Тылсым дүние

Балықшының бір күні

Балықшының бір күні


Зайсан көлінің маңында орналасқан Шорға ауылының тұрғындарының басты кәсібі – балық аулау. Ауыл кішкентай әрі жұмыс тапшы болғандықтан, ауылдың ер-азаматтарының барлығы дерлік балық аулайды. Балық аулау – өте ауыр, қауіп-қатері көп жұмыс.

Сол бір қарашаның қара суық түні біздің әлі есімізде. Сол күні де ауыл балықшылары көл жағасынан келіп, абыр-сабыр басылып, үйді-үйіне тарасып, бойларын жылытып, ас-ауқаттарын ішуге айналған алагеуім шақ еді.

Демалас күні болатын. Әкем балықтан жел тұрып, толқын болған соң, ертерек келгендігін айтты. Кешкі асқа отырғалы жатқан уақытта әкемнің қалта телефоны шырылдады. Сөйлесіп, телефон тұтқасын қойған соң: «Мен кешіксем, алаңдамаңдар, кешкі асты өздерің іше беріңдер», – деп асығыс үйден шығып кетті. 2-3 сағаттай уақыт өткен соң, алаңдап, әкемнің қасында болар деген үмітпен бауыры Дидар ағама қоңырау шалдық. Сол кезде Дидар ағам бауырлары Таланттың көлден жағаға шықпағанын айтты.

Бүкіл ауылдың кәрі-жас, ер-азаматтары көл жағасына кетті. Түні бойы алаңдап, ұйқы көрмей, хабарласып қалар деп телефонға үңілумен таң атырдық. Көп тілеуіне орай ағам аман қалды.

Артынан ағам басынан өткен оқиғаны былай деп еске алып, әңгімелеп берді: «Сағат 4-тен кейін ау қарап болып, жағаға шығуға ыңғайланған кезде моторым оталмай қалды. Сол кезде алай-дүлей жел де соқты. Толқын одан әрі күшейе берді. Үйдің бойындай толқынның бірі үстімнен айналып өткендей болса, бірі қайыққа құйылып жатты. Қайыққа құйылған суды қолымдағы ыдыспен төге бердім, төге бердім. Көзім үйренгендікі ме, түн ортасы болса да түн, маған жарық сияқты көрінді. Суды төгіп отырып: «Мені күтіп отырған әке-шешем бар, туыстарым бар, достарым бар. Мен берілмеуім керек!», – деп ойладым. Сол толқынмен алысқаннан таңғы сағат 4-ке дейін арпалыстым. Қайығым тік көтеріліп, қайтадан орнына келгенде, қайыққа кірген су жып-жылы сияқты көрінді. Сол кезде рахаттанып, тәтті ұйқыға кетіп бара жатқандай күйде болдым. Бір кезде «Талант! Талант!», – деген марқұм апамның дауысы құлағыма келгендей болды. Есімді жиып, аман қалуға әрекет жасадым. Жағаға таяған сәт болуы керек, қалың мұзға тап болдым. Мұздың үстіне шығып, жағаға қарай бет алдым. Жағаға таяғанда, атты кісіні көрдім. Айғайлап едім, естімеді. Жан-жағыма қарасам, жақын маңнан қыстау көрінді. Сол қыстауға біресе еңбектеп, біресе жаяу әрең жеттім. Үйге кірсем, үйде орыс апа бар екен. Сол кісіні көргеннен соң, не болғанын білмеймін. Орыс апа менің су киімдерімді шешіп, мені орап, төсекке жатқызып қойған екен. Қанша ұйықтағаным белгісіз, дабырлаған дыбыстан ояндым. Ояна кетсем, мені іздеп келген Қанат ағам мен жием ағам Дулат екен.

Ағам Талант – Тәуелсіздіктің даң құрдасы. Тәуелсіздік алған жылы дүние есігін ашқан бір адамның бір күн, бір түнгі басынан өткен оқиғасы осындай.

Ләззат Қанатқызы
Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button