Қалалар мен аудандар әкімдері ақпан айында температураның өзгеруіне дайын болуы керек, әсіресе су басу қатері бар аймақтарға жіті көңіл бөлген жөн. Барлық осал жерлерді тағы бір рет талдап, су өткізгіштерді, су құрылыстарын тазартуға назар аудара отырып, қауіпсіздік шараларын пысықтау қажет, – деді аймақ басшысы.
Ержан Кеңесұлы