Басты

Банктер несиені  үш айға дейін шегеруге келісті

Еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер  несиені үш айға дейін  шегеруге келісті. Осылайша, қарыздың мерзімі ұзарады,  ал үш айдың төлемін кейін өтеуге тура келеді. Сондай-ақ банктер қарыз алушыларға  90 күнге дейін айыппұл (штраф)  мен өсімпұл (пеня)  қоспауға келісті. Бұл – барша банкке ортақ талап. Алайда  несиені шегеру бойынша әрқайсысының шарттары әртүрлі.

Сондықтан несиені  үш ай төлемесем үстемақы жүрмейді деп жайбарақат жүрген  жарамас. Өйткені төленбеген мерзім сіздің несие тарихыңызға енетінін ұмытпаңыз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кейін оны түзеуге мүмкіндік бергенімен, шегеру жөнінде арыз жазылмаған несиенің кестесі жылжымайды. Демек, мүмкіндігіңіз болған жағдайда қайтадан кестеге шығу  үшін жинақталған соманы толық төлеуге мәжбүр боласыз. Сол себепті төтенше жағдай кезінде  қаржылық қиындыққа тап болсаңыз,  банкке арыз жазып, несиені шегеруге рұқсат алған абзал. Осы орайда халық ең көп жүгінетін банктердің несиені шегеру шарттары жөнінде ресми сайттары мен колл-орталықтарынан алынған  ақпаратты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Шарттары қандай?

Kaspi bank жеке тұлғалар үшін несиені кейінге шегеруді алғашқы болып қолға алды. Несиені кейінге шегеру үшін арыз қалдыру керек. Оны Kaspi.kz  мобильдік қосымшасы арқылы беруге болады.

Өтініштерді қабылдау 2 сәуірден басталды.

Несиенің шегерілу  мерзімі – 3 ай (16 наурыздан 15 маусымға дейін).

Науқан ақшалай, тауар түріндегі несиелер, автонесие, бөліп төлеу, кредиттік карта мен Kaspi Red қызметіне қолданылады.

Осы аралықта айыппұл мен өсімпұл қосылмайды.

Қосымша ақпарат:

Банк өтінімді мақұлдаған жағдайда төленбеген айлар үшін несие тарихы бұзылмайды. Ал клиент банкке өтінім қалдырмастан, несие бойынша төлем жасалмаса, онда несие тарихы бұзылады. Ескерте кетерлігі, акция 18 наурызға дейін алынған несиелерге ғана қатысты қолданылады. Сондай-ақ банк алдында мерзімі өткен берешегі  бар клиенттер аталмыш қызметті пайдалана алмайды.

Шегеруден кейін артық төлем сомасы өсе ме? Иә, банк қызметкерлерінің айтуынша, несие кестесінің жылжуынан  артық төлем мөлшері ұлғаяды. Несие төленбеген уақытта банк сыйақысы жүре береді. Оны кез келген уақытта алдын ала айыппұл мен комиссиясыз  жабуға болады. Артық төлем қосылғанмен,  ай сайын төлейтін сома өзгермейді деп түсіндірді банктегілер.

Банк call-орталығының номері – 9999.

Halyk bank жеке тұлғалардың несиелерін кейінге шегеруді өтініш арқылы жүзеге асырады. Өтінішті екі жолмен беруге болады:

-halykbank.kz сайты арқылы;

-7111 байланыс орталығы арқылы.

Несиені шегеру мерзімі – 3 ай ( 16 наурыздан  15 маусымға дейін).

Өсімпұл мен айыппұл қосылмайды.

Қосымша ақпарат:

Өтінім 10 жұмыс күнінде қаралады. Несиені шегеру үшін клиенттің ЖСН номерінен басқа ештеңе қажет емес дейді банктегілер. Сондай-ақ банктің кез келген клиенті, несиені уақтылы төлемегендер де  шегеруге арыз бере алады.

