Өзекті

Бар үміт – жаңа кодексте

Өскемен қаласының экологиялық ахуалы министрлікті де алаңдатып отыр. Жуықта әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан кейін облыс орталығына Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілі арнайы ат басын бұрды.

Министрлікке қарасты Экологиялық реттеу комитетінің төрағасы Зуфар Жолдасов шаһардың өндірістік кәсіпорындарының жұмысымен танысып, қоғамдық ұйым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен кездесті.

Өткен апта Өскемен шаһары көк түтінге тұмшаланып, тыныс алуы қиындаған тұрғындар бірінен кейін бірі бұл көріністі бейнетаспаға түсірген. Желіге тараған сол жазбалар қала тұрғындарының жанайқайы болатын. Олардың қалаға экологиялық апатты аймақ статусын беру жөнінде ұсыныс айтып келе жатқандарына біраз жылдың жүзі болды. Алайда осы  жолғы кездесу де оған негіз жоқ екендігіне көз жеткізу ауанында өтті.

«Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, Өскемен үшін осы жылдың 57 күні қолайсыз метеожағдайда өткен. Бейнежазба да сондай күндердің бірінде түсірілген.

– 28 қарашадан 3 желтоқсанға дейін қалада жел соқпады. Соның салдарынан тұман мен түтін араласып, қолайсыз метеожағдай қалыптасты. Алайда сол күндері ауада таралған күкірт диоксидінің мөлшері қалыпты деңгейден 1,2 есе, көмірқышқыл оксиді де сондай мөлшерден аспады. Тек күкірт ангидридінің шамадан тыс мөлшерде таралуы тіркелді. Қазіргі күні оның себебі мен салдары анықталуда.

Өскеменде бірнеше металлургиялық кәсіпорын орналасқан, жылу энергетикалық орталығы тағы бар. Шаһардың экологиялық ахуалына оның географиялық орналасуы тікелей әсер етеді. Қолайсыз метеожағдайды қалыптастыратын да қаланың қазан шұңқырында орналасуы, – деп атап өтті облыстық экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин.

Департамент басшысының ақпаратына сүйенсек,          Өскемен қаласында ауа сапасын бақылайтын жеті метеопост орналасқан. Еліміздің өзге өндірістік қалаларында ауа сапасы осыншалықты деңгейде бақыланып отырған жоқ. Аталмыш посттар ауадағы қауіпті деген азот диоксиді, мышьяк, формальдегид сынды заттарды анықтауға да қауқарлы.

Дмитрий Кавригин қаланың географиялық орналасуынан бөлек, ауа сапасына әсер ететін  бірнеше  факторды атап өтті. Олардың қатарында сапасыз көмір жағатын жер үйлер, ескірген көліктер мен автобустар бар.

Экология комиетінің төрағасы Зуфар Жолдасов қолайсыз метеожағдай орын алған кезеңде өндірістік кәсіпорындар өнім көлемін азайту керектігін атап өтті. Алайда Экология министрлігіне ауа сапасы көрсеткіштері сағат сайын беріліп отырмайтындықтан, бұл мәселені бақылауда ұстау қиындық тудырады. Оның айтуынша, жуықта күшіне енетін жаңа Экологиялық кодекс бірінші санатқа жататын барлық өндірістік кәсіпорындарға (Өскемен қаласында олардың саны – 28)  автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуді міндеттейді. Соның арқасында экологтар зауыт жұмыстарын онлайн режимінде бақылап қана қоймай, өткен күндердің көрсеткіштерін де көре алатын болады.

– Парламент тағы бір маңызды мәселені бекітеді деген сенімдеміз. 2021 жылдан бастап өндірістік кәсіпорындар төлеп келе жатқан эмиссиялар тек табиғатты қорғау шараларына  бағытталатын болады. Эмиссиялардың 100 пайызы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталса, ауаны тазарту құрылғыларын орнату шаралары назарға алынады, – деп атап өтті Зуфар Жолдасов.

Сондай-ақ қоршаған ортаға зиянсыз жаңа технологияларды кіріктірген кәсіпорындар эмиссиядан босатылатын болады.     Облыста жалпы сомасы 29 млрд. теңгенің 2019-2024 жылдарға арналған экологияны сауықтырудың кешенді бағдарламасы қабылданған. Аталмыш бағдарламаға облыстың кәсіпорындарына жаңа өндірістік технологияларды кіріктіру мәселесі де енгізілді.

Кездесуге облыстың «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ сынды кәсіпорындарының өкілдері де қатысты. Өндірістік кәсіпорын басшыларының айтуынша, бүгінде ауаға тасталатын зиянды заттар мөлшерін азайтуға бағытталған шаралар нәтижесінде соңғы жылдары көрсеткіш көп төмендеген. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. «Казцинк» ЖШС 2021 жылы жаңа технологияны кіріктіру жұмыстарын бастамақ.

Лаура Тілеубайқызы

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button