Балық өндіріп, қоян өсіреді

Глубокое ауданының Опытное поле ауылындағы балық өндірумен айналысатын «Задорожная» жеке кәсіпкерлігі келешекте қоян өсіруді де қолға алмақшы. Сөйтіп, Президент Жолдауында көрсетілген шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға ие боламын дейді кәсіпкер әйел Наталья Задорожная.
Балық шаруашылығының жұмыс істеп тұрғанына биыл үшінші жыл. Жеке кәсібін бастаған кезде кәсіпкер «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 5 жылға 17 миллион теңге несие алып, шағын цех ашқан. Онда қазір жергілікті он тұрғын жұмыс істейді. Цехта өндірілген балықтың кепкен, қақталған, консервіленген және басқа да түрлері облыс аумағынан асып, еліміздің өзге өңірлеріне жеткізілуде. Өскеменде өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде де «Балықты жұмақ» атты сауда белгісі бар аталмыш цехта өндірілген тауарларды көптеп кездестіруге болады.
Жақсы табыс көзін тауып, шаруасын шалқытып отырған Наталья енді қоян өсіруге кіріспек. Қоянның терісінен ол әртүрлі бас киімдер, тондар, жамылғылар мен күртешелер тігіп саудаламақ. Ал етінен әзірленетін жеңсік және диеталық тағамдарға сұраныс жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.
Қазір кәсіпкердің қолында бар-жоғы он қоян ғана бар. Келешекте олардың санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр.
Шығыс-Ақпарат