Шегеруден кейін несиенің ай сайынғы төлем сомасы өзгермейді, тек несие кестесі үш айға жылжиды дейді колл-орталық қызметкерлері. Сондай-ақ үш айға қосымша сыйақы қосылмайды деп түсіндірді. Несиесі шегерілген клиенттің несиелік тарихы бұзылмайды.

ForteBank. Жеке тұлғалар мен бизнес өкілдеріне төлем 90 күнге кейінге қалдырылады. Бұл аралықта айыппұл, өсімпұл қосылмайды. Алайда төтенше жағдайдың клиент кірісі мен бизнеске кері әсері дәлелденуі тиіс. Банк сайты, мобильдік қосымша арқылы өтінім берерде дәлел бола алатын тиісті құжат қоса тапсырылуы керек.

Банк сайтындағы мәліметке сүйенсек, шегеру кезіндегі пайыздар қалған мерзімге теңдей бөлінеді. Банктің шегеру бойынша әртүрлі бағдарламалары бар. Банк сайтында ҚР Азаматтық кодексі бойынша сыйақы мөлшерлемесі заемды пайдаланудың барлық мерзіміне есептеледі деген ақпарат келтірілген.

Банк call-орталығының номері – 7575.

Сбербанк жеке тұлғалар мен бизнес субъектілерінің несиесін кейінге шегереді. Өтінішті қабылдау:

Жеке тұлғалар үшін

  • komek@sberbank.kz электрондық почтасы
  • Банктің ресми сайты

Заңды тұлғалар үшін:

– “Сбербанк бизнес онлайн” немесе “СберБизнес” платформасы арқылы.

Кепілсіз несие бойынша жеке тұлғалардың кредиттік төлемін 3 айға кейінге қалдыру – мерзімі өткен берешек жоқ болған жағдайда ғана қолжетімді. Несие 16 наурызға дейін алынған болуы керек.

 Қосымша ақпарат:

Әлеуметтік осал топқа жататындар: атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті атқарушы органда жұмыссыз ретінде тіркелгендер үшін банк бар шегеруді өтінішсіз жүзеге асырады.  Банк аталған санатқа жататын клиенттер туралы деректі кредиттік бюродан алысымен, клиенттерге хабарласып, төлемді кейінге қалдыруға рұқсатын алады.

Ал төтенше жағдайға байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған клиенттер сайттағы үлгіні жүктеп, толтырып, сканерлеп, электрондық поштамен жіберуі керек. Өтінімге қоса табысынан айырылғаны туралы  құжат, жұмыстан шығарылғаны жөніндегі бұйрық, ақысыз демалысқа жіберілгені туралы жолдама, еңбекке жарамсыздық парағы секілді құжаттар міндетті түрде ұсынылуға тиіс. Шешім 10 жұмыс күні ішінде шығарылады. Шегеру пролонгация шарты бойынша жүзеге асады. Қосымша сұрақтар бойынша 5030 номері арқылы оператордан сұрауға болады.

Банк Хоум Кредит жұмысынан айырылған клиенттерге банк төлемдерді 2 айға кейінге қалдыруға рұқсат береді. Төлем демалысын алу үшін клиенттер 1 сәуірден кейін мобильдік қосымша немесе кез келген бөлімше арқылы банкке жүгіне алады. Басты талап – клиенттің мерзімі өткен берешегі болмауға тиіс, несие 18 наурызға дейін алынған болуы керек. Шегеруге жүгінген клиенттер банктен алты айға дейін несие ала алмайды. Сондай-ақ банк келісімшартқа сәйкес шегеру мерзіміне сыйақы есептейді. Қосымша сұрақтар бойынша +7 771 724 12 40 номеріне whatsapp арқылы хабарласуға болады.

Еуразиялық банк төтенше жағдайға байланысты жұмысынан қысқарған, ақысыз демалысқа шығарылған және бизнесіне нұқсан келген клиенттерінің ғана қарызын 3 айға шегереді. Өзге клиенттер әдеттегідей мерзімде төлеуі тиіс. Несие уақтылы төленбеген жағдайда айыппұл мен өсімпұл қосылмайды. Төлем мерзімін тоқтату туралы өтінім банк сайты арқылы жүзеге асады.

