Балаларға арналған жол картасы
Азамат Темірбеков
Самар өңірінде балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауды мақсат еткен жол картасы әзірленді.
Аудандық прокуратураның бастамасымен 2023-2025 жылдарға арналған «Қауіпсіз балалық шақ» кешенді жоспары мен жол картасы әзірленіп, бекітілді. Балалардың құқығы мен заңды мүддесінің сақталуын қамтамасыз ету және оларға қарсы қылмыстарды болдырмауды мақсат еткен қанатқақты жоба аясында әр оқушыға «Қауіпсіз бағыт» әзірленді. Оған қоса жол белгілерін орнатуды, жарықтандыруды қажет ететін қауіпті аймақтардың тізімі жасалды.
Сонымен қатар балалардың бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау кезіндегі өзін-өзі ұстау ережелері туралы жеке жадынамалар әзірленіп, қолайсыз отбасының әлеуметтік картасының макеті бекітілді. Цифрландыру аясында білім нысандарын бақылау, цифрлық бейнебақылау, күзет дабылы және дабыл жүйесімен қамтамасыз ету жоспарланды. Осылайша қажетті әлеуметтік, құқықтық көмек көрсету арқылы бүлдіршіндердің құқығын қорғауды кешенді түрде қамтамасыз ету көзделген.