Денсаулық сақтау

Барлық тұрғындар міндетті

Келер жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілмек. Оған біздің өңірдің қазіргі әзірлігі қандай? Облыс тұрғындарының қанша пайызы жаңа жүйеге қатыса алады, қаншасы тыс қалмақ?

Осы және өзге де мәселелер облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың төрағалығымен өткен, барлық қалалар мен аудандардың бас дәрігерлері қатысқан жиында талқыланды. Жиынға қалалар мен аудандардың салаға жауапты орынбасарлары бейнебайланыс арқылы қатысып отырды.

Аталмыш жиынның өткізілуіне Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында өңірге «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Марат Шорановтың арнайы іссапармен келуі себеп болды.

Жаңа жүйенің артықшылықтары мен ерекшеліктерін жан-жақты түсіндірген Марат Шоранов бірінші кезекте жиналғандардың назарын елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге екі айдан да аз уақыт қалғанына аударды. Сонымен қатар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа жолдаған Жолдауында атап көрсеткендей, бұл реформаның беделіне нұқсан келтіретін түрлі қателіктерге жол бермеу қажет. Сол үшін де республикада бұл бағыттағы сындарлы және жоспарлы жұмыстар бірнеше жылдың көлемінде жүргізіліп келеді.

– Қазір барлық қажетті нормативтік-құқықтық база және Қазақстан Республикасының «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңы қабылданды. Онда МӘМС жүйесінің қызмет істеу тәртібі және негізгі қағидаттары реттелген. Мұнымен бірге, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжатта 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық қамтамасыз етудің үш деңгейлі жүйесін кіргізу қарастырылған. Олар: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК), сақтандырылған тұрғындар үшін бәріне қолжетімді МӘМС пакеті және осы аталған екеуіне кірмейтін ақылы медициналық қызметтер, – деді Марат Шоранов.

Ол атап өткендей, келер жылы денсаулық сақтау жүйесінің жиынтық бюджеті шамамен 1,5 триллион теңгені құрамақ, оның ішінде 518 млрд. теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түсетін түсімдер. Жалпы алғанда, қаржыландырудың ортақ көлемі ағымдағы жылдың деңгейімен салыстырғанда 47 пайызға артатын болады. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 2020 жылы қаржыландыру көлемі 104,5 млрд. теңгені құрайды. Бұл – саладағы биылғы бюджеттен 1,4 есе көп. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне  74,3 млрд. теңге, МӘМС-ке  30,2 млрд. теңге бағытталмақ.

Қазіргі уақытта медициналық қызметтердің тарифі кезең-кезеңмен нарықтық деңгейге жақындап келе жатқаны белгілі. Олар дәрігерлердің және орта медициналық персоналдардың жалақысының артуына байланысты қайта қаралатын болады.

– Тарифтерді қалыптастырудың әдістемесіне өзгерістер енгізіледі. Бірінші кезеңде компьютерлік томография және магнитті-резонансты томография қызметінің құны қайта қаралады. Ары қарай аталған норма эндоскопиялық зерттеулер, функционалдық, сәулелі және радиоизотопты диагностикалау, терапия, ангиографиялық қызметтер құнын қайта қарауға таратылады. Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетудегі жан басына шаққандағы норматив өзектендіріледі, стационарлықты алмастырушы көмек тарифі көбейтіледі, – деді Марат Шоранов.

Атап өтер болсақ, жалпы, еліміз бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі тұрғындарды медициналық көмекпен қамту деңгейі 95 пайыздан асады деп болжануда. Ұсынылып отырған шекті деңгей 80 пайызды құрайды.

Жиын барысында МӘМС жүйесіне қатысты өңірдегі жағдайды баяндап өткен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, сақтандыру жүйесіне қазіргі таңда өңірде 1 373,5 мың адам немесе тұрғындардың 86 пайызы қатысуда. Ал қалған 14 пайыз немесе 191,3 мың адам әлі де өкінішке қарай бұл жүйеден тыс қалып келеді.

Марат Шоранов атап көрсеткендей, бұлардың қатарында облыстағы жұмыссыздар, сонымен бірге айлық еңбекақысын ресми түрде карточкамен емес, қолма-қол ақшамен немесе «конвертпен» алатындар болуы әбден мүмкін. Сондықтан жыл соңына дейін тұрғындардың осы бөлігімен нақты жұмыстар жүргізу қажет.

– Бұл ретте біз бірінші кезекте облыстың қолдауына сүйенеміз. Барлық қалалар мен аудандардың әкімдері орталық ауруханалардың бас дәрігерлеріне қолдау білдіргені жөн. Өңірдің барлық тұрғындары жаңа жүйеден тыс қалмауы, міндетті түрде қатысулары тиіс, – деді Марат Шоранов.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанның берген мәліметтеріне сүйенер болсақ, тұрғындарды МӘМС жүйесіне тарту бойынша облыста сегіз мыңнан астам ақпараттық-жарнамалық материалдар жарияланған екен. Облыстың бас дәрігері жыл соңына дейін бүгінгі көрсеткіштерді әлдеқайда жақсартуға толық мүмкіндіктер бар екенін алға тартты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова жыл соңына дейін бірінші кезекте облыстағы өзін-өзі өнімсіз жұмыспен қамтып отырған және тіркелмеген жұмыссыз 44,9 мың адаммен тиісті жұмыстар жүргізу керектігін атады. Осыған қатысты облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына және облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің жауапты мамандарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Сондай-ақ жиында Денсаулық сақтау министрлігіне өңірдегі цифрландыруға қосымша қаражат бөлу жөнінде немесе облыстың барлық медициналық мекемелерін сапалы интернетпен қамтамасыз етуді тарифте қарастыруға ұсыныс енгізу жайы айтылды. Себебі өңірдің шалғай ауылдарындағы медициналық мекемелердің бірқатары интернет байланысына толық қосыла алмай отырғаны белгілі.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін тұрғындарға түсіндіруде біз жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін мейлінше пайдалануға тиіспіз. Олар өңірдегі ғаламтор, ұялы байланысы жоқ елді мекендердегі қарапайым халыққа жаңа жүйенің мүмкіндігін, қажеттілігін барынша насихаттауы, қаншалықты пайдалы екендігін ұғынықты тілде түсіндірулері тиіс, – деді Әсем Нүсіпова.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button