Балық шаруашылығының бағы қашан жанады?
Жыл басынан бері елімізде Балық шаруашылығы комитеті қайта құрылып отыр, осыған орай аталмыш салада қандай да бір жағымды өзгерістер бола ма деген үміт бар. Десек те, мамандар балық шаруашылығында қордаланған мәселелерді шешу үшін ведомствоның құрылуы жеткіліксіз дейді.
Шенеуніктер мен қоғам өкілдері, сала мамандары балық шаруашылығының дамуына кедергі келтіретін, зиянын тигізетін аса ауыр түйткілдерді бірлесе шешу қажет деп санайды. Бұл ретте біз облыстық балық шаруашылығы қауымдастығының басшысы Сымбат Әнуарбековпен жолығып, сала проблемаларын қаузаған едік.
Әлі ескі қайықтармен жүзіп жүр
– Балық шаруашылығын дамытудағы маңызды мәселенің бірі – саланы субсидиялау. Оның ішінде балық өсірушілерді ғана емес, сонымен қатар балық аулаушыларды да қолдау қажет-ақ. Бүгінгі таңда қайықтардың бәрі дерлік ескірген, осының салдарынан балықшылардың суға бату жағдайлары да кездеседі. Балық аулау үшін де қомақты қаржылық ресурстар керек, – дейді Сымбат Мұхаметбекұлы.
Атап айтқанда, жүзу құралдарын – қайықтар мен катерлерді сатып алуға біраз қаражат кетеді. Еліміздегі су көліктерінің қазіргі жай-күйі көңіл көншітпейді. Шындығын айтқанда, балықшылардың жаңа жүзу құралдары жоқтың қасы, олардың барлығы – кеңес дәуірінен қалған «мұра». Ескі болса да, әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Жаңасын сатып алғыңыз келсе, қалтаңыздан қомақты қаражат шығаруыңыз керек. Мәселен, мықты моторы бар бір қайықтың өзі 10 миллион теңге шамасында тұрады. Ал қарапайым балықшының айына табатын таза нәпақасы ары кетсе 200 мың теңге шамасында.
– Балық шаруашылығын субсидиялау барысында жүзу құралдарын сатып алуға кеткен қаражаттың бір бөлігін қайтаруды қарастыру қажет. Бұл –бірінші кезекте, балықшыларымыздың қауіпсіздігі ғой! Көнетоз кеңестік жүзу құралдарының кесірінен қаншама жігіттер суға батып кетті. Дауыл көтерілген кезінде олар жиі жоғалып жатады, өзіңіз білесіз, ірі су қоймаларындағы дауылды тіпті «Қазгидромет» те дәлме-дәл болжай алмайды. Жалпы, облыс бойынша да және жалпы Қазақстан бойынша да мұндай оқыс жағдайлар өте көп. Балықшылар жоғалып кетеді, табылмайды, – деп қынжылыс білдіреді сала маманы.
Уылдырықтан шабақ шығару оңай емес
Саладағы келесі бір өзекті мәселе – қазір балық шабақтарын өсіруге субсидия тым аз мөлшерде бөлінеді. Сонда балықтарды өсіруге қанша субсидия қажет?
Маманның айтуынша, субсидиялаудың екі бағыты бар – инвестициялық және мақсатты. Инвестсубсидиялау балық питомниктерін жаңғырту үшін, торларды, тұйық сумен жабдықтау қондырғыларын сатып алу үшін қажет. Мұндай кәсіпорындар бір рет жаңғыртудан өткен соң 30 жыл үздіксіз жұмыс істей алады. Тек ағымдағы және ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Ал бұл үлкен қаржына талап етпейді.
Елімізде Балық шаруашылығы комитеті 2014 жылға дейін жұмыс істеген, содан кейін ол таратылды, енді, міне, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында қайта құрылып отыр. Ол кезде комитетке 13 балық питомнигі енген еді. Кейін барлық тәлімбақ сатылды. Қазір бұл кәсіпорындардың көпшілігі, өндірістік кешендер жеке меншікте. Басым бөлігі ауыр экономикалық жағдайда.
– Егер біз балық шабақтарын ала алмасақ, шаруашылықты қалай дамытамыз? Мұның бәрін қайдан әкелеміз? Көршілес Ресейде балық шаруашылығын дамытудың дербес бағдарламасы бар, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстанда да солай. Барлық мемлекет өздерінің балық саласын дамытуға күш салып келеді. Егер бізде репродуктивті кешендер қирап жатса, шабақтарды қайдан аламыз? Белгісіз. Бізге бұл цехтарды күрделі жаңғыртып, автоматтандыру қажет, – деп ойымен бөліседі Сымбат Әнуарбеков.
