Денсаулық сақтау

Басты байлықтың қадірін білейік

Халықаралық Денсаулық күні Алтай ауданының медициналық ұйымдарында ашық есік күндері өтті. Салауатты өмір салтын насихаттаған шара барысында алтайлықтар тегін тексеріліп, әртүрлі сайыстарға қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, емдеу орындарында тұрғындарға консультативті-диагностикалық зерттеулерден өтіп, педиатр, терапевт дәрігерлермен қатар офтальмолог, оториноларинголог, кардиолог, невропатолог, травматолог сияқты мамандардың көмегін алуға мүмкіндік берілді.

Кез келген ауруды емдегенше, оның алдын алу тиімді. Сол себепті мемлекет тарапынан дертті ерте кезеңінде анықтау мақсатында тегін скринингтік тексерулерден өтуге жағдай жасалған. Денсаулық мектептері мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында дәрігерлер пациенттермен кездесіп, скринингтік тексерулерді уақытында өтудің маңызын түсіндірді.

Мемлекеттік қызметшілер мен ауданның спорт ардагерлері арасында үстел теннисі, классикалық шахмат пен классикалық дойбы сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер аудандық денешынықтыру, спорт және туризм бөлімінің медальдарымен, грамоталарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Алтай қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Денсаулық күніне арналып керлингтен облыстық чемпионаттың жалауы желбіреді.

Салауатты өмір салтын насихаттаған тағы бір шара орталық балалар кітапханасына мектеп-лицейдің оқушыларын жинады. Жастарға денсаулықтың қадірі мен спортпен шұғылданудың пайдасы әдебиеттер арқылы жеткізілді. Балалар өмірлік құндылықтар, танымал спорт түрлері туралы кеңінен мағлұмат алды.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button