БАРЫС ЖЫЛЫ ТАБЫС ЖЫЛЫ БОЛДЫ
Тарих қойнауына еніп бара жатқан биылғы Барыс жылы еліміз үшін күтпеген оқиғаларға толы болды. Жылдың басы мұқым республиканы дүр сілкінткен қасіретті Қаңтар оқиғасымен басталып, тәуелсіз Қазақ елінің шежіресіне қанды ізін қалдырды. Бірақ бұл оқиға мемлекетімізде үлкен-үлкен өзгерістерге жол ашып, ақсап жатқан әр салада ауқымды реформаларды шұғыл қолға алуға түрткі болды. Жылдар бойы сіресіп жатқан тоң жібіді, сең қозғалды. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, экономикалық дамуды көздеген Президент бастамаларын Шығыс жұртшылығы да қызу қолдап, өңірімізде іргелі жобалар іске асырыла бастады.
ӨНЕРКӘСІП
Шығыс Қазақстан облысы – еліміздегі ірі өнеркәсіптік көшбасшылардың бірі. Облыс қорғасын, мырыш, алтын, күміс өндірістерінің көлемі бойынша жетекші орында.
Мұнда АЭС үшін жылына 200 тонна уран өндіретін жылу бөлгіш құрамалар өндірісі орналасқан. Биыл аталған өндіріс ядролық саланың сертификатталған жеткізушісі мәртебесін алып, 46 млрд теңгенің өнімін шығарды. Осының нәтижесінде Қазақстан жоғары технологиялы отын шығаратын санаулы елдердің қатарына еніп, мемлекеттің халықаралық деңгейдегі мәртебесі көтерілді.
Таяу уақытта облыста аса маңызды, болашағы бар бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Тарбағатай ауданында жылына 25 млн тонна мыс кенін өндіретін тау-кен байыту комбинаты және жылына 300 мың текше метр ағаш плиталарын шығаратын ірі зауыт іске қосылмақ. Шығарылған өнімдер шетелге экспортталады.
Серебрянка қаласының тұрғындары жергілікті бейорганикалық заттар өндірісі зауытының қайтадан іске қосылатын күнін асыға күтіп отыр. Қайта жұмыс істейтін кәсіпорын бір кездегідей қала құраушы өндіріс болып жатса, жергілікті тұрғындардың басым бөлігі осында тұрақты жұмыспен қамтылуы мүмкін.