Айталық, Ұлан ауданының Саратовка ауылында бекіре шаруашылығы бар. Онда тіпті ел басшылығы да болған. Облысымыз үшін осындай екі-үш кәсіпорын қажет-ақ, бірақ әр түрлі бағытта деп санайды мамандар. Балық питомниктерін (шаруашылықтарды) инвестициялық жаңғыртуға шамамен бес миллиард теңге қажет. Тіпті жергілікті бюджеттің өзі мұны еңсере алады. Бірақ бұл үшін тағы да сол субсидиякерек.
Сымбат Әнуарбеков – Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының атқарушы директоры. Ол мұнда 2019 жылы дағдарыс менеджері ретінде тартылған. Бизнес-жобаны толық құрып, отандық инвесторларды тартқысы келді. Жаңғырту және автоматтандыру үшін оларға бірмиллиард 208 миллион теңге қажет.
Шаруашылық бүгінде Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университетінің көмегін пайдаланады.
– Онда балық шаруашылығының білікті мамандары көп. Мен олардың Атыраудағы, Балқаштағы жұмыстарын көрдім, оларда кешендердің дайын макеттері бар. Бұл бағыттар, өкінішке қарай, субсидиялауға қосылмаған. Жаңадан құрылған Балық шаруашылығы комитеті дәл осы бағытта жұмыс істеуі тиіс. Біздің Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы 1964 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл ұйымнан қаншама маман өсіп шықты. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта шаруашылығымыз өте нашар жағдайда, – дейді ол.
Дегенмен, шаруашылық өз ісін жалғастырып келеді. Олар тек өз аймағымызды шабақтармен қамтамасыз етуде. Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы жыл сайын облыстың су қоймаларына барлық балық түрінің бес миллион шабағын жібереді.
Салыстыру үшін айтар болсақ, кеңес заманында осы шаруашылық Шығыс Қазақстанның су қоймаларына тұқының ғана 12 миллион шабағын жіберетін. Сонымен қатар Өскемен уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы да балық өсірумен айналысқан.
Соңғы екі жылда Бұқтырма шаруашылығы тұқы, ақ амур, көксерке шабақтарын өсіріп жатыр. Келешекте Сібір бекіресін өсірумен айналыспақ. Қазіргі уақытта олар шекті қуатында жұмыс істеуде.
Қытай ауларына балама болмай тұр
Саланың кезекті бір мәселесі – жемқорлық. Яғни, мемлекет кейбір тыйымдар арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызады. Бірінші тыйым – қытай ауларын қолдану. Рас, егер олар су қоймасында қалса, балықтар оралып, экологияға зиян тигізеді. Бірақ бұл торларды балықшылардың ешқайсысы су қоймаларына тастамайды, тек браконьерлер ғана лақтырады.
Ал браконьерлікпен күрес жоғары деңгейге жеткен. Құзыретті қызметтердің дрондары, жақсы техникасы бар.
– Қытай ауларын неге пайдаланады? Өйткені олардың Қазақстанда немесе басқа елдерде баламасы жоқ. Қазақстанда аулау құралдары өндірілмейді. Қарапайым балықшы мұның бәрін қайдан алады? Ал бізде қытайлық аулар жалпыға қолжетімді. Қазір Үкімет қаулысымен бұл ауларды әкелуге тыйым салынған. Тасымалдауға, сатуға, сақтауға, қолдануға – бәріне де тыйым салынады. Бірақ олар сатылып та, қолданылып та жүр. Яғни, мемлекет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туғызып отыр, – дейді маман.
Бұдан шығар жол – қытай ауларын сатуды заңдастыру немесе өз кәсіпорнымызды құру. Ресейдің Астрахань, Томск қалаларында ау тоқитын кәсіпорындар бар екен, бірақ бағасы тым қымбат көрінеді. Бұл жағдайда балық аулаудың еш қажеті жоқ деп санайды мамандар. Аулардың құны ақталмайды.
– Біз Мәскеу маңындағы Касимов фабрикасынан дайын торларды әкелдік. Әрең дегенде, таныстығымыздың арқасында бағасын түсірттік. Менің ойымша, барлық жемқорлық тәуекелінің тамырына балта шабу керек. Қытай ауларын қолдануға рұқсат берілсін. Тек сол ауларды тастап кететін браконьерлерді жіті бақылау керек. Немесе торлардан су қоймаларын тазарту үшін үлкен қайықтар сатып алған тиімдірек. Проблеманы шешуге болады. Мемлекеттік деңгейде тиісті шешім қабылданса болды, – дейді Сымбат Әнуарбеков.
Ендігі үміт қайтадан жасақталған Балық комитетінің мамандарында болып отыр. Аталмыш ведомствоға білікті, саланың проблемасын жетік білетін азаматтар келіп, балық шаруашылығының бағы қайта жанады деген сенім бар.
Ержан Әбіш