Денсаулық сақтау

Балдырғандар енді «Happy dent-те» емделеді

Орталықтың салтанатты ашылуына облыс Әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысып, мекеме қызметкерлерінің істеріне сәттілік пен табыс тіледі.

– Облыс басшылығы өңірімізде әлеуметтік сала, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін көптеп ашуға үлкен мән беріп келеді. Бүгін келушілерге есігін айқара ашып отырған «Happy dent» тіс емдеу орталығының тұсаукесері де соның бір айғағы. Емделуге келетін балаларға мұнда барлық жағдай жасалыпты, орталық бөлмелері кең әрі жарық, тіс емдеуге арналған заманауи құралдармен жабдықталған, қызметкерлері де өз ісінің нағыз мамандары екен. Сондықтан бұл емдеу мекемесінің болашағы жарқын деуге әбден болады. Емделушілердің тек қана алғысына бөленіңіздер, – деді Жақсылық Омар.

Ал «Алтын Стом» ЖШС-ның директоры Әлия Жігітаева бұл ғимарат осыдан екі жыл бұрын сатып алынып, оны тұрғын үй қорынан шығару ісі басталғанын айтады.

– 2011 жылдың маусым айында балаларға арналған тіс емдеу орталығының жобасы әзірленіп, бекітілді. Содан бері ғимаратты жөндеу, қажетті құрал-жабдықтармен қамту жұмыстары жүргізілді. Жуықта балаларға тіс емдеу қызметтерін көрсетуге рұқсат беретін лицензия алдық. Орталығымызда 16 маман жұмыс істейді. Әр емделушіге 60 минуттай уақыт кететінін ескерсек, күніне орта есеппен, 70-ке жуық балаға көмек көрсете аламыз. Бізде ортодонтикалық және хирургиялық қызмет түрлері де көрсетіледі. Барлық қызметкеріміз – жоғары кәсіби мамандар, нағыз өз ісінің шеберлері, – дейді мекеме директоры Ә.Жігітаева.
Балдырғандар енді «Happy dent-те» емделеді
Емхана қызметкерлері орталықтың барлық заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталғанын айтады. Словакия мен Швейцарияның жаңа стоматологиялық қондырғылары, оңтүстіккореялық және финляндиялық рентген аппараттары, Германия мен Ресейде жасалған залалсыздандыру саймандары емделушілерге барынша жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге септігін тигізбек. Сонымен қатар, орталықта амбулаториялық карталар жүйесі мен медициналық құжаттар мұрағаты да бар.

– Біз ғимараттың іші-сыртын тісін емдетуге келетін балалардың қажеттіліктері мен сұраныстарын ескере отырып жабдықтадық, – дейді директор Әлия Жігітаева. – Ұлкен адамдар сияқты кішкентай емделушілердің де тіс дәрігерінен қорқатыны бар. Балалардың сол қорқынышын сейілту мақсатында біз сан түрлі әдістерді қолданудамыз. Атап айтқанда, балаларға тіс емдеу кезінде мультфильм көрсететін көзілдіріктер кигізіледі. Сол арқылы балдырғанның көңілін басқа бір жаққа аударуға тырысамыз. Сонымен қатар, біздің орталықта ең заманауи, ауырғанды сездірмейтін дәрі-дәрмектер қолданылады. Жалпы, біздің басты мақсатымыз балалардың назарын денсаулық сақтау мәселелерінің маңыздылығына аудартып, оларда әсіресе, ауыз қуысының күтіміне қатысты оң пікір қалыптастыру болып табылады.
Емдеу мекемесінің салтанатты ашылуында шағын концерттік бағдарлама ұсынылып, қазақы дәстүр бойынша шашу шашылды.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button