Баланы бақылайтын қосымша әзірленеді
Бүгінгі таңда баланың қауіпсіздігі басты мәселеге айналып отыр. Әсіресе қарбаласы көп қалада қорқыныш пен үрей көп. Қаланың шет аудандары қаңғыбас иттерден қауіптенсе, қаланың іші көлік қозғалысы мен сенімсіз адамдардан қорқады. Осы мәселеге орай облыста «Ата-ана бақылауы» атты жаңа жоба қолға алынды.
Бала қауіпсіздігі үшін қолға алынып жатқан жаңа жоба цифрлық технология тетігіне байланған. Сондықтан бұл қауіпті азайтып, ата-ананың уақытына да үнем болмақ. Осыдан былай облыс орталығындағы ата-аналар балаларының мектепке келіп-кеткенін мобильді қосымша арқылы тексере алатын болады. Жаңадан қолға алынып жатқан «Ата-ана бақылауы» атты жобаға 55 мектеп қатысып отыр.
– Ата-аналар балаларының мектепке келіп-қайтқаны туралы автоматты түрде хабардар болып отырады. Осы үшін арнайы мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Жобаға қала бойынша 55 мектеп қатысуда, – деді облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Рүстем Досқожа.
Сонымен қатар биыл террористік тұрғыдан осал объектілердегі өрт қауіпсіздігін басқару жүйесіне қатысты пилоттық жоба да енгізілмек. Міне, осылай күн сайын цифрлық технологияның тетігін пайдалану мүмкіндігі артып келеді. Жоба сәтті шықса, ата-ана көңіліндегі күдіктің азаяры анық.
– Мектеп онша алыс болмағандықтан кейде баланың өзін ғана мектепке жібере саламыз. Кейде апарып тастауға уақыт та болмай қалады. Алайда бала аман барып келсе екен деп алаңдап отырасың. Қазір не түрлі жағдай болып жатыр ғой. Сол жағдайларды естігенде тіптен қорқасың. Сондықтан бұл жоба өте қажет. Баланың барып келуін онлайн бақылап отыру жұмысты оңайлата түседі, – дейді қала тұрғыны Аманкелді Базаров.
Осылайша, облыс тұрғындары да жаңа жобаның қажеттілігін айтып жатыр. Өйткені бұл – барлық ата-анаға ортақ мәселе.
Алтай Ғали-Асқар