Балаларды сауықтыруға күш салып келеді
Берікхан Тайжігіт
Осы бір жанарынан от шашып тұрған жас келіншекті көрген сайын есіме түрік ақыны Назым Хикметтің «Сен жанбасаң лапылдап, Мен жанбасам лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» деп келетін өлең жолдары түседі. Шынында да, әңгіме өзегі болып отырған Аягөз қаласының тұрғыны Гүлнұр Ертуғанқызы жайлы көп мағлұмат айтуға болады.
Кейіпкеріміз 1991 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Жастайынан алғыр, сұңғыла болып өскен ол мектепте де алдыңғы қатарда болды. Гүлнұр Ертуғанқызы тек ата-анасының ғана емес, өзінің ұстаздары мен ағайын-туғандарының да үмітін ақтап, Аягөз қалалық көпсалалы қазақ мектебін үздік аттестатпен тәмамдады. Оқу орнында қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысқан ол әлі де сол әдетінен жаңылған жоқ. Өзі де әзіл-шыны аралас:
– Туған-туыстарым мен абысын-ажын, жеңгелерім мені көрсе болды «Гүлнұр, тағы қандай іс бастадың? Әйтеуір, бір тыным таппайсың! Сенің күш-жігеріңді бізге берсе ғой, шіркін!» деп риза болып, қалжыңдап жатады, – дейді.
Жалпы, мінезі ашық, адам баласын жат санамайтын жанның өз ортасына да сыйлы, үлкен құрметке ие болары анық қой. Ата-анасы да талапты қызға өнегелі тәлім-тәрбие бере білді. Гүлнұр Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін үздік дипломға бітірді. Жан жары Мұрат Оспановпен осынау «Ғашықтар елі» атанған Аягөзде табысып, шаңырақ көтерді. Бірнеше жыл Ақтау, Атырау, Кереку, Семей қалаларының дәмін татқан екі жас туған жерге оралғалы да көп уақыт өте қойған жоқ. Қазіргі күні олардың Гүлжан, Еркежан атты екі қызы мен Омархан, Әлихан атты екі ұлы бар.
– Туған жерім Аягөзге келіп, қоныс тепкен соң жас сәбилердің арасында туабітті науқас балалардың барын байқадым. Бұл мүмкін қырық жыл жерімізді улап, радиация шашып тұрған Семей полигонының зардабы ма, кім білсін?!, –дейді Гүлнұр Ертуғанқызы, – Жанымдағы жолдасым Мұратпен ақылдаса келіп, балаларға арналған емдік-сауықтыру массаж орталығын аштық. Шынын айту керек, бұл қадамға көп ойланып, ұзақ толғанып бардым. Алдымен Алматыдағы медициналық колледжге құжаттарымды тапсырып, фельдшер мамандығын алып шықтым. Әрине, адам өмірі ойыншық емес, оны жақсы түсіндім. Сондықтан осындай ізгілікті қадам жасауыма тура келді. Сосын бірер жылдан кейін Шымкент қаласындағы атақты «Assalam Sabi» орталығында Шахзода Ефратқызынан, Алматыдағы «Бэби массаж» орталығындағы Лариса Орынбасарқызынан білім алдым. Ол кісілер өз бойларында барын аянып қалмады десем де болады.
Қазір Аягөз қаласындағы орталығымыз «Baby Massage Ayagoz» деп аталады. Бұл жерде екі жастан 12 жасқа дейінгі балаларға массаж жасап, сал ауруы, мойынның қисықтығы, дисплазия, гипертонус, гипотонус, кіндік грыжасы т.б. ауруларды емдейміз. Осы жылдар ішінде біршама жандардың ыстық ықыласы мен алғыс сезімдерін арқаладық.
Гүлнұр мемлекет тарапынан «Бизнес-Бастау» бағдарламасының грантын алып, арман болған орталығын ашқанын, қазір күніне он шақты бала қабылдайтынын тілге тиек етті.
«Baby Massage Ayagoz» массаж орталығындағы 5-6 жылдың ішінде екі мыңға тарта балаға емдік қызмет көрсеткен өжет қыз осының бәрін сауапты іс деп бағалайды екен.
– Мемлекетіміздің басты байлығы да адам ғой, – дейді ол. – Балалар біздің жарқын болашағымыз екені анық. Баршамыздың арманымыз – солардың дендері сау, елімізді одан әрі өркендететін жалынды болып өсуі.
Мәселен, биыл қыркүйек айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында халық денсаулығын жақсартудың жолдары жайлы айтып өткен болатын. Ол: «Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді. Сондықтан аса маңызды мәселелерді ретке келтіруге баса мән берген жөн. Соның бірі – қаржыландыру жүйесі. Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр.
Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті.
Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын.
Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн.
Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет» деп атап көрсеткен-ді.
Шынында да, Гүлнұр Ертуғанқызының арманы асқақ. Ең бастысы, мемлекет тарапынан ана мен бала денсаулығына, Семей полигонының құрбандарына айналған өңір халқына жіті назар аударып, тиісті жеңілдіктер берілсе дейді.
Аягөз ауданы