Облыс әкімі: бағыт-бағдар

Балаларымның арманы орындалды

Облыс әкімі Даниал Ахметов Тұңғыш Президенті күні қарсаңында облыс орталығының жаңадан салынып жатқан 19-шы тұрғын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйден 30 отбасына жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыс етті. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, балалар үйінің түлектері, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді тәрбиелеп отырған жанұялар, сондай-ақ Ауған соғысының ардагерлері және басқа да әлеуметтік топ өкілдері бар.

Экологиялық жағынан таза ауданнан баспана алған жаңа қоныс иелерінің қатарында облысымыздың мақтаныштары – Паралимпиада ойындарының жеңіл атлетикадан екі дүркін чемпионы Ольга Демченко, сонымен қатар “Үміт” балалар үйінің тәрбиеленушісі, жас әнші, республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы Владислав Лоскутов та бар.

Баршаға өз ризашылығын білдірген чемпион  көршілерін жаңа қоныстарымен құттықтады.

– Әрине, өте қуаныштымыз. Тұңғыш Президент күнінде өз баспанамызды алып жатырмыз. Таза экологиялық ауданда орналасқан, сыртқы келбеті де алыстан көз тартады. Өзіме қатты ұнап тұр. Мемлекетіміздің осылай бізге қолдау білдіріп жатқанына ерекше разымыз. Бұл күн мәңгі есте қалатын болды, –деді Ольга Демченко.

– Баршаңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осындай жарқын мерекеде баспаналы болып жатқан барлық отбасыларға береке-бірлік тілеймін. Отбасын құру, болашақ ұрпақты тәрбиелеу – әрқайсымыздың басты жетістігіміз. Біздің өміріміздің мәні болған осы бір міндетті орындау басты мақсатымыз. Баршаға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Жаңа үй бақыт пен молшылыққа, қуаныш пен балалардың күлкісіне толы болсын, қоныстарыңыз құтты болсын! – деді Даниал Ахметов.

Ал балаларымның арманы енді орындалды деген төрт баланың анасы Меруерт Мұқышева қуанышын да, толқыған көңілін де жасырмады.

– Бүгін біздің жанұямыз үшін қуанышты күн. Көптен күттік. Барлығымыз да қуанып жатырмыз. Мемлекеттік бағдарлама арқасында өз пәтерімізге қол жетті. Бөлмелері жарық, кең әрі жылы екен. Қолдау көрсеткен Елбасымызға, Президентімізге, аймақ басшысы Даниал Кенжетайұлына зор алғыс білдіремін, – деді көпбалалы ана Меруерт Мұқышева.

Айта кетейік, соңғы жылдары өңірімізде тұрғын үй құрылысы айтарлықтай қарқынмен жүргізілуде. Әсіресе, кезекте тұрған көпбалалы аналарды баспанамен қамту толықтай шешімін тауып келеді. Биыл 200-ден астам отбасы «Жалдамалы тұрғын үй», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында аталған көпқабатты тұрғын үйден өз баспаналарына қол жеткізді.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button