Жеке тұлғалар

-eubank.kz сайтында;

-Smartbank қосымшасында.

Заңды тұлғалар:

-Cliеnt`s Bank қашықтан қызмет көрсету жүйесі арқылы.

Өтінішпен бірге жұмыстан қысқарғанын немесе ақысыз демалысқа шығарылғанын растайтын құжат қоса ұсынылуға тиіс. Мерзімі кешіктірілген несиелер бойынша өтініштер қарастырылмайды. Банкке 8727 332 77 22 номері бойынша хабарласуға болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі.  Банк 16 наурыздан кейін өтелуі тиіс төлемді 90 күнге шегеруге мүмкіндік береді. Шегерілген төлемге негізгі қарыз да, несие сыйақысы да кіреді. 16 наурыз бен 16 маусым аралығында уақтылы өтелмеген төлемдер бойынша айыппұл және өсімпұл алынбайды. Бұл клиент жазған өтініштің негізінде жүзеге асырылады. Өтініште кейінге шегерудің не себепті қажет болғаны көрсетілуі  керек, бірақ банк қосымша растау құжаттарын талап етпейді. Төлемді шегеру туралы өтініш 2020 жылғы 15 сәуірден бастап интернет-банкинг арқылы қабылданады. Онлайн-өтініш беру кезінде 2020 жылдың 16 наурызындағы жағдай бойынша уақтылы өтелмеген несие төлемі болмауы керек.


 Нақты механизмі пысықталып жатыр

 Бүгінде халықтың  несиені шегеруге деген ниеті алабөтен. Банктердің «кеңшілігін»  көбі себепсіз де пайдаланғысы келеді. Алайда сол кеңшіліктің  кемшіліктері де жоқ емес  сияқты. Өйткені көптеген банктер шегеру процесін пролонгация  шарты бойынша жүзеге асыруда. Ал оның тәртібіне сәйкес несие форс-мажорлы жағдайда кейінге шегерілсе, оның пайызымен қоса сыйақы мөлшерлемесі заемның барлық мерзіміне қолданылады. Жуықта Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін үш айға шегерген азаматтар түбінде екінші деңгейлі банктерге артық төлем төлейтіндігін атап өткен болатын.

-Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған нормативтік-құқықтық актіде екінші деңгейлі банктер мен кредиттік ұйымдардың несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін төлеу мерзімі шегерілетіні жазылған. Мұны несиенің сыйақы мөлшерлемесі кешіріледі деп түсінбеу керек. Үш айдан соң несиенің негізгі қарызы мен пайызын айыппұлсыз төлеу қажет болады. Несиені шегеру мерзімі ұзарған сайын ай сайын төлейтін төлем мен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі азаяды. Артық төлемге келетін болсақ, бұл – сыйақы мөлшерлемесінің  жалпы сомасы. Ол қарызды қайтару мерзімі ұлғайған сайын көбейе береді. Яғни несиенің мерзімі шегерілсе де, сыйақы қосыла береді, – деді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің төрағасы.

Осы мәселеге қатысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахманов  қаржы ұйымдарымен, ең алдымен, банктермен нақты механизм пысықталып жатқандығын айтқан болатын.

-Негізгі мақсат, біріншіден, тоқтатылған төлемдер уақыт өте келе келісімшартта көрсетілген төлемдерден аспауы қажет. Сонда адамдар артық ақша төлемейді. Қазір осыны талқылап жатырмыз. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз, – деп атап өтті Нұрлан Әбдірахманов.

Әзірше, нақты шешім жоқ. Сондықтан несиені шегермес бұрын банктен оның шарттары туралы анықтап алған жөн. Сондай-ақ шегеруді де, төленбеген несиенің айыппұлының  есептелмеуін де «батпан құйрық» деп қабалдамай, оны төлемеуге нақты себептер болмаса, қарызды уақтылы қайтарғаныңыз абзал.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button